Редакция таңдауы

Тұранның тұғырлы тұлғасы

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасында қазақтың ардақты ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің 110 жылдығына орай «Тұранның тұғырлы тұлғасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараға танымал жазушылар, тарихшылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысып, Тәшеневтің ел үшін атқарған ерен еңбегі жайында тағылымды ой қозғады.

Кештің модераторы жазушы, тарихшы-шежіреші, Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент қаласындағы өкілі Момбек Әбдәкімұлы болды. Жиын «Тағдыр жолы» атты бейнебаянмен ашылып, көрермендерге Тәшеневтің өмір жолы мен мемлекеттік қызметтегі батыл шешімдері туралы деректер ұсынылды.

Кеш барысында жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Захардин Қыстаубайұлы, академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің «Құқық және тарих» кафедрасының меңгерушісі Кемелбеков Қынатбек Бердалыұлы, ақын, Мақтарал және Жетісай аудандарының «Құрметті азаматы», ҚР Журналистер одағының мүшесі Пердеш Есенбеков, сондай-ақ, Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың Тифлология бөлімінің меңгерушісі Бакиев Ербек Мейрамбайұлы сөз алып, тұлғаның тағылымды өмірі мен қазақ жерінің тұтастығы үшін жасаған еңбегі жайында кеңінен әңгімеледі.

Жиында Ж.Тәшенев атындағы университет студенттері арнайы сахналық көрініс қойып, оның өміріндегі маңызды сәттерді көркем образ арқылы көрсетті. Ал, Айтбай Сымбат, Бекмаханбет Мерей, Нұржанқызы Гүлсезім сынды жас өнерпаздар арнау өлеңдерін оқып, өз өнерлерін паш етті. А.Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта мектептің түлегі қазақтың қара домбырасымен әсем күй орындап, шараның мазмұнын аша түсті.

– Елінің ертеңі үшін күрескен тұлғаның есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс. Біз Жұмабек Тәшеневтің ұлтқа сіңірген еңбегін жас ұрпаққа насихаттау арқылы еліміздің болашағына үлес қосамыз, – деп түйіндеді іс-шара соңында кітапхана директоры Раушан Бабажанқызы:

Бұл рухани кеш қазақ тарихындағы ерлік пен елдік ұғымдарының мәнін тағы бір айшықтай түскендей болды. Ұлтжанды тұлғалардың еңбегі ешқашан елеусіз қалмайтыны анық.

Мадина АБДРАШОВА,
Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері

Соңғы жаңалықтар