Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында көрнекті жазушы С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы сахналанды. Бұл театр маусымын қорытындылаған айтулы премьераға айналды. Қойылым үш күн қатарынан аншлагпен өтті. Көрермендердің ерекше ықыласына бөленген спектакль жас маман Ұлан Болатбектің режиссерлігімен сахналанды. Театр ұжымы көркемдік мазмұны мен режиссерлік шешімі жоғары деңгейде орындалған туындыны ұсыну арқылы қазақ әдебиеті мен тарихына терең үңілудің жаңа тәсілін көрсетті.
«Мөлдір махаббат» қойылымы – тек әдеби шығарманың сахналық үлгісі емес, тарихи тағдыр мен адами құндылықтың, шындық пен зұлымдықтың, махаббат пен әділетсіздіктің қатар өрілген шынайы бейнесі. Басты кейіпкерлер Бүркіт пен Бәтестің арасындағы адал махаббат кеңестік жүйенің қатігез заңдарымен қақтығысады. Бүркіттің төрт күндік соты сахна төрінде өтіп жатқанда, залда отырған көрермен санасында емес, жүрегінде бағамдаған үкімді тыңдайды. Бұл – тек көркем сахналық көрініс емес, тарих алдында үнсіз қалған шындықтың жаңғырығы.
Сахнаның көркемдік шешімі де әсерлі таңдалған. Қойылым барысында сахнада тігілген киіз үйдің біртіндеп құлауы бір дәуірдің күйреуі мен рухани күйзелісті білдіретіндей. Бұл – жай декорация ғана емес, көркемдік астары терең режиссерлік шешім. Жарық, музыка, актерлік ойын мен сценарий – барлығы біртұтас, жұп-жұмыр. Музыкалық сүйемелдеу де спектакльдің басты ерекшеліктерінің біріне айналды. Жанды дауыстағы музыка, сахна алдында тікелей орындалған әуендер көрерменге актердің эмоциясынан бөлек, ішкі әлемін де түсінуге мүмкіндік берді. Әрбір үн, әрбір пауза, әрбір үнсіз сәт – сахнадағы драманы тереңдете түсті.
Қойылым екі жастың сезімі туралы ғана емес. Ол – ұлттың жоғалған үміті, ұмыт қалған шындығы, жаншылған тарихы туралы сыр. Жауһар жазушы С.Мұқановтың бұл шығармасы ұлт жадына жасалған көркем еске салу ретінде сахнада жаңаша форматта қойылды. «Мөлдір махаббат» арқылы көрермен махаббаттың ғана емес, ардың, тазалықтың, рухтың қандай қымбат екенін қайта сезінді.
Ал, сахнадағы соңғы көрініс – Бүркіт пен Бәтестің қосыла алмай кеткен, бірақ сезімдерінің кір шалмаған тазалығы – көрермен көңілінде үнсіз сұрақ, сағыныш пен сыздаған естелік болып қалды…
Осылайша, көркемдік деңгейі жоғары бұл қойылыммен театр ұжымы биылғы шығармашылық маусымды қорытындылады. Қойылымға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, театр ұжымына алғыс білдіріп, қала әкімінің ықылас гүлін табыс етті. Көрсетілім жаңа маусымда да театрсүйер қауымға ұсынылады.