Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар екенін айтқан болатын. Президент «Еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мен ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл Әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр. Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек», – деген болатын.
Расында кез-келген іс қадірлі. Адамның абырой-беделін, имиджін, репутациясын көтеретін де, ел азаматы, дара тұлға ретінде қалыптастыратын да, тұрмыс-тіршілігін жақсартатын да – тек адал еңбек. Ал, парасатты, саналы азаматтың қарым-қабілеті мен мүмкіндігі мол. Қарқынды еңбек етуге потенциалы да орасан зор екенін білгені нұр үстіне нұр.
Қазыбек би бабамыз «Атадан жақсы ұл туса, елінің зоры болады, атадан жаман ұл туса, адам біткеннің қоры болады» деп дұрыс айтқан. Демек, қажырлы, әділ еңбекке қатысты өз көзқарасын, әдетін, мінез-құлқын, талантын бейімдеу, дамыту, жетілдіру, өзгерту, әрі шыңдау әр адамның өз қадірінде екенін үнемі назарда ұстаған дұрыс.
Десек те, атам қазақ «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», «қорыққанға қос көрінер», «көз қорқақ, қол батыр, талаптыға нұр жауар» деп тектен-текке айтпаған болар. Ендеше бұл бес күн жалғанда әртүрлі кедергілер мен келіспеушіліктер, қиындықтар, қателіктер, сәтсіздіктер болмайды емес. Сондай-ақ, қазанаттың жолында жазық та бар, ор да бар, ер азаматтың жолында бақ та бар, сор да бар.
Айтпақшы, қолынан іс келетін, дені сау адамның шектен тыс еш әрекетсіз құр қол қусырып отыруы, бейқамдығы, жалқаулығы, масылдығы, жоспарлаған істі аяқсыз қалдыруы, істі кейінге қалдыра беруі, немқұрайлы, салғырт, үстірт қарауы жақсы әдет емес. Мұндай жағымсыз қасиеттердің пайдасынан гөрі, зияны көбірек болары сөзсіз. Сонымен қатар, «жаңбыр тамшылары жер ширатади, тағдыр қиыншылығы ер ширатады, жер емес тамшыдан соң жатса езіліп, ер емес қамшыдан соң кетсе үзіліп» деген сөзде үлкен мағына бар. Бай-бақуатты болу үшін ауыр еңбектен қорықпай, елге шабытыңмен, Отанға жаныңмен адал қызмет ету керек.
Қысқасы, сынағыңыз көбейген сайын сыр бермей, сабыр кылыныз. Себебі, қараңғылықтың қоюланғаны, таңның жақындағанын білдіретенін ескертен дұрыс. Біздіңше, еңбекқор ел азаматының бойында мынандай қасиеттер болғаны дұрыс. Тұлға болып, дамуға, жетілуге, өсуге, өзін-өзі жетілдіруге, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, тануға, ізденуге, ілгерілеуге ұмтылу.
Алдын ала нақты, биік әрі шынайы мақсат қоя білу, азаматтық, қоғамдық, моральдық жауапкершілігі жоғары болу. Кез келген іске қызығушылықпен қарап, батыл, стандарттан тыс, тосын әрі тың идеяларды жүзеге асыруға құштарлық таныту. Өзіне және өз кәсібіне адалдық танытып, шынайы ниетпен еңбек ету. Қиын, күрделі, маңызды, перспективалы, шешуші жобалар мен өзекті мәселелерге кәсіби тұрғыда жауапкершілікпен қарап, нақты жоспар құруға икемділік. Мәжбүрлі түрде емес, өз еркімен адал, белсенді, шешімді, жүйелі, нәтижелі және сапалы еңбек етуге ұмтылу. Айқын бағыт-бағдары мен нақты ұстанымы бар, өз кәсібін терең меңгеруге және оны дамытуға ынталы болу.
Жетістік – адамның көздеген ізгі мақсатына, өмірлік мұратына жету жолындағы табандылығы мен қажыр-қайратының жемісі. Нағыз жетістікке ұмтылған жан бір ғана сәтсіздіктен мойымай, қайта шыңдалып, келесі мүмкіндіктерге қарай нық қадам басады. Бұл – адамның ішкі ерік-жігері мен рухани тұрақтылығының көрінісі. Олай болса, әрбір жоспарланған іс пен мақсат нақты нәтиже беруге бағытталуы тиіс. Әр күн сайын өз борышымызды, жұмысымызды, міндетімізді адал, байыпты, белсенді әрі жүйелі түрде орындауға, парасатты, позитивті, табанды және төзімді болуға ұмтылу – әр азаматтың басты борышы. Қорыта айтқанда, біздіңше, қоғамда тек адал еңбегімен, табандылығымен, ізденісімен жетістікке жеткен ел азаматтары ғана ерекше құрметке, бедел мен абыройға ие болмақ.
Ораз ШЫНАЛИЕВ, зейнеткер, заңгер
