Редакция таңдауы

Тұрғындардың талабы тұрақты түрде талданады

Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі әрі қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында бірқатар өзекті мәселеге қатысты мәлімет ұсынып, қоғамда қызу талқыланып жүрген оқиғаларға нақты түсініктеме берді.

Ресми өкіл алдымен қаладағы қылмыстық ахуалға тоқталды. Оның мәлімдеуінше, өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 181 қылмыстық іс тіркеліп, оның 11-і сотқа жолданған. Ең жиі тіркелетін қылмыстардың қатарында алаяқтық, ұрлық, есірткінің заңсыз айналымы, тонау және жол-көлік оқиғаларына байланысты істер тұр. Алаяқтық қылмыстарының дені интернет алаяқтықпен байланысты болған. Соның ішінде интернет жарнамалар арқылы тауар сату – 14, инвестициялық табыс уәдесімен ақша жинау – 2, жалған банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде қоңырау шалу – 11 және несиені заңсыз рәсімдеуге қатысты екі оқиға тіркелген. Осы орайда Сәрсен Абайұлы қала тұрғындарына күмәнді қоңырауларға сенбей, өз банктерінің ресми нөміріне қайта қоңырау шалу арқылы нақты ақпарат алуды ұсынды.

Сондай-ақ, қалта ұрлықтарының саны да артып кеткен. Мұндай ұрлықтар көп жағдайда қоғамдық көліктерде, базарларда және мерекелік іс-шараларда тіркеледі екен. Есірткі айналымына қатысты мәселелер де өзекті. Өткен аптада есірткі заттарын таратумен айналысқан 11 адам ұсталыпты. Мұндай қадамға барғандардың арасында жастар да, егде жастағы тұрғындар да бар. Жалпы жастардың әлеуметтік желілердегі жалған жарнамаларға алдану фактілері жиілеп отырғанын жеткізген ресми өкіл «Жастарымыз күмәнді курьерлік қызметтерден бас тартып, қоғамға пайдалы жолмен үлес қосуға тиіс», деп отыр.

Жол апатына қатысты статистика да ойландырып тұр. Ал, әлеуметтік желіде жарияланған «Ай көркем» балабақшасындағы тәрбиешіге қатысты мәселе бойынша білім басқармасы және полиция департаменті тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны құлағдар етілді. Айта кету керек, «Ай көркем» бөбекжай-балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі бүлдіршінге қол көтергені анықталып, қызметкер ішкі еңбек тәртібімен жұмыстан босатылған.

Бұдан кейін Сәрсен Абайұлы биыл шаһарда 260 азаматқа 1 572 800 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант берілетінін жеткізді. Өтінімдер 21 мамыр – 3 маусым аралығында қабылданған. Қазір комиссия алдында үміткерлер жобаларын қорғап жатқанын айтқан ол «Комиссия құрамына депутаттар, кәсіпкерлер, журналистер және қоғамдық кеңес мүшелері енді. Жобалардың өміршеңдігіне, үміткердің сол саладағы тәжірибесіне, жұмыс орындарының ашылуына және өндірістік әлеуетіне мән береді. Былтыр 428 азамат грант алған. Соның ішінде 44 жоба – мал және құс шаруашылығы, 100 – қызмет көрсету, 84 – тігін, 56 – кондитерлік өнім, 62 – өндіріс, 43 – қоғамдық тамақтану орындары», деді. Ал, әлеуметтік осал топтардан 934 азамат өтінім берген. Қайтарымсыз грант қаржысы несиені өтеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға, акцизделетін өнімдерді өндіруге жұмсалмайтыны баса айтылды. Комиссия отырыстары әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.

Сонымен қатар, брифинг барысында жер қойнауын пайдалануға қатысты мәселелер де айтылмай қалмады. Қала аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруде 14 келісімшарт жасалып жатыр. 2018 жылдан бері 24 келісімшарт тоқтатылған. Бадам өзені бойында тіркелген жер қойнауын пайдаланушылар жоқ. Сондықтан ондағы жұмыс жүргізіп жатқандар заңсыз деп танылып, қазір рейдтер ұйымдастырылып жатыр.

Бұдан бөлек, Sayabak alemi ЖШС-не қатысты заң бұзушылықтарға тоқталған қала әкімінің орынбасары мемлекеттік кірістер департаментінің талдауына сәйкес, серіктестік 2023 жылғы салық есебінде 48,7 млн теңге айналым көрсетіп, жұмысшы саны 18 деп мәлімдегенін айтады. Алайда, былтырғы тексеру серіктестіктің айналым көлемі 292 млн теңге, жұмысшылар саны 24 адам екенін анықтаған. Бірақ серіктестік жалға алушылар жөнінде ақпарат ұсынбаған. «Ал, бұл әрекеттер салықтан жалтару белгілеріне жатады. Сол үшін қазір анықтау шаралары жалғасып жатыр», – деді ресми өкіл.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар