Редакция таңдауы

Таза қала – мәдениетті қоғамның айнасы

«Таза Қазақстан» бағдарламасы – елімізді экологиялық мәдениетін қалыптастыруға арналған ауқымды бастама. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынып, ел тұрғындарын табиғатты, қоршаған ортаны қорғауға және таза ұстауға шақыруда.

Мәселен, осы аптада Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды тазалық шаралары өтті. Оған қала тұрғындары белсенді түрде қатысып, табиғатқа деген жанашырлығын, туған жерге деген сүйіспеншілігін паш етті. Жалпы, Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы жалпыхалықтық сипат алып келеді. Бұл жолы да барлық аудандар, мекемелер мен ұйымдар белсене қатысып, тазалық шаралар жоғары деңгейде өтті. Атап айтқанда, қаладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран аудандарында сенбіліктер ұйымдастырылып, орталық көшелер мен аулалар тазартылып, ағаштар әктеліп, көпқабатты үйлердің аумағы ретке келтірілді.

«Таза Қазақстан» бағдарламасының шеңберінде, әсіресе, «Таза аула» атты арнайы тазалық шарасы қарқын алып, әр ауданның тұрғындары, еріктілер, жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері бірлесіп, өз аулалары мен көшелерін тазалап, ретке келтіруге атсалысты. Мәселен, Абай ауданы аумағында көпқабатты үйлердің аулалары, көше бойлары, арық-атыз жүйелері тазаланып, ағаштар қырқылып, әктеу жұмыстары жүргізілді.

«Бүгін біздің шағынауданда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тазалық шарасы өтті. Оған қала тұрғындары, қоғамдық ұйымдар, жастар мен еріктілер белсене қатысты. Бұл бастама елімізде экологиялық мәдениеттің қалыптасуына оң әсерір тигізеді деп ойлаймын», – дейді көпқабатты тұрғын үйдің төрайымы Гүлсін Сапаралықызы.

Сонымен қатар, қаладағы Әл-Фараби ауданы Жібек жолы көшесіндегі №1, №2, №3 тұрғын үйлердің ауласында да тазалық шаралары жоғары деңгейде өтті. «Таза аула» акциясы аясында тұрғындар мен жастар ұйымдары жұмыла жұмыс істеді.

«Әрбір тұрғынның бұл іске атсалысуы қатты қуантып отыр. Осындай еліміз, жеріміз үшін ортақ жауапкершілікке деген үлкен қадамға жұрт болып жұмылып кірісуі дәстүрге айналып келеді. Бұл тұрғындардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы үлкен үлесі», – дейді еңбек ардагері, қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Өркен Әбдірев.

Бұдан бөлек Еңбекші ауданындағы №11 шағынауданындағы Ш.Уалиханов көшесінде орналасқан №192А тұрғын үйдің маңында сенбілік ұйымдастырылды.

«Таңғы сағат 9-дан бастап тұрғындар, ардагерлер, жастар мен еріктілер белсенді түрде қатысып, ауланы көркейтуге жұмылды. Бүгінгі жұмыла көтерген жұмыстың жеңіл боларын көрсеткен ұйымшыл адамдардың тірлігінен елге деген жанашырлықтың көрінісін көріп отырмыз», — дейді аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы Пернабек Айтжанов.

Қаратау ауданы аумағында да тұрғындар мен жастар ұйымдарының қатысуымен аулалар мен көшелер тазартылды. «Ағаштарды қырқу, аулаларды тазарту сынды жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылды. Мұндай акциялар тек экологияны жақсартуға емес, қоғамдағы бірлікті нығайтуға да әсер етеді», — деп атап өтті «Қаратау» КММ бөлім басшысы Асан Акбанов.

Тұран ауданындағы Спорт шағынауданындағы №11, №12, №13 тұрғын үйлердің маңында өткен сенбілік те жоғары деңгейде өтті.

«Бұл тек тазалық емес, тәрбиелік мәні бар бастама. Ата-бабаларымыздан қалған ұлы даланы аялау – жас ұрпақтың борышы. Мұндай бастама жүрегіміздегі отаншылдық сезімді оятады. Тіпті, күннің ыстығына қарамастан, қаламыздың көркі үшін қолымызға күрек алып, тазалық жұмыстарына келіп отырмыз», — дейді  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Сатыбалды.

Тұран ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Даурен Балғанов та аудан тұрғындарының, жастар мен еріктілердің белсенділігін ерекше атап өтті. Бүгінде халықтық сипат алған акция еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін ел мен жерге құрмет ең басты құндылық екенін түсінуге үндеп келеді.

«Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысатын Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығы мен ерікті жастардың еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Олар қоғамдық орындар мен орталық көшелерді тазалап, елге үлгі көрсетуде әрқашан алдыңғы шептен көрініп келеді.

«Таза Қазақстан» – ұлт рухының тазалығы, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілік пен отансүйгіштіктің көрінісі. Қоғамдық орындарды тазалап, ел ісіне үлес қосып жүрген жастар ел болашағының кепілі боларына сенімдіміз», — дейді орталық директорының міндетін атқарушы Аружан Әлжан. Ал, жастар орталығының өкілі, белсенді ұйымдастырушы Рауан Қыпшақбаевтың айтуынша, жастардың белсенділігі Мемлекет басшысы бастамасының шын мәнінде қолдау тауып жатқанын көрсетеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді ұйыстыратын, қоғамды оң өзгеріске бағыттайтын осындай бастамалары бізге үлкен шабыт береді. «Таза Қазақстан» акциясы ұлттың ішкі мәдениетін көтеретін, рухты оятатын, болашаққа сеніммен қарауға жол ашып келеді», — ол.

Мұндай ауқымды бағдарлама ұлттың сана тазалығы, экологиялық мәдениеті, бірлік пен бейбітшіліктің көрінісіне айналып жатқаны сөзсіз. Шымкент қаласында өткен тазалық шаралары осындай бірліктің, жауапкершіліктің, патриотизмнің нақты дәлелі болып отыр. Бірліктің, тазалықтың, патриотизмнің айқын үлгісіне айналған бұл игі іс алдағы уақытта да жалғасын тауып, әрбір шымкенттіктің ортақ борышына айналары анық.

Тазалық шаралары бір күнмен шектелмейді. Шымкент қаласында жыл басынан бері аталмыш бағдарлама аясында көптеген іс-шара өткізіліп, оған мыңдаған жұмысшы тартылды. Сонымен қатар, 4200 арнайы техника жұмылдырылып, 26  мың тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар шығарылды. 10 мың ағаш көшеті егілді.

Бүгінде қала аумағындағы экологиялық ахуалды жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттырумен Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы айналысады. Басқарма өз өкілеттігі шегінде табиғи ресурстарды басқару, қоршаған ортаны қорғау, қаланы абаттандыру және көгалдандыру салсындағы іс-шараларды жүзеге асырады. Айталық, жақында Шымкент Халықаралық әуежайына қарама-қарсы аумақта механикалық санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп, ыстық пен суыққа төзімді тал-терек отырғызылды. Бәйдібек-би даңғылынан бастап «Шымсити» шағынауданындағы саябаққа баратын көшелерге және «Қызғалдақ» мәдени орталық аумағында 2000 годжун ағашы мен тез өсетін әрі ұзақ «өмір сүретін» 2000 түп шынар егілді. Одан бөлек, «Шымсити» шағынауданындағы саябақтың тазалығы қатаң бақылауға алынып, қураған ағаш көшеттері ауыстырылды. Скейт парктер мен самалжайларда бүлінген орындықтар мен қоқыс жәшіктері қайта қалпына келтірілді.

Сонымен қатар, бұл басқарма қаланың орталық көшелеріне жүргізетін тазалық жұмыстарын мынадай негіздемелерге сәйкес ұйымдастырады. Атап айтар болсақ, ауа райы жауын-шашынды немесе қар жауған күндері күндізгі және түнгі уақытта арнайы бригадалар құрып, магистралды көшелер мен саябақтарды қардан тазалау жұмыстарын жүргізеді. Қажетті болған жағдайда инертті материалдарды себеді. Мұндайда магистральды көшелерді арнайы техникалармен тазалау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.

Бүгінде Қошқар ата мен Қара су өзеніне механикалық және санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді. Қала аумағынан ағып өтетін каналдарды механикалық және санитарлық-тазалау жұмыстары күнделікті атқарылуда. Апта сайын өткізіліп жатқан сенбіліктер барысында ескерткіш тақтайшалардың да таза болуына баса көңіл бөлінеді. Субұрқақтар кестеге сәйкес жұмыс істеп жатыр.

Жалпы қала тазалығы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер ететін маңызды фактор болып табылады. Соңғы уақытта қалада көше тазалау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Мұндағы мақсат – тұрғындарға қолайлы және санитарлық талаптарға сай ортаны қалыптастыру. Қазіргі таңда мекемелер тарапынан орталық көшелерді тазалауға әр ауданда 50 адамнан тұратын бригадалар құрылған. Олар халық көп жүретін қоғамдық орындар мен аялдамаларды, жол жиектерінің тазалығына жауапты. Қазір көктемгі маусымға байланысты арықтар мен жол жиегіндегі шөптер де тазартылып жатыр. Тазалық жұмыстарына оқу орындарындағы жастар ұйымдарының да тартылып жатқанын айта кетейік. Бұл – бір жағынан алғанда экологиялық мәдениетті дамытуға, екінші жағынан алғанда қоғамның белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Әрине, тұрғындар да бұл іске өз үлестерін қосып, өздері тұратын көпқабатты үйлердің маңайын тазартуға атсалысуда.

Ағымдағы жылы ағаш отырғызу маусымында қаланың жасыл белдеу аймағына 100 мыңға жуық ағаш көшеті отырғызылды және орталық көшелерге 14 мың дана ағаштың 2 мыңы егілді. Балалардың дені сау әрі бақытты болып өсуі үшін оларға қауіпсіз әрі қызықты ойын алаңшалары қажеті. Биыл Абай саябағына,  Металлург саябағына және Алатау саябағында балалар алаңшалары салынбақ.

Мегаполистегі бұрынғы аумағы 45 гектарды құрайтын ескі қоқыс полигонының орнына экологиялық саябақ құрылысы басталды. «Эко саябақ» аумағында амфитеатр, фонтандары бар жасанды су қоймасы және белсенді демалысты ұнататындар үшін спорт алаңы, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары қарастырылған. Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгені құрайды. Бұл жұмыстардың барлығы демеушілер есебінен жүзеге асырылуда. Бұйыртса, «Эко саябақ» тұрғындарға таза ауада демалуға мүмкіндік беріп қана қоймай, табиғатпен үйлесімді өмір сүрудің үлгісін көрсететін игі жоба болмақ.

Қала көркейту және көріктендіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Айталық, биыл көше қиылыстарына, айналма жолдар мен жол жиектеріне 40 мың шаршы метр аумаққа 1 млн данадан астам қызғалдақ гүлі отырғызылып, 1 млн 300 мың дана біржылдық гүлдер егу жоспарлануда. Қазіргі таңда қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында ұзындығы 54,2 шақырымды құрайтын 24 көшені тазалау, көгалдандыру жұмыстарының мемлекеттік сатып алу конкурстарының жеңімпазы анықталып отыр.

Былтыр мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында қаланың санитарлық-тазалық жұмыстарына жауапты болып табылған мердігер мекемелер тарапынан 5 гүлзар салына бастаған болатын. Оның ішінде Еңбекші ауданы Сайрам көшесінде 0,8 гектарды құрайтын және Тұран ауданы Рысқұлбеков көшесіндегі 0,5 гектарды  құрайтын 2 гүлзардың құрылыс жұмыстары аяқталды. Биыл Әл-Фараби алаңы мен Түркістан көшесінің қиылысындағы 0,4 гектарды құрайтын және Тұран-2 шағын ауданы, № 11 мен № 12 көше қиылысындағы 2,7 гектарды құрайтын, сонымен қатар Қаратау ауданы Астана шағын ауданы 0,5 гектарды құрайтын 3 гүлзардың құрылыс жұмыстарын аяқтап, тұрғындарға қолданысқа беру жоспарланған.

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 2025 жылдың наурыз айынан бастап апта сайын сенбілік ұйымдастырылуда. Сенбіліктер барысында өзен арналары, жағалаулары тазартылып, қоқыс қалдықтары жиналып, қураған ағаш бұталары кесілуде. Шөп ору, ирригациялық арық жүйелерін тазалау, аяқ жолдарды тазалау жұмыстары да атқарылуда. Ағаш көшеттері отырғызылуда.

Сенбілік жұмыстарына аудан әкімдіктері, қалалық басқармалар, аумақтық департаменттер, қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, кәсіпкерлерлер мен ерікті жастар белсенді түрде атсалысуда. Сенбілік қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған шара ғана емес, сонымен қатар, қоғам мүшелерін біріктіретін, жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды іс-шара.

Қоршаған ортаны таза ұстау тек арнайы қызметкерлердің ғана емес, қалада тұратын әрбір тұрғынның ортақ міндеті. Ал, таза қала – дені сау ұрпақ пен мәдениетті қоғамның айнасы екенін ұмытпайық.

 

Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ
СалтанатЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар