Редакция таңдауы

Тарих пен мәдениетті тоғыстырған тағылымды жиын

Өткен аптада Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні аясында маңызды мәдени оқиғалардың бірі өтті. Шымқаланың шежірелі өткені мен жарқын болашағы саналатын тарихи кешенді дамытуға арналған дөңгелек үстел басында түрлі ой-пікір ортаға салынды.

«Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК-ның бастамасымен «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде «Шым қала» тарихи-мәдени кешенін дамыту мүмкіндіктері мен мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу мен насихаттау ісіне серпін беру, кешеннің туристік әлеуетін арттыру бағытындағы ұсыныстарды тыңдауға арналды.

Жиынның шымылдығы жуырда жарық көрген «Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» кітабының тұсаукесерімен түрілді. Бұл еңбек – Шымкент қаласының тарихи келбетін ашып, археологиялық жәдігерлерін жүйелеуге бағытталған алғашқы ауқымды ғылыми жинақтардың бірі. Тұсаукесер рәсімін Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова мен танымал археолог, сала ардагері А.Грищенко бірге өткізді. Айта кету керек, жиын қаламызда дәстүрлі түрде өтетін «Мәртебелі кітап» апталығы және «Ұлттық кітап күнімен» орайласа ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде қалалық рухани өмірдің сабақтастығы мен мәдени іс-шаралардың үйлесімділігін көрсетті.

Дөңгелек үстел жұмысына еліміздің белгілі ғалымдары мен сала мамандары қатысты. Атап айтқанда, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Б.Байтанаев, археолог А.Грищенко, реставратор-сәулетші Д.Сорокин, археология маманы А.АЕржігітов, тарих ғылымдарының кандидаты О.Байтанаев сынды мамандар өз ойларымен, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті. Олар «Шым қала» кешенінің аумағында жүргізілген археологиялық зерттеулер мен табылған құнды жәдігерлердің тарихтағы орны туралы кеңінен тоқталып, мәдениет ескерткіштерін сақтау және қорғау мәселелерін сөз етті. Айрықша қызығушылық тудырған жайт – реставратор-сәулетші Д.Сорокиннің б.з.д. IV-I ғасырларға тән зороастризм дәуірінің ғибадатханасы туралы онлайн презентациясы болды. Ғалым бұл ескерткіштің мәдени және рухани маңызын айқындай отырып, кешеннің одан әрі дамуына ықпал ететін ғылыми негіздерді атап өтті.

Жиында сөз алған Мөлдір Оңдасынова «Былтыр жарық көрген «Шымкент қаласы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағын» әзірлеу барысында бұрын ғылыми айналымда болмаған, тың деректер мен археология ескерткіштері анықталды. Мұндай жан-жақты әрі бай ақпаратты қамтыған еңбек бұрын-соңды болмаған ғылыми жетістік деп білеміз. Бұл жинақ – зерттеушілер мен тарихшылар үшін құнды құралға айналып отыр», деп атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында «Шым қала» тарихи-мәдени кешенін ашық аспан астындағы музей ретінде қалыптастыру, оның инфрақұрылымын жетілдіру, жастар арасында тарихи сананы нығайту секілді өзекті тақырыптар кеңінен қозғалды. Сондықтан мұндай кездесу Шымкент қаласының бай тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау жолында жасалған маңызды қадам болмақ. Болашақта «Шым қала» кешенінің туристік, ғылыми және тәрбиелік бағыттағы әлеуетін толық жүзеге асыру – қала мәдениетінің өркендеуіне тың серпін берері сөзсіз.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар