Редакция таңдауы

Техниканың «тілін» меңгерген ғалым

Елімізде ғылым мен білімді дамытып, білім кеңістігінің қалыптасуына айрықша көңіл бөлініп келеді. «Халық пен халықты теңестіретін – білім» деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, бәсекеге қабілетті шәкірт, маман дайындау – бүгінгі күннің басты талабы. ҚР «Білім туралы» Заңындағы: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдарға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» деген жолдар әрбір оқытушыдан ізденісті, білімділік пен біліктілікті қажет етеді.

Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап жүретін ұстаздар қауымы әр кезде де болған. Солардың бірі – жерлесіміз, ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде білікті маман оқытуға саналы ғұмырын арнаған, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық машина жасау және көлік академиясының академигі, бүгіндеуниверситеттің Академиялық  мәселелер жөніндегі департамент директорының орынбасары Сәкен Сәдібекұлы Пернебеков.

Адамның жаратылыс-болмысы туып-өскен топырағына байланысты деген қағиданы Сәкен Сәдібекұлындай адамдардың өмірі толық айғақтайды. Ол Қазығұрт ауданы Тұрбат ауылында 1965 жылдың тамызында дүниеге келген. Бала кезінен сол аймақтың табиғи сұлулығы мен тазалығын бойына сіңіріп өсті. Жастайынан зерек болып өскен ғалым ауыл мектебін бітіріп, 1983 жылы Қарағанды политехникалық институтына (қазіргі Қарағанды техникалық университеті) оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1990 жылы «Автомобильдер және автомобиль шаруашылығы» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітіріп шыққан.

Еңбек жолын Талдықорған облысы (қазіргі Жетісу облысы) Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы «Стрела» комбинатында бастады. Бойында жастық жалыны лаулаған жас маман үш жыл ішінде қатардағы механиктен мекеменің бас инженері лауазымына дейін көтерілді. Тек қана қызметтік міндеттерімен ғана айналыспай, қала көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Соның нәтижесінде, жас маманның бойындағы жастық жігерді байқаған Қаратал ауданы басшылары Сәкенді мемлекеттік қызметке жұмысқа тартады. Ол Қаратал ауданы әкімінің бірінші орынбасарының аға референті қызметіне тағайындалады. Жаңа қызметке енді үйреніп, төселіп келе жатқанда туған елден суық хабар жетеді. Асқар таудай әкесі 30 жылдай Тұрбат ауылдық кеңесінде хатшы, іс басқарушы қызметтерін атқарған, абыройлы ел ағасы Сәдібек Пернебекұлы кенеттен қайтыс болып, Сәкен туған елге қайтуға мәжбүр болады. Алдымен Әлішер Науаи атындағы акционерлік қоғам төрағасының жастар ісі жөніндегі орынбасары болып сайланғанымен, көп ұзамай Қазығұрт ауданы әкімінің аппаратына ауысып, ұйымдастыру бөлімінің бас маманы лауазымына тағайындалады.

Қай қызметте жүрсе де, басты арманы – оқытушылық қызметпен айналысу ешуақытта да ойынан шыққан емес. Сол арман ақыры Сәкенді Қазақ химия-технология институтына жетелеп келеді де, 1995 жылдан бері бүкіл саналы ғұмырын Қазақ химия-технологиялық институтына, қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне арнады. Өзінің мамандығы бойынша «Көлік, тасымалдауды және қозғалысты ұйымдастыру» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор қызметтерін атқарды. Сонымен қатар «Механика-көлік» факультеті Ғылыми кеңесінің хатшысы, Механика-құрылыс факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, факультеттің Оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. Оқу үдерісіне жаңа кредиттік технологияның енгізілуіне орай Сәкен Сәдібекұлына университет басшылығы жаңа қызметті ұсынып, ол 2008 жылдан университеттің Тіркеу кеңсесінің жетекшісі болып қызмет атқарды. 2011 жылы университеттің Оқу-әдістемелік басқармасы директорының орынбасары, ал 2013 жылы Академиялық  мәселелер жөніндегі департамент директорының орынбасары лауазымына тағайындалды.

Сәкен Сәдібекұлының 400-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрген, оның ішінде 10-нан астам оқу құралы  бұл күнде ұрпақ қазынасына айналып отыр. Ұзақ жылдар бойындағы жемісті еңбегі үшін 2013 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, 2015 жылы Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 2022 жылы  Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрінің Құрмет грамотасымен, 2024 жылы Қазақстан Республикасы ғылым және жоғары білім министрінің «Ғылым үздігі» Құрмет дипломымен марапатталған.

Ғылым саласындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2014 жылдың 14 шілдедегі №1153 бұйрығымен Пернебеков Сәкен Сәдібекұлына 05.22.00 – «Көлік» мамандығы бойынша «Қауымдастырылған профессор» ғылыми атағы берілді. 2017 жылы «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», 2021 жылы «Мемлекеттік ғылыми шәкіртақы» иегері атанды. Сәкен Сәдібекұлы 2019 жылы ҚР Ұлттық машина жасау және көлік академиясының толық мүшесі «Академигі» болып сайланған.

Ал енді ұлағатты ұстаз Сәкен Сәдібекұлы жары Сәнімай Алдабергенқызы екеуі 2 ұл мен 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Қызы Айдана – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, ал ұлы Азамат – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының түлегі. Екеуі де бүгінгі таңда кәсіпкерлікпен айналысады. Ұлы Мақсат Стамбул қаласындағы Айдын университетінің бакалавриатын тәмамдап, бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде магистратурада білім алып жүр.

Айтарымыз болса да, алты асқардың баурайына ат байлаған азаматтың бүтін болмысын, шығармашылық жолын, қайраткерлік қарымын бір мақалағы сыйдыру әсте мүмкін емес. Біздікі – «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ізгі ниет.

 

Айдарәлі ТӨЛЕНОВ,
техника ғылымдарының кандидаты, профессор
«Көлік, тасымалдауды және қозғалысты ұйымдастыру»
кафедрасының ұжымы

Соңғы жаңалықтар