Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда қазақстандық киноиндустриядағы басты мәселелердің біріне тоқталып, кино сапасына қоғам тарапынан сын көп екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысы кино мен анимацияның маңызды идеологиялық құрал екенін баса айтып, мемлекеттік тапсырыссыз, жеке қаржыландырумен түсірілетін фильмдердің де сапасына назар аудару керектігіне тоқталып өткен болатын. Мемлекет басшысы 2024 жылы Қазақстанда 94 фильм түсірілгенін, бұл отандық кино өндірісінің белсенді дамып жатқанын көрсеткенімен, басты мәселе сапада екенін атап өткен-ді.
Қ.Тоқаев «Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, ал, жағымсыз әдеттерді насихаттау – мүлде басқа нәрсе. Соңғы уақытта зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы мәселені ескерген жөн», – деген еді.
Ел Президенті ұлттық анимация саласының дамуына ерекше көңіл бөлу керектігін де айтқан болатын. «Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде, ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе», – деген еді Қ.Тоқаев.
Осы орайда күні кеше Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының «Тоқты мен Серке» толық метрлі анимациялық фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл – корпорация құрамындағы «Balapan» телеарнасының 15 жылдығына орай прокатқа шығарылған үшінші толықметрлі мультфильм. Бұған дейін кинопрокатқа «Шоқан. Қашқария сапары» және «Желаяқ» туындылары ұсынылған болатын.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай бұған дейін эфирге арналған жобаларды толықметрлі форматта кинопрокатқа шығару нарықта қазақ тіліндегі сапалы контентті көбейту мақсатында жасалған қадам екенін айтқан еді. Жабық көрсетілім барысында «Balapan» телеарнасының директоры Мақпал Үкенова:
«Арна «Тоқты мен Серке» мультхикаясын 2022 жылдан бері үздіксіз өндіріп келеді. Бүгінге дейін 78 сериядан тұратын 6 маусымы әзірленіп, өз көрерменін тапқан танымал туындыға айналды. Жоба жаз бойы еліміздің 28 қалсындағы 80-ге жуық кинотеатрда көрсетіледі», -деді.
Фильмнің режиссері және сценарий авторы – шымкенттік Батырхан Дәуренбеков, продюсері – Нұриддин Паттеев, қоюшы-суретшісі – Самат Нұралиев. Фильмнің шығармашылық тобы «Balapan» арнасының көрермендері үшін «Томпақ», «Қалқанқұлақ», «Вундеркинд бала» телехикаяларын түсірген.
«Ұрлық түбі – қорлық» деген нақыл сөздің мағынасын балаларға осы көркем туынды арқылы жеткізгіміз келді. Дәл осы ұстаным негізінде жарық көрген «Тоқты мен Серке» толықметражды анимациялық фильмі – бүгінгі жас көрерменге арналған тартысты, күлкілі, тәрбиелік мәні терең жоба. Фильм ұлттық таным мен заманауи тақырыптың тамаша үйлесімі деуге болады. Мақсатымыз – қазақ анимациясын жаңа белеске көтеріп, ұлттық кейіпкерлер галереясын толықтыру», – дейді жоба авторлары.
Анимациялық фильм 3 шілдеден бастап кинопрокатқа шығады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ