Анасын аңсаған балалар. Жетімдер үйінде тоғысқан түрлі тағдырлар. Шексіз арманға қол созған, ертегі тыңдап көрмеген мейірімге мұқтаж балғындар. Көрерменнің көзіне жас тұндырған туынды… Осының бәрі Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрындағы премьера.
Башқұртстанның Халық жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың «Тастамашы Ана» драмасы көрерменге жол тартты. Бұл шығарма күллі әлемдегі шындықты бүкпесіз баяндады. Қойылымға дейін баспасөз конференциясы болды. Бұл кездесуге шығарманының авторы Айгиз Баймұхаметов, туындыны қазақ тіліне аударған белгілі аудармашы, жазушы Саят Қамшыгер, режиссер Әли Бидахмет және театр басшылығы қатысты.
Қойылым бұған дейін еліміздің бірнеше театрларында сахналанған. Шығарманың шынайылығы сол, көрерменнің жүрегіне бірден жол табады. Ал, режиссер Әли Бидахмет туындыны сол күйінде ұсынғанымен, кейбір тұстарын қазақы менталитетке сай өзгерткенін, өзгерістер автордың келісімімен болғанын айтты.
– Бұл қойылым кездейсоқ таңдалған жоқ. Жетімдік – әлемдегі өткір мәселелердің бірі. Әлі де өзектілігін жоймай отыр. Бұл туралы жастармен жиі пікірлескен жөн. Қоғамда жанды ауыртар жағдайлар көп. Қазіргі жастар үшін нәрестеден бас тарту қалыпты құбылысқа айналып барады. Айгиз Баймұхаметовтың шығармасы кез келген оқырманның санасына жететіндей түсінікті тілмен жазылған. Дайындыққа жалпы 2 ай уақыт кетті. Актерлердің де көңілінен шыққан туынды – уақытпен санаспайды. Тіпті, таңға дейін дайындық жасап, шығармадан ләззат алып ойнады. Бұған себеп автордың өзі ата-анасынан ерте айырылып, балалар үйінде өскен, ондағы сан қилы тағдыр иелерінің өмірін көзімен көрген, – дейді режиссер.
Бұл кітап Башқұртстанда жарыққа шыққан соң, ел басшыларының қолына тиеді. Кітаптағы оқиғамен танысқан билік өкілдері тез арада сол балалар үйінің тәрбиешісінің үстінен іс қозғайды. Ал, көп ұзамай балалар үйін жабады. Өйткені, мұндағы тағдырлар тым ерте сөнген еді. Тәрбиешінің жауыздығы балалардың өліміне әкелген екен.
– Қойылымға негіз болған шығармам бірнеше тілге аударылды. 23 жасымда жазған шығарманың басты кейіпкері Ілиястың прототипі – өзім. Балалар үйінде көрген, сезінгенімді баяндаймын. Жетімдер саны азайса, тастанды балалар болмаса екен деп армандаймын. Өзім тәрбиеленген балалар үйіндегі 100-ге жуық тастандылардың 90-ының ата-аналары тірі болатын. Қойылым арқылы оқырманның санасына адам баласы бір-біріне қамқор болуы керек деген ойды сіңіргім келді. Сондықтан да болар, театр сахналарында қойылып жүрген пьесса оқырманның жақсы бағасына ие болып жүр,- дейді Айгиз Баймұхаметов.
Бұл шығарма осыған дейін Башқұрт, Татар Бурят мемлекеттік театрларында сахналанған. Елімізде Павлодар, Семей облыстары мен Жетісай ауданы өнерпаздары шығарманы көпшілікке ұсынған. Шығарманы қазақ тіліне аударған жазушы, аудармашы Саят Қамшыгер, кітап шыққаннан кейін оқырмандар өте көбейіп бұл кітапты қазақ тіліне аудардық дейді.
«Тастамашы, ана!» спектаклі 2 бөлімнен тұрады. Ілиястың рөлін – театр әртісі Бақытжан Абдухаликов сомдады. Көктемі гүлдемей жатып, қара бұлт торлаған Ілиястың балалық шағы суық уақыттың құрсауында қалады. Ана махаббатына зәру болған ол, балалығы әлі басылмаған тұста әкесінен айрылады. Ол өзінің қос қарындасымен тағдырдың дегеніне көнеді. Әке жылуы сөнген сәттен бастап, өмір оны сынақтың шексіз жартасына ұрды. Жетімхананың тас қабырғалары әділетсіздік пен қатігездіктің суық демін сақтап, балғын жүректе өшпес жара қалдырады. Бұл сезімдерді актер дөп жеткізді.
Сахнаға сән, көрерменнің жүрегіне жігер беретін құдіретті сөз әр адамның санасына сәулелі шындықты сіңіреді. Анасы бар адам шексіз бақыттың құшағындағы жан. Бір сәт ойланайықшы… біз барды бағалай білдік бе?
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ