Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз жиынында Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков 2025 жылдың бірінші жартысында атқарылған жұмыстарды баяндады. Жаңа аудан болғанымен, мұнда халық саны қазірдің өзінде 232 мыңнан асып отыр. Құрамында 21 шағын аудан, 548 көпқабатты тұрғын үй және 39 мыңнан астам жеке үй бар. Әкімнің айтуынша, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін инфрақұрылымнан бастап, абаттандыруға дейінгі бағыттардың бәріне көңіл бөлініп келеді.
Бүгінгі таңда аудан аумағының 98,5 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Ал, Айкөл, Құрсай шағын аудандарында таза ауыз су 2025-2026 жылы беріледі деп жоспарланған. Мәселе шешімін тапса, аудандағы тұрғындар таза ауыз сумен 2026 жылы 100 пайызға қамтылады. Табиғи газға қол жеткізгендер – 85,7 пайыз, ал екі жылдан кейін бұл көрсеткіш те жүз пайыз болады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда Жаңаталап, Құрсай, Айкөл шағын аудандарында табиғи газ орнатылмаған. Табиғи газбен қамтылмаған шағын аудандардың көрсеткіші 14,3 пайызды құрап отыр. Ал, әкімдіктің бас жоспарына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін аталған 3 шағын ауданда табиғи газ 100 пайызға орнатылмақ. Электр жүйесімен 95,2 пайызға қамтылған, ал, 2025 жылдың соңына дейін аудан электр жүйесімен толық қамтылады.
Тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруі үшін әкімдік тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, әлі күнге дейін мәселе туындатып отырған жағдайлар да бар көрінеді. Мәселен, аудан аумағы кәріз жүйесімен 57,1 пайызға қамтылған. Түркістан шағын ауданы бойынша кәріз жүйесін орнату бойынша жұмыстар 2024 жылы басталды. Жыл соңына дейін аяқталады деп күтуде. Ал, Қазбек би көшесінде кәріз жүйесінің құрылысы 2025-2026 жылдары аралығында жүргізіледі. Жыл соңына дейін көрсеткіш 60,2 пайызға жетуі тиіс.
Жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Тұран ауданында жол мәселесі жыл сайын жүйелі түрде шешіліп келеді. Қазіргі таңда аудан аумағында 1229 көше бар. Олардың жалпы ұзындығы 570 шақырымнан асады. Соның ішінде 458 шақырымы асфальт болса, 112 шақырымы тас жол күйінде қалып отыр. Алайда, биылғы жоспарға сәйкес, бұл көрсеткіш түбегейлі өзгереді. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы аудандағы 251 көшеге жаңа асфальт төселмек. Жоспардың ішінде 22 көше орташа жөндеуден өтсе, 229 көшеге толықтай жаңа жол жабындысы төселді. Нәтижесінде, 2025 жылдың соңына дейін Тұрандағы асфальтталған көшелердің үлесі 80,4 пайыздан 100 пайызға жетпек.
– Жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі күннің өзінде бірқатар көшелерде жұмыс аяқталған. Мәселен, Арғымақ шағын ауданында төрт көше жөнделсе, Құрсайда – 15 көше, орталық аумақта 3 көше жаңартылды. Ал, жаңа жол жабындысы ең көп төселіп жатқан аймақтар қатарында Жаңаталап (42 көше), Құрсай (52 көше) және Құлагер (54 көше) шағын аудандары бар. Жаяу жүргіншілерге де қолайлы жағдай жасалып жатыр. Былтыр аудандағы 39 көшеге 21 шақырымнан астам аяқжол төселсе, биыл тағы 44 көшеде осындай жұмыстар жоспарланған. Қазірдің өзінде 31 көшеге 15,5 шақырым аяқжол салынды, ал, қалған 13 көшеде жұмыс жалғасуда, – дейді Берік Әшірбеков.
Аудандағы инфрақұрылымды жақсартуда ирригациялық жүйелердің орны бөлек. 2025 жылы 35 көшеге 17 шақырым су жүйесі салынбақ. Оның ішінде бүгінге дейін 30 көшеге 14,7 шақырымдық жұмыс атқарылып, жыл соңына дейін тағы бес көшеге қосымша 2,3 шақырым арық тартылады.
Жолдармен қатар, жарық мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Егер 2023 жылы ауданда тек 22 көше ғана жарықтандырылса, өткен жылы бұл көрсеткіш еселеніп, 681 көшеге жарық шамдар қойылған. Қазіргі таңда 95 пайызға жуық көше жарықтандырылды. Ал 2025 жылдың соңына дейін қалған 333 көшеге де шам орнатылып, көрсеткіш толық 100 пайызға жетпек. Бұл жұмыстар аяқталған соң Тұранның әрбір көшесі жарықтанып, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы жүріп-тұруына мүмкіндік туады.
Көрікті муралдар қаланың сәнін кіргізеді
Көпқабатты үйлердің сыртқы келбетін жаңарту да қолға алынған. Биыл 9 үйдің қабырғасына мурал салынса, жалпы аудан бойынша 49 үйдің сырты жарықтандырылып, түнде ерекше сән беріп тұр. Сонымен қатар «Тұрғын үй» серіктестігі 6 көпқабатты үйді жөндеуден өткізіп жатыр. 548 үйдің 503-і орталық жылу жүйесіне қосылған, қалғандары автономды жүйемен қамтылады. Қысқа дайындық жұмыстары да уақытылы жүргізіліп, қажетті актілер алынған.
Сонымен бірге әлеуметтік жобалар да назардан тыс қалған емес. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында биыл 32 жоба жүзеге асырылыпты. Оның ішінде 19 балалар ойын алаңы, 13 ашық спорт алаңы және 6 балалар ойын алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Олар: Сүлейменов және Хайрулин көшесі, Диваев көшесі №142Б, Орманов көшесі №40, №42 мекен-жайдағы ойын алаңшалары. Тұранда абаттандыру жұмыстары да қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде бес жерде жаңа гүлзарлар салынып, демалыс орындары көбейді. Мәселен, Р.Қабылбеков көшесі бойындағы гүлзар толығымен аяқталып, тұрғындар игілігіне берілді. Сондай-ақ, Т.Рысқұлов пен А.Байтұрсынов көшелерінің қиылысында жаңа демалыс орны бой көтеріп жатыр. Бұл жұмыстар қала көркін ашып қана қоймай, халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Экология мен тазалық – аудан әкімдігінің басты назарындағы бағыттардың бірі. «Таза Қазақстан» акциясы аясында 70-тен астам сенбілік ұйымдастырылып, оған 117 мыңнан астам тұрғын мен жүздеген мекеме қатысқан. Мыңдаған тонна тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға шығарылып, саябақтар мен тарихи нысандар ретке келтірілген. Сонымен бірге 8 мыңға жуық ағаш әктеліп, санитарлық қырқу жұмыстары жасалды, 3 мың түп жаңа тал егілді. Мұндай жұмыстардың нәтижесінде ауданның экологиялық ахуалы айтарлықтай жақсарған.
Жалпы, Тұран ауданының биылғы жарты жылдағы дамуы ауқымды. Инфрақұрылым жүйелері жаңартылып, көшелер жөнделіп, аумақ абаттандырылып келеді. Әкім Берік Әшірбековтің сөзінше, алдағы екі жылда аудан толықтай ауыз су, газ және электрмен қамтылып, жолдардың бәрі асфальтталады. «Басты мақсатымыз – тұрғындар үшін ыңғайлы, заманауи әрі таза орта қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғаса береді», – деді ол.