Редакция таңдауы

«Театр – мен үшін өнердің ең таза формасы»

Шымкент қаласында театр өнері қарқынды дамып келеді. Қалада талантты өнерпаздар көбейіп, көрерменге рухани қуат сыйлайтын сапалы қойылымдар мен шығармашылық жобалар көбейді. Бұл үрдісті жергілікті әкімдік пен тәжірибелі мамандардың қолдауы одан әрі дамытып отыр. Театр өнерінің дамуы қоғамның рухани байлығын молайтып, мәдениетінің көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, жас ұрпақты ізігілік пен адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиелеуге септігін тигізетіні сөзсіз.

Осы орайда Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, «Art жастар» театрының негізін қалаушы, режиссер Еркебұлан ЖОЛДАСОВПЕН сұхбаттасқан едік.

 

– Бүгінде «Жолдасов шеберханасы» жас актерлердің шығармашылық орталығына айналып отыр. Бұл шеберхананың бүгінгі бағыты қандай?

– Бұл шеберхана кездейсоқ құрылған орта емес, белгілі бір уақыттың, ішкі қажеттіліктің және кәсіби тәжірибенің нәтижесі. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде ашылған бұл шеберхана бастапқыда тек актерлік машықтарды үйрететін алаң ретінде қарастырылған жоқ. Басты мақсат – сахнаға шыққан кезде емес, өмірлерінде тұлғалық ұстанымы бар, талғамы қалыптасқан, өнерге саналы түрде қарайтын адам тәрбиелеу болды. Бүгінде бұл шеберхана көркемдік көзқарасы бар, жауапкершілікті сезінетін студенттердің ортасына айналып отыр.

 

– Актер дайындауда ең бірінші қандай талап қоясыз?

– Мен үшін актерлік шеберлік техникалық дағдылардан емес, адамның өзіне деген қарым-қатынасынан басталады. Сондықтан ең бірінші қоятын талабым – ішкі тұрақтылық. Өзіне тәртіп қоя алмаған, уақытын, ойын, мінезін бақылауға қабілетсіз адам сахнада еркіндікке жете алмайды. Қазіргі цифрландырылған қоғамда жастардың назары әр тарапта, ақпарат тым көп. Осындай жағдайда актерге сыртқы әсерлерден арылып, өз ішіне үңіле білу қабілеті ауадай қажет. Сол себепті мен шәкірттерімнің тек сахнадағы әрекетіне емес, олардың күнделікті өмір салтына, интеллектуалдық ортасына, қандай контент жасап жүргеніне дейін назар аударамын. Әрине, мұндай талаптарға бәрі бірдей шыдай бермейді. Біреуі материалдық қиындыққа тап болады, біреуі моральдық тұрғыда дайын емес болып шығады. Бірақ уақыт өте келе сол талаптардан өткен жастар ғана қалады. Мен үшін сапа – саннан әрдайым биік.

– Бұл талаптарды өзіңізге де қоясыз ба?

– Егер педагог өз талаптарына өзі сай болмаса, оның айтқан сөзі де шынайы болмайды. Сондықтан мен шәкірттерімнен талап еткен әрбір дүниені ең алдымен өзімнен сұраймын. Мен жастарға ізденістің бағытын түсіндіріп қана қоймай, сол ізденістің ішінде өзім де болуға тиіспін. Педагог үшін ең үлкен жауапкершілік – шәкірттің көзіне тура қарап тұра алу. Ол үшін сенің сөзің мен ісіңнің арасында алшақтық болмауы керек.

 

– Театр, кино және ұстаздықты қатар алып жүру қиын емес пе? Қай бағыт жаныңызға жақын?

– Бұл үш бағыт бір-біріне кедергі келтірмейді, керісінше, бірін-бірі толықтырады. Театрдағы режиссерлік ойлау кинода тереңдей түседі, ал кинодағы тәжірибе ұстаздықта жүйеге айналады. Барлығы бір шығармашылық арнаның әртүрлі көрінісі. Әрине, физикалық тұрғыда қиындықтар бар, уақыт тапшылығы сезіледі. Бірақ өнерге деген адалдық бұл ауырлықты ұмыттырады. Өйткені шығармашылық адам үшін ең қауіпті нәрсе – тоқтап қалу. Ал, қайссы жаныңызға жақын десеңіз театр деп жауап берер едім. Театр – мен үшін өнердің ең таза формасы. Себебі театрда өтірікке орын жоқ. Мұнда бәрі тірі, бәрі осы сәтте, осы жерде болады. Театр – музыканың, драматургияның, актерлік өнердің тоғысқан нүктесі. Кино да театрдан бастау алады. Сондай-ақ, театр сахнасынан өткен актерде жауапкершілік те, тереңдік те басым болады.

 

– Театр сізге не берді?

– Театр маған материалдық емес, рухани байлық берді. Бұл – бүгінгі қоғамда көп адам бағалай бермейтін, бірақ ең маңызды құндылықтардың бірі. Қазір көпшілік кез келген істі табыс тұрғысынан өлшейді. Ал рухани нәтиже есепке алынбай қалады. Мен театрға пайда табу үшін келген жоқпын. Менің табысым – көрерменнің үнсіз ойға қалуы, спектакльден кейінгі ойлы көзқарасы мен көңілі, шәкірттерімнің кәсіби және адамдық тұрғыда өсуі. Егер бүгінгі шәкіртім ертең сахнада өзін таба алса, мен үшін одан асқан марапат жоқ.

 

– Жастармен жұмыс істеген кезде олардың шығармашылық еркіндігін сақтай отырып, шектен шықпауына қалай ықпал етесіз? Қазіргі буынның кейде әдептен асып кететін тұстары бар деген пікірлерге көзқарасыңыз қалай?

– Бұл өте күрделі әрі нәзік мәселе. Себебі, біз қазір екі түрлі уақыттың тоғысында өмір сүріп жатырмыз, бір жағында – дәстүр мен тәжірибеге сүйенген көзқарас, екінші жағында – еркіндікті жаны сүйетін, шектеуді мойындамайтын жаңа буын. Жастардың кейбір әрекеттері бізге әдептен асқандай көрінуі мүмкін, бірақ ол көбіне олардың емес, заманның ерекшелігі. Мен жастарды тұсаулап, бұрынғы қалыпқа күштеп салуға болмайды деп есептеймін. Өйткені, ол мүмкін де емес. Қоғам өзгерді, ақпарат ағыны өзгерді, қабылдау формасы өзгерді. Бірақ бұл еркіндік дегеніміз – жауапсыздық деген сөз емес. Менің ұстаз ретіндегі басты міндетім – сол еркіндіктің ішінен шекараны, жауапкершілікті, талғамды көрсетіп беру. Қазіргі жастарға «болмайды» деп тыйым салу нәтиже бермейді. Оларға не үшін болмайтынын түсіндіру керек. Өнерде де, өмірде де шексіз еркіндік жоқ. Әсіресе сахна мен экранда. Себебі, ол – көпшілікке әсер ететін құрал. Сол себепті мен жастарға еркіндік бере отырып, оның арғы жағындағы жауапкершілікті үйретуге тырысамын.

– Қазіргі қазақ киносы мен театрының даму деңгейін қалай? Даму байқала ма?

– Иә, даму бар. Бұл дамуды байқамау мүмкін емес. Әсіресе, жастардың киноға келуі, өз ойын экран арқылы жеткізуге деген талпынысы қуантады. Қазіргі жас режиссерлердің ойлауында батылдық бар, ізденіс бар, форма жағынан экспериментке дайындық бар. Мен 2014 жылы Шымкент қаласында «КиноАрт» атты авторлық кинофестиваль аштым. Ол кезде бұл бастамаға қатысатын жастардың саны саусақпен санарлық еді. Ал, бүгінгі күні сол фестивальге жүздеген жас келіп, өз жұмыстарын ұсынуға дайын. Бұл – жастардың кино арқылы өзін танытуға деген  ұмтылысының нәтижесі. Алайда, бұл өсіммен бірге жауапкершілік те қатар жүруі тиіс. Өкінішке қарай, кейбір тұстарда коммерциялық мүдде, көркемдік шешім мен мазмұннан басым түсіп кетеді. Ақша табу үшін түсірілген, арзан күлкіге құрылған дүниелер көбейді. Мұнда тіл, дәстүр, тарихи сана екінші орынға ысырылып қалып жатады. Бұл – қоғам үшін қауіпті.

 

– Қысқа форматтағы фильмдеріңіз әлеуметтік желіде кең таралып, көрерменнің жүрегінен орын алып жүр. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Оның басты себебі – тақырыптың өзектілігі. Біз космос, абстрактілі философия немесе көрерменге алыс дүниелерді емес, күнделікті өмірде әр адамның басынан өтетін жағдайларды көтереміз. Отбасы, әке мен бала, қоғамдағы жауапкершілік, адамдық таңдау – міне, осы мәселелер көрерменге жақын. Көрермен кино мен театрдан өзін көргісі келеді. Егер ол сахнадан немесе экраннан өз өмірінің бір бөлшегін таныса, ол туынды жүрекке жетеді. Біз дәл осы принципті ұстанамыз.

 

– Art жастар театры да осы көзқарас негізінде құрылды ма?

– Иә, бұл – менің көп жылдық арманымның жемісі. Мемлекеттік театрлардағы белгілі бір шектеулерден тыс, еркін ойлайтын, тәуелсіз шығармашылық орта құру идеясы көптен бері ішімде жүрген. Art жастар театры – сол ойдың нақты іске асқанын көрсетеді. Қазір театрымыз үшінші жылын өткеріп жатыр. Өзіміздің шағын, камерлық сахнамыз бар. Бұл сахнада біз көрерменмен бетпе-бет отырып сөйлесеміз. Мұнда жасандылыққа, жалған пафосқа орын жоқ. Әр спектакль – ашық диалог. Әрине, қиындықтар болды. Көптеген жастар материалдық себептерге байланысты жолда қалып қойды. Бірақ топта қалған аз ғана адам – шын мәнінде өнерге адал жандар.

 

– Алдағы ең үлкен арманыңыз қандай?

– Менің бүгінгі бар ойым мен күшім осы Art жастар театрының болашағына бағытталған. Бұл театр өз аяғына нық тұрып, ертеңгі күні қазақ театрының картасында өзіндік орны бар шығармашылық ұжымға айналса деймін. Кино саласында да ойда жүрген жобалар бар. Адамның рухын оятатын, тарихи жадты тірілтетін, қазақтың қайсар болмысын көрсететін дүниелер жасағым келеді. «Озаричи. Лагерь смерти» атты жобам – сол армандардың бірі. Бұл – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы көп айтыла бермеген, бірақ қазақ халқының рухын ашатын ауыр да маңызды тақырып. Бұйырса, соны экранға шығару – менің режиссерлік миссиямның бір бөлігі деп есептеймін.

 

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қазақ киносы ұлттық болмысты сақтай алды ма? Осы уақытта шын мәнінде бетке ұстар, қазақылықты көрсететін қандай туындыларды атар едіңіз?

– Бұл сұраққа біржақты, жеңіл жауап беру мүмкін емес. Себебі, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі қазақ киносы өте күрделі жолдан өтті. Біз бір жағынан кеңестік жүйеден шықтық, екінші жағынан ұлттық киноның жаңа тілін қалыптастыруға тырыстық. Осы өтпелі кезеңде әртүрлі бағыттағы фильмдер түсірілді. Әдетте бұл сұрақ қойылғанда «Көшпенділер», «Жаужүрек мың бала», «Томирис» секілді мемлекеттік тапсырыспен түсірілген ірі жобалар аталады. Бұл фильмдер идеологиялық тұрғыда өз міндетін атқарды, ұлттық рухты көтеруге бағытталды. Бірақ, мен оларды қазақ киносының толыққанды көркемдік шыңы немесе нағыз эталон деп айта алмаймын. Бізде әлі де тәуелсіздік кезеңінің ішкі драмасын, қоғамның рухани ізденісін, адам болмысының күрделілігін терең ашатын фильмдер аз. Себебі, жүйе көбіне тапсырысқа, ал, тапсырыс идеологияға бағынышты болды. Ал, жеке продюсерлер түсірген фильмдерден ондай салмақты дүниелер талап ету қиын, өйткені, олар ең алдымен өзін-өзі ақтау мәселесімен бетпе-бет келеді.

 

– Бұл айтылған фильмдердің жиі атала беруі белгілі бір жаттанды пікірге айналған жоқ па?

– Дәл солай. Бұл біздің санамызға әбден орныққан, дайын жауапқа айналып кеткен. Қай қалаға барсаңыз да, кімнен сұрасаңыз да, сол үш-төрт фильм аталады. Бұл – таңдау көп болғандықтан емес, балама аз болғандықтан туындаған жағдай. Бізде басқа фильмдерді айтуға жүйелі себеп те, кең ақпараттық қолдау да жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен түсірілген дүниелер фестивальдерге жіберіледі, оқу бағдарламасына енгізіледі, телеарналарда көрсетіледі. Сондықтан көрерменнің санасында солар ғана қалады.

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win