Белгілі кәсіпкер, меценат Молдалы Қолдасов – өте білімді, парасатты, Атымтай жомарт жан. Өзінен бұрын өзгелердің жақсылығын айтуға, өзгенің жетістігіне қуануға дайын тұратын адам. Таяуда мені бір үйге ертіп барды. «Кластасым. Өте қайырымды, достыққа да, адамдыққа да адал жан. Тағдыры қиындықпен өрілсе де, өмірін ізгілікпен өткізіп келе жатқан абзал адам. Сол туралы жазшы, қалқам» деп өтінді. Молдалы көке ертіп барып, жолықтырған, жасы өзімен қабилас сыныптасы, 94 жастағы Сәдір атамен танысудың сәті осылай түсті.
Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халық аз болған жоқ. Сәдір Хасанов Грузия жерінде туылып, тағдыр талайымен Қазақстанға депортацияланған әзірбайжан ұлтының бір өкілі. Дегенмен, қазақ топырағында өсіп, өніп, тамырын тереңге жайған ол Қазақстанды туған Отанына балайды. Кәріліктің ауылына молынан кірсе де жады да, сөзі де шегедей қария туған жерінен бір түнде жер аударылған сонаау ауыр күндерді жаңылмай еске алады.
«1944 жылы қарашаның 14-інен 15-іне қараған түні біз үшін аспаннан жай түскендей жағдай болды. Мылтық асынған әскери киімдегі адамдар келіп: «Тез арада жиналыңдар. Екі сағат қана уақыт береміз. Одан кешіккендер атыласыңдар!» деп шұғыл қоныс аударылатынмызды мәлімдеді. Солай алды-артымызға қаратпай бір түнде депортациялады. Біздің тұрған жеріміз Грузияның Аспинза ауданына қарасты Тазақой ауылы еді. Бұл өңірден 46 мың адам соғысқа аттанған екен. Олардың әке-шеше, бала-шағасын түгелдей жер аударды», – деп бастады әңгімесін Сәдір Хасанов ата.
Мен ол кезде жасым 12-ге қараған бала едім. Бірақ, тағдырдың сынағы бізді тым ерте есейтті. Бала болсам да сол бір қиямет күндердің елесі әлі күнге көз алдымда. Бізді мал таситын алқа-салқа вагондарға тоғытты. Бір вагонға топырлатып, алты-сегіз отбасының адамдарын тиеді. Мал, мүлік бәрі қалды. Ешнәрсе алдырмады. Далада қақаған қыс. Есік, терезесі сынық, салдырлап, сақырлаған сол поезд бізді белгісіз бағытқа әкетіп бара жатты.
Тарихи деректерге сүйенсек, жер аударылған 86 мың түркі халықтарының 40 мыңы Өзбекстанға, 30 мыңы Қазақстанға, 16 мыңы Қырғызстанға жіберілген. Депортация кезінде олардан 17 мың адам көз жұмыпты. Бір айға жуық ұзақ та азапты жол кешіп, аман қалғандарымызды 5 желтоқсан күні бір стансаға әкеліп түсірді. Бұл Қазақстанның жері екен. Шымкенттің маңындағы Қызылсай деген разьезд. Қызылсайға келген соң, вагондарды ашып, өліктерді тастады. Разьезд тола арбалар. Осы жерден бізді өгіз арба, ат арбамен ауыл ауылға таратты.
Бізге Жалтақ деген арбакеш келді де, «қайда барасыңдар?» деді. Әкем «білмейміз» деді. «Қызыл Октябрь колхозына барасың ба, ол жерде су да бар, тоғай да бар» деді. «Мақұл» деді әкем. Арбаға жүгімізді артып жатқанда Махамад деген кісі әкеме «сен қайда барсаң, мен де сонда барамын» деп жабысты. Оларға ағасы мен інісі ілесті. Одан соң тағы бір-екі отбасы қосылып, 45 шақырым жердегі «Қызыл Октябрь» колхозына жол тарттық. Жолда небір қиындықты көріп, сақырлаған аязда өгіз арбамен қар кешіп, екі күн дегенде «Қызыл Октябрьге» табан тіредік.
Ошақбай ата деген ақсақал қасына басқа да қарияларды қосып, бізді күтіп отыр екен. «Мыналар мұсылман екен, балалары өліп қалмасын, быламық болса да тауып бер, сен мынаны, сен ананы үйіңе апар» деп бізді үйді-үйге бөліп берді. Айналдырған төрт-бес түтін. Сонда бір апа (атын ұмыттым) бізге, балаларға бір-бір құрттан ұсынды. Сол құртты сорып, жан шақырдық. Содан бері талай құрт жеп жүрміз ғой. Бірақ сол құрттың дәмі әлі күнге таңдайымнан кетпейді. Бұл ауылға төрт шаңырақтың мүшелері келгенбіз. Біздің отбасының өзінде тоғыз адам бар. Бізді панасына алған қазақтар ауыздарынан жырып, барын бөлісіп, быламық болса да істеп беріп, аштық пен азаптан титықтаған жанымызды аман алып қалды.
«Қызыл Октябрь» колхозына келгеннен кейін бір жылдан соң көшіп келген әр үйге 40 сотықтан жер берді. Ошақбай ата, Жайлаубай ата, Олжай ата, Байшуақ ата, Мыңбай ата, Асанбай ата жүгері алдырып, суға салып өндірді. Шамалы өскеннен соң оны бір-бірлеп ектірді. Сөйтті де оның басына күндіз түні кезекшілікке адам қойып, қарауылдап тұрды. Өсіп, жетілмей жатып ұрлап жемесін дегені екен. Аштық деген жаман ғой. Үлкен ағам бригадир еді. Түнімен ұйықтамайтын. Сол жүгеріні суғарып, арам шөбін шауып, өсірдік. Бір жүгері 10-12 собықтан салатын. Жер тың еді ғой, шіркін. Қазір бір екі ғана собық салады. Еккен өніміміз дүмбіл болғанда колхоз бастығы «обал ғой, жесін біраз» деп рұқсат беріп, әр үйдің қазанында дүмбіл қайнап жатты. Пісіп, жинап алған соң қыс бойы жүгеріні майдалап, азық қылып шықтық.
Бір жылға жетпей көктемде колхоз бастығы Есімбеков Жүрсінбек бізді, жұмысқа жарайтындарды егіске шығарып, аздап аздап бидай берді. Жүрсінбектен кейін Тәжітаев Сейіл колхоз бастығы болды. Бұл кісілердің көп қамқорлығын көрдік. Ересек тартқанымызбен, оқымай қалған едік. Мен ол кезде 12 жаста болатынмын. Соған қарамастан ескі мешітке орналасқан жеті жылдық мектептің директоры Әлмұханов Әбдуәлі «жұмыс та істеңдер, сабақ та оқыңдар» деп, жасымыз әркелкі болса да, мектепке алды. Мектепке барғанда қазақ балалары бізді бұрыннан бірге оқыған сыныптастарындай жатсынбай, жақсы қабылдады. Түске дейін сабақ оқып, түс қайта арбаға ат жегіп, сабан, шөп тасимыз. Кешкі сағат онға дейін осылай жұмыс істейтінбіз. Бір екі жыл оқығаннан кейін жұмысты қойдық.
Мен қазақ класында оқып, мектепті Күміс медальмен бітірдім. Арыстанов Кеңес Алтын медальға бітірді. Одан соң Алматы зооветеринарлық институтына оқуға түстім.
1953 жылы әкем де, шешем де қайтыс болды. Біз інім екеуміз жетім қалдық. Киім алуға, күнкөріске ақша жоқ. Мен институтта күреспен айналысып. Қазақстанның құрама командасына өттім. Қазақстанның чемпионы болдым. Қытайға күреске барғанмын. Менің ұлтымды қазақ деп жазды. Жеңіл салмақта Авсаттаров деген татар бар еді, оны да қазақ деп жазды. Қасымбеков Төребай деген жігіт болды, республиканың үш мәрте чемпионы. Одақтың күміс жүлдегері. Ол ауыр салмақта күресетін. Мен орта салмақтамын. Құрама командамен соңғы күреске шыққанда ауыр салмақтағы Төребайға қиын бәсекелес кездесті. «Сәдір, мен мынаны жыға алмаймын. Басы үлкен. Басын өкпеме тіреп алып, демалдырмай қояды. Сен қалайда жеңуің керек» деді. Құрамаға жеңіс керек. Мен кілемге шықтым. Жанкүйерлер дем беріп айқайлап тұр. Бес-алты минут өткенде, «Қажымұқанның әруағы қолдасын!» деп айқайлаған дауысты естідім. Сол маған дем берді ме, қарсыласымды атып ұрдым. Сонымен командалық жарыста бірінші орынды иелендік. Жеңісіміз үшін сыйлыққа ақша берді. Оған киім-кешек алдық. Осылайша, оқып жүріп, өзімізді-өзіміз қамтамасыз еттік. Құрама командада болғандықтан күніне 2 сом 30 тиынның талонын беретін. Ал, бір күнге 80 тиынға тамақтануға болатын. Соның арқасында үш жыл талон алып, ақшасына тамақтанып та, киім-кешек те алып, оқуымды да жақсы үлгердім. Оқу бітірген соң ағайын-туыстарым жәрдемдесіп, жұмысқа орналастым. Ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім бастығы қызметін атқардым. Әйелім де ветеринар дәрігер. Бір курста оқыдық. Есімі Халимат. Ұлты балкар. Техникумды үздік бітіріп, институтқа емтихансыз түскен. Мен де күміс медальмен емтихансыз қабылданғанмын. Байқап қарасам, ақылды қыз секілді. Жақсы қызға бәрі құмар емес пе, оған көз салғандар көп болды.
Бір күні оқу шаруашылығынан келе жатсам, көшеде екі жігіт оны ұстап алып, тиісіп тұр екен. Жандарына жақын келдім де, екеуін әбден сабадым. «Бұдан кейін бұл қызға жақындайтын болсаңдар, мойындарыңды суырып аламын» дедім. Содан ол қыздың қасына ешкім жоламайтын болды. Ол институтты үздік бағамен бітірді. Оны сонда жұмысқа алып қалмақшы еді. Маған бола бас тартты. Екеуміз үйлендік. Ұрпақ өрбіттік. Құдайға шүкір, ұлды, қызды, немере, шөберелі болдық. Осындай күнге аман есен жеткеніміз –аш-жалаңаш келген сонаау қиямет күнде қазақ бауырларымыздың құшағын ашып, жылытқанының, бір үзім нанды өз ауыздарынан жырып бергендігінің арқасы. Ол жақсылықты қалай ұмытарсың? Сол пейілдері үшін қазақ халқына басым жерге жеткенше алғыс айтумен келемін.
2018 жылы бұрынғы Қазақстан кинотетрының алдында қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиын болды. 22 этнос орталықтарының өкілдері қатысқан сол жиында маған сөз берді. Мен мінберге Ошақбай ата, Жайлаубай ата, Сейіл ата, Жүрсінбек көкенің портреттерін көтеріп шықтым. Ол кісілердің суреттерін үлкейтіп, төрімде сақтап қойғанмын. «Міне, біз осы кісілердің арқасында аман қалғанбыз» дедім. Қазақстан – түркі халқының атажұрты. Тұрғыт Өзал самолеттен түскенде Қазақ жерінің топырағын сүйген. Қазақстан біздің жүрегіміз. Менің Қазақстаным міне, мына отырған Молданым!—деп Сәдір ата сыныптасы Молдалы көкені иығынан қапсыра құшақтап, өзіне тартты.
Міне, қызым, бұл бір менің отбасыма ғана қатысты тағдыр. Заманның дауылы біздің өмірімізді қазақ жеріне әкеліп тіреген еді. Біз осы елде тамырымызды жайып, қазақ деген дархан халықтың арқасында жетіліп, өстік. Мың алғыс қазақ еліне! 80 жылдан бері достығымызға сызат түспей келе жатқан бала күннен бергі серігім, бір сыныпта оқып, бауырыма айналып кеткен мына Молдалым, Молданым мен үшін бүкіл қазақ жұртының жиынтық бейнесі! Молданымнан әр қазақтың кең жүрегін, әр қазақтың таза тілегін көремін. Ол біздің кластың көшбасшысы болды. Әлі де солай. Екеуміз де мектепті Күміс медальмен аяқтадық. 40-тан аса бала бірге оқыған едік. Мектепті бітіргеніміздің 10 жылдығын, одан соң 50, 60 жылдығын өткіздік. Сол кездесудің бәрін ұйымдастырған осы Молдан. Мен оның көмекшісі болдым. Мұғалімдердің бәріне алтын сағат сыйлағанбыз. Одан соң 65 жылдықта кездестік. Қазір қатарымыз сиреп, үш төртеуіміз ғана қалдық. Днепродзержинскіде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыған Аманәлі Әбдіраманов та біздің сыныптасымыз. Әлі араласып келеміз. Әлі де басымызды қосып жүретін мына Молданым. Достықтың, адалдықтың, бауырмалдықтың үлгісін іздесең, осыдан ақ табарсың, қызым!—деді өмір кемесі 100-дің жүзіне бет алған Сәдір ата.
Сөз реті келгенде айта кетейін, Сәдір Хасенов те, ол кісінің таңдап алған асыл жары Халимат Хасенова апамыз да 2010 жылы жарық көрген «Оңтүстіктің зиялы ардагерлері» кітабына енген жандар. Ия, зиялы десе, зиялы. Сәдір ата ветеринария саласында абыройлы еңбек етіп, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім бастығы қызметін атқарған. Жоғары партия мектебін тәмамдаған.. Ахыска Түркілері Турикема халқының тарихы мен әдет ғұрыптары туралы көлемді кітап жазған тарихшы, жазушы. «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері.
Халимат Билялқызы да Түлкібас, Сайрам аудандарында, облыстық мал дәрігерлік зертханасында басшылық қызметтер атқарған, беделді жан болған. Ол киіктің құтыру ауырын зертханада алғаш анықтаған вирусолог.
P.S.
Мен жұптары жазылмай, бірін бірі биіктеткен, қос шынардай Сәдір Хасанов пен Молдалы Қолдасов қарияларға сүйсіне қарап, толғана қоштастым. Арада айға жуық уақыт өтіп, Сәдір атаның саулығын сұрап қайтпаққа үйіне соққанмын. Қария мені көзі жасаурап қарсы алды. Күні кеше ғана «Менің бар жағдайымды жасап, жанымды нұрландыратын ең асылым Халиматым» деп аузынан тастамай отырған, 68 жыл отандасқан жан жары Халимат апа 88 жасқа қараған шағында өмірден озыпты. «Мен онымен бақытты едім. Бетіме ешқашан жел болып тимеген, атымды да атамай, «әкесі», «атасы» деп аялап өткен ең аяулы жанды жоғалту ауыр болып тұр. Өмір деген осы екен ғой. Бір кем дүние дә, қарағым, деп терең күрсінді. Сосын: Солай болса да, қамыққан жанымды жұбатып, деміл деміл жанымнан табылып жүрген Молданым, Аманәлі секілді достарым, ұрпағым аман болсын, ел жұртым, бүтін қазағым аман болсын деп тілеймін, деді еңсесін түзеп.
Тағдырлы, тағлымды ғұмыр иесінің тілегін мен де қоштадым.
Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі