Шымкент қаласының ТЖД қызметкерлеріне өрт сөндіру техникалары мен жаңа пәтерлердің кілті, нысанды киім-кешекті салтанатты тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

Материалдық-техникалық базаны жаңғырту жөніндегі ведомстволық бағдарлама шеңберінде өңірге заманауи құтқару және өрт техникасының рекордтық көлемі жіберіліп, еліміздің оңтүстігіндегі ТЖМ бөлімшелерінің әлеуетін нығайтуға зор септігін тигізбек.
Қала әкімі азаматтық қорғау саласына жеткілікті қолдау көрсетіліп жатқанын, бұл жұмыстар одан әрі жалғасатынын атап өтті.
–Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде іске асырылып, азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртуға, оның тиімділігін арттыруға және қызметкерлер үшін қызмет көрсету жағдайларын жақсартуға бағытталған. Соңғы жылдары азаматтық қорғаныс саласында материалдық-техникалық базаны жаңарттық. Жаңа өрт сөндіру деполары ашылды. Тағы да салынып жатыр. Өз өмірін қатерге тігіп, адал қызмет етіп жүрген азаматтарға пәтер кілті мен жаңа формаларды табыстаймыз. Бұл ең алдымен сіздердің еңбектеріңіздің бағалануы, — деді қала әкімі.
Жиында Ш.Әрінов жаңа техникалар халыққа қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді.
Салтанатты іс-шарада жергілікті атқарушы органдардан 38 бірлік өрт сөндіру техникасы, республикалық бюджеттен 5 автокөлік берілді. Жаңа көліктер апатты жағдайларға тез жетіп, өрт сөндіруге септігін тигізбек.
Сондай-ақ, департаменттің өрт сөндіру саласының 25 қызметкеріне жергілікті «Қамқор» бағдарламасы аясында пәтер кілттері тапсырылды. Қазақстандық құтқарушылар қорының қолдауымен қызметкерлерге жаңа нысанды киім-кешек берілді. Жеке құрамға әлеуметтік қолдау министрлік және қала әкімдігі тарапынан көрсетіліп отыр.
Тағабай ҚАСЫМОВ
