Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамдағы масылдық мәселесіне тоқталып, адал еңбектің ел дамуындағы орны мен маңызы туралы тілге тиек етті. Президент Жолдауда «Тұрмысы төмен азаматтарға берілетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керегін» айтты. Оның сөзінше, «Мемлекеттің бәріне көне беретін әлеуметтік саясатынан жүзден астам жеңілдік пайда болған». Қ.Тоқаев «Әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту — елді дамытуға, мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын салуға қажет қаржыны желге шашу» екеніне баса назар аударды. Оның пайымдауынша, Үкімет пен атқарушы органдардың кейбір шешімдері «жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отыр».
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді. Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес» деді. Осы орайда Қ.Тоқаев «Үкімет 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді» — деп мәлімдеді.
Иә, қоғамда кейінгі жылдары жиі айтылып жүрген мәселелердің бірі, осы әлеуметтік масылдық екені рас. Яғни, өзгелердің немесе мемлекеттің арқасында өмір сүргісі келетін жандардың көбейгені көпшілікті алаңдатып отыр. Әсіресе, еңбекке қабілетті жастар арасында «жеңіл жолмен ақша тапсам болды» деген түсінік күшейіп барады. Оқу оқып, мамандық алғанымен, жалақысы аз деген сылтаумен жұмысқа кіріспей немесе бір-екі күн істеп, тез шаршап қалатындар көбейді. Адал еңбекпен емес, жылдам пайда табуды көздейтін мұндай көзқарас – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның дамуына кедергі.
Шын мәнінде еңбек – адамның абыройы. Өз күшімен жетістікке жеткен жанның қадірі де, табысы да тұрақты болады. Ал, ертеңін еңбекке емес, өзгеге арқа сүйеуге негіздеген адам ұзаққа бара алмайтыны анық. Ғалымдар мұндай пиғылды «патернализм» деп атайды. Бұл – латынның «paternus», яғни «әкелік» деген сөзінен шыққан ұғым. Былайша айтқанда, адам өз өміріне жауапкершілік алғысы келмей, «мемлекет мені асырауы керек» деген оймен өмір сүреді. Ал, бастапқыда мұндай көзқарас жеңіл көрінгенімен, түбі адамның да, елдің де әлсіз болуына алып келеді.
Масылдық тек қайыр сұраумен шектелмейді. Дені сау бола тұра жұмыс істемей, мемлекеттен көмек алу үшін әдейі «жұмысқа жарамсыз» деген анықтама алатындар да бар. Тіпті, әлеуметтік жәрдемақы алу мақсатында қағаз жүзінде ғана ажырасып, бірге тұратын жұптар да кездеседі. Мұндай айлакерлік тек жеке пайда үшін жасалған қулық емес, бұл – шын мәнінде қоғамға жасалған қиянат. Өйткені, мемлекет бөлген әрбір тиын – салықтан жиналған қаржы, яғни, өзіміздің және өзге азаматтардың еңбегімен келген ақша. Қоғамдағы масылдықты азайту үшін әркім өзінен бастауы керек.
Мемлекет жастарға білім де беріп отыр, кәсіп ашу үшін грант та ұсынып жатыр, жеңілдетілген несие де бар. Мұның бәрі – мүмкіндік. Ал, мүмкіндік берілген соң, соны пайдаланып, еңбектену – әр азаматтың парызы. Бала тәрбиесінде де, ақпарат құралдарының мазмұнында да еңбекқорлық пен табандылықты насихаттау маңызды. Өйткені, «оңай олжа», «тез баюдың жолы» деген жарнамалар адамды уақытша қызықтыруы мүмкін, бірақ оның соңы көбіне өкінішке алып келеді. Сондықтан «маған мемлекет не береді?» деп ойлағаннан гөрі «мен қоғамға не бере аламын?» деп ойлаған адам ұтады. Еңбек етсең – емерсің. Ал масылдық ертеңгі күні өзімізді тәуелді етуі мүмкін. Демек, қоғамның күші – оның еңбекқор азаматтарында.
Ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Амангелді Мамыттың айтуынша, масылдық – бүгінгі қоғамда көрініс тауып отырған үлкен мәселенің бірі. Оның айтуынша, орта буын мен жастар арасында маңдай термен емес, жеңіл жолмен ақша тауып, мемлекеттен ала берсем деген дәмелену жағдайлары жиіледі. Мұндай әрекеттер қоғамды теріс бағытқа бұруда.
– Әсіресе, жеңілдік алу үшін ажырасу деген ең сұмдық жағдай ғой. Қазақ халқы отбасы мәселесіне өте қатал, ыждақаттылықпен қараған. Қандай жағдай болмасын отбасын сақтап қалуға, шаңырақты шайқалтпауға тырысқан. Ал, отбасын қолдан бұзу шынында да алаңдатарлық жағдай. Бұл қоғамдағы азаматтардың жауапкершілігі жоқ, отаншылдық сезімі төмен екенін білдіреді. Ел ішінде өтірік мүгедектік алып, соның пайдасын көргендер болды. Бірақ, көп жағдайда оның түбі жақсылыққа әкелген жоқ. Егер біз еңбекқор, мемлекетшіл азаматтарды тәрбиелеген болсақ мұндай жағдайлар орын алмас еді. Аяқ-қолы бүтін адам өзінің мамандығымен адал жұмысын істеу керек. Елімізде екі қолға бір күрек табылады. Біз жастарды еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеуіміз керек. Жастардың ойында еңбек етсем, қоғамға пайдам тисе, өзімнің отбасымды адал еңбекпен асырасам деген мақсат болу керек. Президент айтқандай адал еңбек ету, адал азамат болу мемлекетіміздің негізгі ұстанымы болуы қажет, – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, бізде білімі жоқ азаматтарды 3 ай мерзімде түрлі кәсіптік мамандықтарды оқытатын бағдарлама бар. Үш ай бойы жұмыссыз азаматты мемлекет тегін оқытады, тегін оқытып қана қоймай шәкіртақы береді. Әр адам мемлекеттің қаржысына оқығаннан кейін жауапкершілікті сезіну керек. Бұл тұрғындардың азаматтық деңгейінің төмендеп бара жатқанының бір көрінісі.
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев масылдық туралы Президентіміз бұған дейінгі Жолдауларында да айтқанына назар аударды. Оның айтуынша, соңғы бір жылдың ішінде елімізде масылдықпен күрес жұмыстары жүргізілген. Нәтижесі де бар. Өйткені, қазір халықтың сауаты, деңгейі күннен күнге өсіп жатыр. Оны бір реттік әлеуметтік көмек сұраушылардың азайып отырғанынан байқауға болады екен.
– Өз басым әр тоқсан сайын қоғамдық қабылдау өткізіп тұрамын. Бұған дейін қабылдауға келген тұрғындардың 90 пайызы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесуін сұрап келетін. Сонда байқағаным, бұл істі көбісі кәсіп етіп алған. Кейін біздер қабылдаудың сапасын арттыру мақсатында біраз жұмыстар жүргіздік. Соның нәтижесінде халық қазір нақты, маңызды мәселелермен келетін болды. Бүгінде халықты жұмыспен қамту үшін көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қаламызда да бос жұмыс орындары көп. Әсіресе, жұмысшы мамандықтарға сұраныс артуда. Бірақ, халық оның айлығын азсынып барғысы келмейді. Бірде табысты кәсіпкер бір ағамыз айтады «Менің қолымда 20 адам еңбек ететін. Олар атаулы әлеуметтік көмек алғалы бері жұмысқа келмей қойды. Себебі, менде жұмыс істесе мен оларға ай сайын зейнетақы жарнасын аударып отырамын. Ал, бұл жарна түсетін болса, оларға АӘК берілмейді екен» деді. Бұл – расында толғандыратын мәселе. Әлеуметтік көмектің көлемі алатын жалақыларымен бірдей болған соң олар, әрине, сол жәрдемақыны алып үйде отыра бергенді қалайды немесе жеңіл-желпі жұмыстарды тиіп қашып істеп жүре береді. Бұл азаматтардың санасында жұмыс істемей-ақ ақша табуға болады екен ғой деген теріс пікірді қалыптастырады. Бұл жағдайды ертең туысы, көршісі естиді де солай таралып кете берді. Осылайша, бұл үлкен проблемаға айналды. Қазір осы мәселе төңірегінде идеология жағынан түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әр азамат еңбек ету керек. Әр адам өзінің Отан алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінсе масылдыққа жол бермес еді, – дейді депутат.
Оның айтуынша, масылдықтың қоғам үшін зардабы орасан. Сондықтан ел алдындағы жауапкершілікті әр адам сезінгені жөн. Т.Балтабаев «Депутаттар да масылдықпен күрес жұмыстарына атсалысып жатыр. Әлеуметтік көмек алуды науқангершілікке айналдырып алған азаматтармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз және жақсы нәтиже беруде» — дейді.
Шымкент қаласы Еңбек мобильдігі орталығының мәлімдеуінше, атаулы әлеуметтік көмек өмірдегі қиын жағдайдан шығару үшін отбасына кешенді қолдау көрсетуді көздейді.Нақтырақ айтар болсақ, АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға беріледі. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінің мөлшері арасындағы айырма түрінде есептеледі. Жан басына шаққандағы орташа табыс – бұл отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде белгіленген.
Мамандардың айтуынша, отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептік кезеңде алынған табыстың барлық түрі ескеріледі. АӘК өмірдегі қиын жағдайдан шығару үшін отбасына кешенді қолдау көрсетуді көздейді. Бұл 2 түрге жіктелген ақшалай төлем: шартсыз және шартты ақшалай көмек. Еңбекке қабілетсіз азаматтары бар отбасыларға шартсыз ақшалай көмек көрсетіледі және олар үшін жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Шартты ақшалай көмек отбасы құрамында кемінде бір еңбекке қабілетті мүшесі жұмысқа орналасқан отбасыларға беріледі.
АӘК жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен ҚР халқының келесі санаттарына тағайындалады. Олар: ҚР азаматтары; ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар; босқындар; қандастар. Шартты көмек алған азаматтар еңбекке тартылуға міндетті. Егер денсаулығына байланысты медициналық анықтамасы болса, бұл міндеттен екі айға босатылады. Міне, осы жағдайды пайдаланып, жалған анықтама алатындар бар. Бірақ, қазір медицина саласына цифрландыру жүйесін енгізудің арқасында мұндай қулықтар жойылды. Шартты көмек алатындарға қаржылай көмек негізінен уақытша беріледі. Яғни, ол азамат еңбекке қабілетті болғандықтан тұрақты жұмыс тапқанша, табысы кедейлік шектен шыққанша аяққа тұрып кетсін деген ниетпен беріледі. Бұл топттағы тұрғындарға мемлекеттік органдар тұрақты жұмыс тауып береді. Егер тұрақты жұмыс орны табылмаса, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Мамандығы, білімі жоқ болса, кәсіптік оқытуға жібереді. Жұмыспен қамтудың жобаларына қатыстырып, тәжірибе жинауына, білім алуына жағдай жасайды.
Сөз соңында халқымыздың «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» деген мәтелін еске алғымыз келеді. Яғни, адам өз күнін өзі көруі үшін әрекет жасап, адал еңбекпен несібесін айырып алуға әрекет жасамаса, мемлекеттің немесе өзге адамдардың көмегіне қол жайған адамның ішегі ағарып, тұрмысы түзу болып кетуі қиын-ақ. Мемлекет басшысының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасының мәні, міне, осында жатыр.
Айдар ҚҰЛЖАНОВ