Шымкент қаласында Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында бос жұмыс орындарының кең ауқымды жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға мегаполистегі мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындар, сондай-ақ, еліміздің солтүстік өңірлерінен арнайы келген делегациялар қатысты.
Жәрмеңке аясында жұмыс берушілер 3,5 мыңнан астам уақытша және тұрақты бос жұмыс орнын ұсынды. Жалпы, 120-ға жуық жұмыс беруші өз саласы бойынша кадрлар іздейді. Қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жәрмеңкені аралап, жұмыс берушілермен пікірлесіп, еңбек заңнамасының сақталуына ерекше назар аудару қажеттігін қатаң ескертті.
Іс-шараға Amanat партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бастаған фракция жетекшілері де қатысты. Олар партияның сайлауалды бағдарламалары аясында халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Жәрмеңкенің ерекшелігі – Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау және Қарағанды облыстарынан арнайы делегаттардың келуі. Олар ерікті қоныс аудару мен оған көрсетілетін әлеуметтік жәрдемдер және жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат ұсынды.
Шымкент қаласы әкімдігінің еңбек мобильді орталығының директоры Бақыт Арқабаевтың айтуынша, қала тұрғындарының 4,9 пайызы жұмыссыз. Бұл – 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы.
Жұмысқа ниетті азаматтар аудандық Мансап орталықтарының мамандарының көмегіне жүгініп, болмаса Enbek.kz порталы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Түйіндеме жүктеу және бос жұмыс орындарын іздеу жөнінде кеңес алып тұрақты жұмыспен қамтылады. ЖОО-нын бітірген жас мамандар «Жастар практикасы» бойынша, ал зейнеткерлер «Күміс жас» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтылады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ