Редакция таңдауы

ТҰРҒЫНДАРҒА БАСПАНА КІЛТТЕРІ ТАБЫС ЕТІЛДІ

Қаладағы Наурыз алаңында өткен Otbasy Fest мерекелік іс-шарасында қала тұрғындарына пәтер кілті табыс етілді. Қала күніне орайластырылған кешке танымал эстрада жұлдыздары қатысып, шымкенттіктер мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шаһарда «Отбасы банк» тарапынан «Қамқор» өңірлік бағдарламасы іске қосылған еді. Бүгінде қала тұрғындары бағдарлама бойынша жеңілдетілген несиемен белгілі құрылыс компанияларынан баспанаға қол жеткізіп отыр.

«Отбасы банк» АҚ Otau group, OKS group, Kanfar building, Pioneer group құрылыс компанияларымен бірлесіп, баспаналы болған шымкенттіктерге керемет кеш ұйымдастырды.

Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков, «Отбасы банк» АҚ ауылдық аумақтарды дамыту және сату департаментінің директоры Гүлмира Датқаева және жергілікті құрылыс компанияларының өкілдері тұрғындарды қоныс тойымен құттықтап, жалпы 20 азаматқа пәтер кілтін табыстады.

Пәтер кілтін табыстауға арналған салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.
Қазіргі таңда «Қамқор» өңірлік бағдарламасы – тұрғындардың баспаналы болуына қолайлы бірегей жоба. Аталған құрылыс компаниялары тұрғызған көп қабатты үйлер де қаланың инфрақұрылымы дамыған аудандарында орналасқан.

Айта кетсек, қазіргі уақытта Шымкент қаласы әкімдігінің өңірлік бағдарламасы арқылы 368 тұрғын баспаналы болды.

Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар