Редакция таңдауы

«Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп»

Қазақстан халқының басты байлығы – бірлік. Еліміз бүгінге дейін қандай жетістіктерге жетсе де, қандай биіктерді бағындырса да, соның барлығының негізінде халықтың ынтымақ-бірлігі жатыр. Осынау қасиетті құндылықты сақтай білсек қана байырғы қазақ жерінде тарихи тағдыр тоғыстырған жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері жарасымды өмір сүріп, жарқын болашаққа қарай қадам баса аламыз.

Қазақстанда барлық этнос өкілдерінің өз тілі мен мәдениетін сақтауына, ана тілінде білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Басқасын айтпағанда, елімізде 9 тілде ұлттық мектептердің жұмыс істеп тұрғаны – осы сөзіміздің айғағы. Соның нәтижесінде еліміздегі этносаралық қарым-қатынастар өзара құрмет пен толеранттылыққа құрылған. Бұған биыл құрылғанына 30 жыл толып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының да үлкен үлес қосқаны шындық.

Ассамблеяның 30 жылдығы – бүкіл ел үшін тарихи оқиға. Ассамблея осы уақыт ішінде қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтып, бірлік пен ынтымақтың символына айналды. Этносаралық қатынастар саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Бұл жайында Ассамблеясының 34-ші сессиясына қатысқан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

Мемлекет басшысының «Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ. Береке-бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай» деген сөзінің астарында терең мән жатқаны анық.

Ел Президентінің сөзінше, кейінгі жылдары жүргізілген реформалар институт қызметіне жаңа серпін берді. Еліміздің әр өңіріндегі ассамблея жұмысы жанданып, одан әрі дами түсті. Мәселен, Шымкент қаласында 16 этно-мәдени бірлестік бүгінге дейін ілкімді істерді атқарған. Ассамблея жанындағы әрбір құрылым 33-інші сессиясының шешімдерін іске асыру мақсатында «Адал азамат», «Салауатты сана», «Жомарт жан», «Ассамблея айнасы», «Ассамблея. Парламент. Мәслихаттар» және тағы басқа жобалар аясында кешенді жұмыстарды жүзеге асырды. Соның ішінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар мен республикалық жобаларды жүзеге асырды.

Жыл сайын елорда төрінде ұйымдастырылатын сессияға биыл Шымкент қаласынан этно-мәдени бірлестік төрағалары және қала әкімдігінің өкілдері қатысты. Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған делегаттар ҚХА төрағасы Қ.Тоқаевтың жетекшілігімен өткен жиында айтылған байыпты бастамалар мен тиянақты тұжырымдарды тыңдап, ішкі татулық жолында атқарылуы тиіс бірқатар тапсырмалар арқалап қайтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі елдің ішкі тұрақтылығы мен бірлігін сақтау жолындағы маңызды стратегиялық бағдарымен танысты. Президент баяндамасында Ассамблеяның 30 жылдық тарихын бағамдай отырып, оның ел тәуелсіздігімен бірге қалыптасып, мемлекеттілікке қызмет еткен қоғамдық институт ретінде рөлін ерекше атап өткен еді. Бұл сөз Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің бірегей үлгісі орныққанын тағы бір дәлелдеді. Шымкент қаласынан XXXIV сессияға қатысқан бірнеше қатысушылардан пікір сұраған едік. Президент тапсырмасына сәйкес атқарылатын жоспарлардың ұтымды болатынын айтты. Мәселен, ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев сессияның маңызына тоқталды.

– «ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізеді» деген Президент этносаралық татулықты сақтау жолында Ассамблея институты атқарып отырған қызметті жоғары бағалады. Бүгінгідей аумалы-төкпелі тұста этносаралық бірлікке сызат түсірмеу жайын қаузады. Елдің берекелі бірлігі жолындағы игі іске баршамызды жұмылуды міндеттеді. Ассамблея атқарар ауқымды істер мен байсалды бастамалар айқындалған жиында аймақтардағы жұмыстарды жандандыру, ақпараттық алаңда бірлік мен келісім идеяларын дәріптеу, «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатын жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнердің әлеуетін толық пайдалану сынды түрлі міндеттер жүктеді. Біз мынаны ұғуымыз керек: Бүгінде елімізде өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған этнос өкілдері қалды. Біразы тарихи отанына қоныс аударды. Осы орайда Қазақстанда тұратын, осы елді, осы жерді туған елім деп білетін халықты бөлу емес, біріктіруді мақсат тұтқан ауқымды жұмысқа әрбіріміз лайықты үлес қосуымыз қажет. Үнемі жадымда жүретін Күлтегін бабамыздың: «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп» дегені сөзі бар. Біз еліміздің өсіп-өркендегенін, дамығанын қаласақ, бірлігімізді нәтижелі жұмыспен дәлелдеп, ішкі ауызбірлігіміз бен ынтымағымызды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет, – деді Орынбай Рахманбердиев.

Президент жастар саясатына, әсіресе, «Адал азамат» бағдарламасына және «Ассамблея жастары» қозғалысына ерекше мән беру тиіс екенін баса айтты. Бұл – Қазақстан болашағының жауапкершілігі жастардың иығында екенін айқын көрсетеді. Сондай-ақ, Ассамблея құрылымындағы жастар ұйымдарының ұлттық бірегейлік пен азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуде атқарып отырған рөлін арттырады. Шымкент қаласы ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, корей этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пактың айтуынша, бұл сессияда айтылған тұшымды ойлар көп ұлтты мемлекеттің алдағы уақыттағы тыныштығы мен ынтымағын адан әрі дамыта түспек.

– «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы еліміздің тәуелсіздік тарихындағы шын мәнінде маңызды белес болды. Ассамблея 1995 жылы құрылып, 30 жыл ішінде өзінің қоғамдық институт ретінде ұлтаралық келісімнің іргетасы екенін дәлелдеді. Сондай-ақ, ол мемлекет тарапынан дұрыс саясат жүргізілген жағдайда көпэтностылық деген кемшілік емес, керісінше үлкен артықшылық екенін әлемге дәлелдеді. Бұған қоса, осы жолғы сессия әлемнің қатты өзгергенін көрсетті, енді Ассамблея алдына қойылатын міндеттерді алдағы 30 жылға бейімдеу қажет. Ең алдымен, бұл – ұлтаралық келісімді одан әрі нығайту. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жұмысына жастарды көбірек тарту, ақпараттық арандатуларға қарсы тұру, сондай-ақ өңірлерде жұмысты жандандыру қажеттігін ерекше атап өтті. 2027 жылы корейлердің Қазақстанға депортацияланғанына 90 жыл толады. Қазақ халқының мейірімділігі мен адамгершілігінің арқасында бүгінде корейлердің бесінші ұрпағы Қазақстанды өз Отаны деп мақтанышпен айтады. Осы үшін қазақ халқына шексіз алғысымды білдіремін. Сессияда Ассамблеяның ұлтаралық келісім тұрғысындағы мемлекеттік саясатты тұрақтандыру институты ретіндегі жұмысына жаңа серпін берілді. Сондай-ақ, 1 мамыр – біз үшін ең қастерлі мерекелердің бірі. Өйткені бірлік бар жерде – береке бар, татулық бар жерде – тұрақтылық пен даму бар. Қазақстан – әр этностың құқығы мен мәдениетін құрметтейтін бейбіт ел. Осы қасиетті топырақта өмір сүріп жатқан барша ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы мен өзара сыйластығы – еліміздің басты байлығы. Корей этносы атынан қазақ халқына ерекше алғысымды білдіремін. Қиын-қыстау заманда бауырына басып, мейірім көрсеткен қазақ жұртының адамгершілігі біз үшін мәңгілік ұмытылмас құндылық. Бүгінде корей диаспорасы елдің әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосып, әрдайым мемлекеттік тіл мен ұлттық дәстүрлерді құрметтейді. Біз бірліктің арқасында талай белесті бағындырып, бейбіт өмір сүріп келеміз. Осы мерекелі күні әр отбасыға амандық, татулық пен молшылық тілеймін. Еліміз тыныш, халқымыз берекелі болсын, – деп ізгі тілегін жеткізді Роза Пак.

Бұл күні ассамблеяда белсенді жұмыс атқарған азаматтар «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалімен наградталды. Соның бірі – Шымкент қаласы өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев. Елордада өткен маңызды жиын тек еліміз үшін ғана емес мемлекетаралық байланыстың да нығаюына себеп болатынын айтты.

– Біз, қазақстандықтар – ең бақытты халықпыз. Себебі, 130-дан аса түрлі этнос өкілі қазақтың қасиетті қарашаңырағының астында біртұтас ел болып достықта, бейбітшілікте тату-тәтті өмір сүріп келеді. «Қайда барасың?» деп бақтан сұраса, «Ынтымағы жарасқан елге барамын!» деген екен. Сол айтқандай, еліміздің іргесі берік болуы ажырамас ынтымағына тікелей байланысты. Түркітілдес халық болғандықтан, біздің мәдениетіміз де, тіліміз де мемлекет құраушы қазақ халқына ұқсас. Әрдайым татулық пен түсіністікте болуымызға бұл да бір себеп деп ойлаймын. Құрметті жерлестер, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! Халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін. Еліміз бен жерімізде әрқашан бейбітшілік пен ырыс-береке орнасын, мемлекетіміздің іргесі бекіп, шаңырағы асқақтай беруін тілейміз. Себебі, Отанның отбасынан басталатынын ескерсек, әрбір отбасы ел келешегінің жарқын болуына негіз қалайды, – дейді ол.

Жалпы, бірлік пен татулықты ту етіп келе жатқан Ассамблеяға биыл –30 жыл. Осы жылдар аралығында көп ұлтты мемлекеттің бір шаңырақ астында ауызбіршілікте тұруы – ең басты жетістік. Ассамблеяның XXXIV сессиясында айтылған тапсырмалар алдағы уақытта жүйелі түрде орындалады деп сенеміз.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар