Редакция таңдауы

Теміржол өткелі көлік қатынасын жақсартты

Пернебек Момынов көшесі Шымкенттің шығыс бөлігіндегі елді мекендерді қаланың орталығымен байланыстыратын бірден-бір жол. Ал, осы жолды теміржол қиып өтеді. Әр жиырма минут сайын пойыз өтетіндіктен дәл осы жол қиылысында көлік кептелісі жиі орын алатын. Жаяу жүргіншілер үшін де қауып-қатері көп болатын.

Енді міне, сол теміржолмен қиылысатын тұсқа биік көпір салынып, көлік қозғалысына да жаяу жүргіншілерге де оңтайлы жағдай туып отыр. Өткел құрылысын «Береке» корпорациясы жүргізген. Құрылыс жұмыстарының сапасын кешегі аптада қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бастап сала мамандары арнайы барып көріп қайтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Шымкент қаласына келген жұмыс сапары барысында мегаполистегі көлік, коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту мәселелері бойынша қала әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Тапсырма негізінде кешенді бағдарламалар жобасы жасалған. Осы жобалардың аясында қала аумағында жол салу, бірқатар көшелерді кеңейту, аялдамалар мен көшелерді жарықтандыру ісі жаңдана түскен.  Бұл орайда қала әкімінің бастамасымен әсіресе орталықтан қашықта орналасқан елді мекендермен байланыстыратын жол құрылысына етене назар аударылып, қала сыртындағы ауылдардың жолдарын жақсартуға көп көңіл бөлінуде. Жол жөнделсе жолаушылар тасымалдау ісі де жақсара түспек.

Пернебек Момынов көшесіндегі теміржол өткелінің құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айында басталған.

– Әзірге техникалық ашылуы болды. Алдағы күндері бұл жолға асфальттың екінші қабаты салынады. Көпірдің екі жақтауына жолаушылар үшін қауіпсіздік шаралары жасалып, арнайы қоршау қойылады. Көше шамдары орнатылып, толығымен жарықтандырылады, — дейді «Береке» корпорациясының басшысы Еркінкүл Оспанәлиева.

Дәл осындай теміржол үстінен өтетін өткел-көпір Шымкентте Керім Тіленшин көшесінде де салынуда. Таяу күндері екеуі де толық пайдалануға беріледі. Әзірге П.Момынов көшесіндегі  өткелдің техникалық ашылу рәсімінде автокөліктерге қозғалысқа рұқсат беріліп, тексеру жүргізілді. Жаңа көпір пайдалануға толығымен берілген кезде бұл жоба көлік инфрақұрылымын арттырып қана қоймай қала сыртындағы ауылдарға баратын  жолды қысқартып, жолаушылардың жол жүру уақытын үнемдейді.

Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша қазіргі таңда  Шымкентте Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы жолайырықтың құрылысы басталған. Жобаны биыл жыл соңына дейін бітіру көзделуде.  Жалпы былтыр, Шымкентте  1 059 шақырымнан астам автокөлік жолына асфальт төселіп, көшелерді жарықтандыру көрсеткіші 100 пайыз орындалған.

 

Жәмила ЖАЙЛАУБЕКҚЫЗЫ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win