Редакция таңдауы

Турағұлдың тағдыры Арттағыға сөз  қалсын

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек

Абай

Зерттеуші М.Кенемолдин Турағұлдың мұралары туралы: «…1925 жылы А.М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін алғаш рет қазақ тіліне аударып, Мұхтар Әуезұлының редакторлығымен Семейде шығып тұрған «Таң» журналының №3,4 сандарында жариялайды. Ал 1927 жылы Әлихан Бөкейхан қызмет істейтін Мәскеудегі КСРО Халықтары Орталық баспасынан Тұрағұл Абайұлының қазақшаға аударуындағы А.Неверовтың «Ортақшыл Мария» және «Мен өмірге жерікпін», Джек Лондонның «Баланың ерлігі», Болеслап Прусұлының «Антек қыран» әңгімелері өз алдына жеке-жеке кітап болып басылып шығады. Сонымен бірге 1926 жылы Семей губерниялық баспасынан «Қолдағы малдардың, құстардың құрт ауруы болмағы жайы» (авторы А. Бельцер), 1927 жылы КСРО Халықтары Орталық баспасынан «Балалы әйел не білу керек?» (авторы Г. Сперанский) деген аудармалары жарық көреді», – дейді.

Турағұлдың тағы бір өнері – оның ақындығы. ҚР Жоғары білім және ғылым министрлігі  Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасында Турағұл Ибраһимұлы шығармашылығына қатысты 7 беттік қолжазба сақталған. Қолжазба латын қарпінде терілген. Титулдық бетінде: №628 (3)Тұрағұлдың Абдірахманға өлеңмен жазған хаты, дәптерді ашқан бетте: «1.Абайдың Тұрақұл деген баласы Алматыдағы науқастанып жатқан Абдрақыман деген ағасына өлеңмен жазған хаты 1-3. 2.Тұрақұлдың тағы бір хаты 3-4. 3.Абайдың Мағауия деген баласы Абдірахман Алматыда өткенде қасында болған, сонда ағасының науқастан бейнет көріп жатқанын өлеңмен айтқаны 4-6», – деп тақырыпталған. Сондай-ақ, Абайдың Ділдадан туған баласы Мағауияның Әбдірахманға арнаған «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе ойлап» деген өлеңі де аталмыш дәптердің 4 бетінде орналасқан. Әбдірахманның 1895 жылы қайтыс болғанын ескерсек Тураштың бұл өлеңдерді осы жылдар ішінде жазғаны анық. Жас тұрғысында Тураш бұл кездерде небәрі 20 жасар жігіт болып тұр ғой. Осы дәптерде Турағұлдың өлеңі деп берілген, «Абайдың Турағұл деген баласы Алматыдағы науқастанып жатқан Ғабдырақыман деген ағасына өлеңмен жазған хаты екен», – деген тақырып қойылған төмендегі мына бір өлең көзімізге оттай басылды.

Көзімнің нұрысыз, сізсіз жоқ қуаныш,
Өмірімнің гүлісіз, көңіліме жұбаныш.
Зар қылып тілеймін, рахымын Алланың,
Елжіреп жылаймын,
                       көңілін аш бәндеңнің.
Саулығын қалқама, бере гөр я Рахым,
Тілегім бұл ғана, қайғымды қыл шағын.
Ағатай сағындым, сені сау көрмекке,
Осы күн өмірімнің, еш бір жоқ қызығы.
Жаралы көңілімнің, жазылмай сызығы,
Мақсатым хатымда, аз уақыт болса
                                          ермек,
Сөзім жоқ татымды, қошлық бен
                                          көріспек.
Ұйықтасам түсімде көремін, қуанып,
Әр күннің кешінде қаламын жұбанып.

 

Бұл өлең Абайдың 1995 жылы жарық көрген 2 томдық академиялық басылымның 1 томында (155 бетте) «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» деп берілген. Бір қызығы аталмыш өлең М. Әуезов құрастырған 1933 жылғы толық жинақта кездеспейді. Енді осы өлең турасында азды-кем пікірімізді айтар болсақ, бұл өлең Абайдың академиялық басылымында:

Сөзім жоқ татымды,

Хошлықпен көріспек, — деп аяқталады. Ал қолжазбадағы аяқталуында:

Ұйықтасам түсімде көремін, қуанып,

Әр күннің кешінде қаламын жұбанып, — деген еш жерде жарияланбаған жолдарды аңғардық. Ал, енді өлеңнің текстіне келер болсақ:

Ағатай сағындым, сені сау көрмекке,

Осы күн өмірімнің, еш бір жоқ қызығы, — деген жолдардан-ақ  бұл өлеңді Әбдірахманнан жасы кіші адамның жазғанын байқауға болады. Әбдірахман мен Кәкітай екеуі 1868 жылы дүниеге келген. Жас шағынан алғанда екеуі түйдей құрдас. Ал Тураш жоғарыда айтып өткеніміздей 1875 жылы туған. Демек, Тураш Әбіштен 7 жас кіші. Қолжазбадағы соңғы екі жолдың Абайдың академиялық жинағына кірістірілмеуі, сондай-ақ бұл өлеңнің Мұхаң құрастырған 1933 жылғы жинаққа енбегеніне қарап бұл өлең сөзсіз Турағұлдікі болуы мүмкін деген байлам жасап отырмыз. Себебі, бұл өлеңдер Қайым Мұхамедханұлының Турағұл туралы зерттеулерінде кездеседі.  Кейінгі жинақтарда бұл өлеңнің Кәкітай атынан шығып жүргендігінің бір себебі, сол заманда Турағұлдың есімін атауға тыйым салынғандығында болуы мүмкін. Өйткені, Тураш көзі тірісінде қаншама дүниелерін өзге біреулердің атымен беріп отырғаны жайында деректер де жоқ емес. 1993 жылы Т. Ибраһимұлының «Әкем Абай туралы» естелігін құрастырған профессор Мекемтас Мырзахметұлы Мәкен апаның естелігін былай деп хатқа түсірген: «Тұрағұлдың қызы Мәкен апайдың әкесі жайлы: «Мұхтар Әуезов әкем туралы әңгімелеген кезде, Мәкен, Тұрағұл орыс тілінен көптеген көркем шығармалар аударып, басқа кісілердің атымен шығып тұрды. Қаламақысын өзіне жіберіп отырдық. Амандық болса бәрін де кейін айтып берем дейтін. Бірақ тағдыр оны бізге жазбады. Мұқаң кенеттен қайтыс болып кетіп, ол сырдың шындығы ашылмай қалды, қарағым», – деп тебірене отырып мұңая еске алғаны бар еді», – дейді. Міне, өздеріңіз байқағандай Мұхаңның көзі кеткеннен кейін бұл дүниелер де бізге құпия да, жұмбақ болып қалды. Алайда, белгілісі, Тураштың басындағы қиындықтардың салдарынан жазған еңбектерінің өзгенің атынан жарық көріп отыруы қаламгер үшін оңайға түспейді.

Турағұлдың өлеңдеріне қатысты там-тұмдаған мағлұматтарымыздың ұзын-ырғасы осы, латын қарпінде терілген Т. Ибраһимұлының шығармаларын кириллге түсірген едік. Сол өлеңдер тізбегін осы жерге бергенді жөн көрдік.

 

Тағы сол Турағұлдың Ғабдырахман деген ағасын Әбіш деп айтушы еді. Жаңа бір жазған хаты.

Рахаты көңілімнің Әбіш ағай,
Аллаға мәлім шығар біздің де жай.
Күнде Алладан тілеймін тынбай жылап,
Бізді душар қылдың деп күнге осындай.
Аллаға мағұлым шығар қылған сыйым,
Жан қиюға ризамын бір сіз үшін,
Өмірімнің осы күнгі бар қызығы,
Амандасып, жолғысып көрген түсін.
Оңалып лазареттен шықтық деген,
Сөзіңіз жанға жылы болды тәтті.
Бірің ақыл, бірің көрік ағаларым,
Бұрынғыдан екі есе бағаларың,
Әбіш ағам бағымыз Құдай берген,
Құдай-ау бұл көңілді қылма жарым.

Турағұлдың тағы бір хаты

Бастапқы қатты көріп қалдық шошып,
Соңғы хаттан жақсылық тұрдық тосып.
Жүректің шошығаннан лүп еткенін,
Қайта оңалған қызыққа кеттік түсіп.
Өңге ой жоқ, тыңдап қаппын хаттың сөзін,
Хат оқыған ағада екі көзім.
Хат біткен соң ағамды абайласам,
Көз жасаурап, суалған көрдім жүзін.
Онан соң алдық жыртып соңғы хатты,
Құдайға етем қылып мінәжатты.
Көп тіленіп сұрайды осыны айтып,
Мен шыдаймын есітіп мұны қайтып?
Жүзін көріп бейнеті еске түсіп,
Бойымды жеңе алмадым бүгін тартып.

 

Аманатқа адалдық

Тар заманның зауалына тап болып, қысқа ғұмырдан дәнедей қызық көрмей өткен Турағұл 1934 жылы Шымкенттегі қызы Мәкеннің қолында фәни дүниемен қош айтысты. Ащы тағдыры күрмеулі болса да, дәуірлердің өзін бас идірген тұлғалардың отын өшірмеу біздің азаматтық борышымыз емес пе?! Шындығын айтқанда Турағұл Ибраһимұлының жерленген жері туралы 2-3 жылдан бері қатты ойланып, толғанып келемін. Жұмыр басты пенденің де пешенеге жазғаннан қашып құтыла алмасы ақиқат. Бақиға аттанса да Турағұлдың жыры ешқашан өшпек емес. Мүрдесі туралы осы күнге дейін көп айтылып та, жазылып та келеді. Тіпті бір абайтанушылар тұлғаның сүйегі қорғасын зауытының астында деп жаңсақ пікір айтса, бір тобы «Химфарм» зауытының астында қалып қойды, деген тұжырымдарын айтып келеді. Бұл мақаланы жазуымыздың да басты себебі – осы бір таласқа нүкте қою.

1995 жылы белгілі продюссер, кинорежиссер Сергей Әзімовтің «Мен Абайды әке деймін» атты деректі фильмі жарыққа шыққан болатын. Бұл деректі фильмнің құндылығы – Мәкен апамыз осы туындыға түсіп, Абай ұрпақтарына қатысты мәліметтерді өз аузымен айтып беруінде. Турағұлдың дүниеден өтердегі ақырғы сәтін Мәкен апамыз фильмде былай деп еске алады: «…Ағамның өзім басында отырдым, 1934 жылы 6 март күні менің қолымда қайтыс болды. Бір күні мен әкемнің ауыр жағдайда жатқанын көріп, үстіне құладым:

– Аға сен де кетейін деп жатсың ба? – деп егілдім.

Сол кезде жерде жатқан менің басымды көтеріп алып:

– Сен мені өлмесін дегенің қарғағаның ғой. Мен сенің қолыңда өліп алайын деп жатырмын, шырағым. Егер де сенің қолыңда өлмесем, онда мен түрмеде өлем, – деді.

– Ойбай, ағатай-ау, ол не дегенің? – деп едім.

– Оны мен саған қазір ұқтыруға халім келмейді, мұның бәрін себебін кейін білесің – деді де, басқа ештеңе айтпады». Міне, осыдан кейін соқтықпалы соқпақсыз ғұмыр кешкен Турағұл Ибраһимұлы қызы Мәкеннің қолында қайтыс болады. Өмірі ауыр азапқа толы болған ғазиз тұлғаға Шымкенттен орын бұйырып, осы қалаға жерленеді.

Ақиқатын айтқанда, Турағұл тағдыры бізді ұзақ уақыттан бері қатты толғандырды. Алдымызға қойған мақсат – Турағұлды зерттеп, оның нақты қайда жерленгенін анықтап немесе қандай да бір ғылыми жаңалыққа қол жеткізу болды. Бірақ не таба аламыз? Бір мәліметке қол жеткізу дегенің – аспаннан айды алумен бірдей ғой. Ең болмағанда, қаламыздың бір жерінен Турағұл Ибраһимұлының еңселі ескерткіші бой көтерсе деген ниеттің болғаны да жасырын емес. Ескерткіш дегендей 2020 жылы қаламызға Турағұлды зерттеу мақсатында Абай елінен арнайы экспедиция келген. Бұл экспедиция мен оның құрамы жайында журналист Мөлдір Кенжебай: «экспедицияның Шымшаһарға сапарының мақсаты – Тұрағұл Абайұлының жерленген жерін анықтап, басына ескерткіш-белгі орнатып, айналасын абаттандыру және Тұрағұлға қатысты тың деректерді табу екен. Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айбар Қадыров бастаған экспедиция құрамында тарих және саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Еркін Рахметуллин де бар», – дейді. Алайда, экспедиция мүшелерінің ғылыми ізденісі сәтсіз аяқталады. Осы мәселелердің бәрін жан-жақты сана сүзгісінен өткізгеннен кейін жастар орталығының маманы Сакен Сағындық есімді жігітпен бірлесіп, Турағұл Ибраһимұлы жайында зерттеулер жүргізу үшін БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу» орталығында арнайы дөңгелек үстел өткізген болатынбыз. Бұл жиынға университетіміздің «Әлеуметтік жұмыс және тәрбие ісі» жөніндегі проректоры Сәкен Мәжінбеков ағамыз, Шымкент қалалық «Саяси қуғын-сүргін құрбандар» музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева мен тұлға туралы арнайы мақала жазған, бүгінде «Жас қазақ» газетінің тілшісі Мөлдір Кенжебай сынды қаламгер, зерттеушілердің басын қосып, ауқымды сұхбат өрбіттік. Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, ұстазым Ақжол Қалшабек ғалым ретінде маған бұл мәселеге ат үсті қарауға болмайтындығын ескертіп, іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында өткен Турағұлға байланысты жиын «Айғақ» қоғамдық-телеарнасы арқылы қалың жұртшылыққа жол тартты. Дәл осы бағдарламадан кейін «Химфарм» акционерлік қоғамының әкімшілік менеджері Бекен Жақыпбеков пен компания қызметкері Аян Тоқсанбаев есімді ағаларымыз маған қоңырау шалып, зауыттың арнайы бөлімінде тоқсаныншы жылдардан бермен қарай Абай ұрпақтарының есімі жазылған ерекше мемориалды тақтаның сақталып тұрғанын айтты.

 

Абайдың келіні Кәмәлияның айтқаны

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов Оңтүстікке сапарлата қалса міндетті түрде Абайдың Шымкенттегі ұрпақтарымен жолығуды әдетке айналдырған. Мұнысы жай емес, бұл Әуез бен Құнанбай әулеттерінің араға сызат түспеген ынтымақты, тату екендігін аңғартады. Бала жаста тізесін көріп, кейіннен ұлы ұстазына айналған Абайды төрткүл дүниеге танытқан – Мұхтар фәниден өткенше ұлы ақынның Шымкенттегі үрім-бұтағымен байланысын үзбеген. М. Әуезовпен Оңтүстіктің аудандарын бірге аралағанда жанында бірге жүрген журналист Әділбай Омаров «Асыл арман» кітабында былай дейді:  «Сарыағашта» Мұхтар Әуезовтің туысқаны, яғни Омарханның інісі, жасы өзі құралпы, баяғыда Еңлік ролінде ойнаған Ахмет Әуезов бір мекемеде бухгалтер боп істейді екен. Мұнымен бірге осында Абайдың немересі де бар. Оның шын аты – Мағрипа, Мәкен деп аталып кетіпті. Мәкеннің әкесі – Тұрағұл (Тұраш). Ол – Абайдың Айгерім деген әйелінен туған ұлы. Мәкен орта жасқа кеп қалса да, бидай өңді, қызыл шырайлы реңін тайдырмапты. Ол қоңыр даусымен әнді әдемі салады. Мәкеннің өз үйінде отырғанымызда ол Абайдың әндерін орындап берді. Бұл отырыста жазушы М.Әуезов Абай ұрпақтары жайында керекті деректер алды».

Сірә, тағдырдың жазғаны болар, сонау шежірелі Шыңғыстаудан Оңтүстік өңіріне жер аударылған, мүйізі қарағайдай Құнанбай әулетінің кейінгі 4 буыны Шымкентте мәңгіге жай тапты. Тураштан бастап, Әубәкір оның жұбайы Кәмәлия апамыз, «Абай жолы» арқылы бүгінгі ұрпаққа белгілі Дәмежан сынды ізбасарларының жүрек соғысы Оңтүстіктің топырағында тоқтады. Басқасын айтпағанда, Абайдың өз қызындай көрген келіні, Әубәкірдің әйелі Кәмәлияның өзі тегін адам болмаған, нағыз тектіге тең дерсіз. Бірде Оңтүстікке ат басын тіреген Мұхаң мана біз айтқан осындағы Абай ұрпақтарымен жүздеседі. Бұл жайында жазушы, журналист Тұрсынбек Ешенқұлов былай дейді: «Сол кезде Шымкенттегі ең зәулім ғимарат саналатын Металлургтер сарайында өтетін болды. Белгіленген күні біздер, баяндамашылар ерте бардық. Бірер сағаттан соң шақырған құрметті қонақтарымыз келе бастады. Мұхтар Әуезовті ортаға алып, облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі секретары Қаржаубек Жарқынбеков бастаған бір топ адам сахнаға шыға беріс жердегі біздер отырған кең бөлмеге кіріп келді. Қолдарына баяндамаларын ұстаған студенттер жамыраса сәлемдестік. Орталарында жасы 80-ге жақындап қалған бір кейуана бар. Ол кісіні құрметтеп төрге оздырды. «Бұл кісі Абайдың немере келіні Кәмалия әжелерің болады. Ақылбайдың Әубәкірінің жұбайы. Ал мына кісі Мағрипа (Мәкен) апаларың. Тұрағұлдың қызы. Жанындағы құдай қосқан қосағы Ұлықбек Мұхамбетжанов», – деп таныстырады. Осы басқосуға жиналғандар мен тыңдаушыларға Мұхаң мінберге шығып сөз алып, баяндама жасайды. Осы кезде: «Залда жөткірінген, не қимылдаған бір адам жоқ. Бәрі сілтідей тына қалған. Сөзінің соңына таман «Абай» романына қайта оралды да, баяндама жасайтын студенттерге сәт-сапар тіледі. Сөзі «Абайға» ауысқан кезде ғана Кәмалия әжеміз: «Мұқтар-ау, кітабыңда Әйгерім депсің, оның аты Шүкіман емес пе еді? Ал Қодардың ел алдында қарабет болғаны да рас еді ғой, сен оны жазықсыз адам етіпсің!» деген сынды бірер сұрақ қойды», –деп Мұхтарға Абай келіні Кәмәлия төтесінен сауал қойған. Әуезовтің өзін сөзден тосқан Кәмәлияның қаншалықты өткір де өжет болғанын осыдан-ақ бажайлай беруге болатын шығар. Кәмәлияның дүниеге келуі турасында Қатпа Қорамжан баласы өзінің естелігінде: «Кәмәлия келін боп 98-жылы түскен. Кәмәлия 82-жылы туған», – дейді.

Кәмәлия – атасы Абай үшін тек келін ғана емес, сырлас, мұңдас перзентіне айналып кеткен жанның бірі. Бұл туралы Мұхаң былай деп жазады: «келін, күйеу туралы да Абай көзқарасы жұрттан басқа, кеңдік, еркін, теңдік қалпында ұстауға тырысады. Өз қолында соңғы жылдарда болып, Абайды өзі күткен Кәмәлия (Кәмәш) деген келініне алғаш түскен күннен бастап бетін ашып жүруді шарт етеді. Бар жайдан ұялмай, ашық сөйлесіп отыруды тілейді. Сол келініне Абай өзі өлерден бұрын, ауырмай тұрып: «Мен биыл өледі екем» деп, ішкі өзі түйген ауыр сырын ең алдымен айтады». Осы жолдарға қарап Кәмәлияның ең жақын туыс, сырлас ретінде Абай өміріндегі рухани рөлін айқын көруге болады. Келін мен күйеу балаға тән дала заңдарын, неше түрлі салт-жоралғылар мен қатып қалған қағидаларды Абай өз отбасына қолданбай, керісінше әулетіне тән өзіндік, жаңаша демократиялық еркіндіктер бергенін байқаймыз. Өз перзентіндей жанына жақын тұтып, тіпті, опасыз, байлауы жоқ баянсыз тіршіліктің аяқталар сәті күн санап жақындап келе жатқанын Абайдың басқаға емес, дәл осы келініне айтуы да бекер болмаса керек-ті.

Сөзге ұста, Құнанбай әулетінің  бетке тұтар келіндерінің бірі Кәмәлияның Абай атасы туралы жазған естелігі бар. Сол естеліктің толық мәтінін оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік.

«Мен Абайдың кенже інісі Оспанның үйіне Еркежан бәйбішенің қолына келін болып түстім. Ол кезде 17 жаста едім. Еркежан бәйбішені Абай әйелдікке алып, інісінің үйіне кірген екен. Мен Абай отырған үйге келін болып түскеніме өзімді бақытты деп санадым. Мен қазақтың басқа келіндеріндей қайнағадан қайырыла қалатын, енеден еңкейе қашатын, жасы үлкеннің бәрінен жасқанатын, ертеден кешке дейін келіп жатқан қариялардың бәріне тізе бүгіп, сәлем ететін келін болғам жоқ.

Мен түскеннен кейін әкем шақырып алып:

– Қарағым, Кәмәш, (Кәмәлия) ата-енені сыйлау, үлкенді қадірлеу бетіңді жауып ұялып, тізе бүгіп сәлем етіп, жан біткеннен жасқаншақ болудан басталмайды. Алдымен менің өз алдымда бетіңді аш, сәлем етпей-ақ, осы үйдің ішінде өзіңнің оң жақта жүргеніңдей, қаймықпай жүре бер. Мына Еркежан екеумізді, ата-ене деп қарамай, әке-апа деп қара, менің тілегім осы, – деп өз алдында менің басымдағы желегімді алғызды. Сол күннен бастап мен оң жақтағымдай еркін жүретін болдым. Біздің ауылдың үлкен-кішісі Абайды «әке» деп санайды екен. Сондықтан мен де әке деп атайтын болдым.

Тойшыбек, Бейсембі дейтін ақсақалдар Абай келіндерін бетімен жіберіпті, сәлем етпейді екен деп сөз қылды. Бір күні сол Тойшыбек пен Бейсембі келіп еді, «кәні, менің келіндерім туралы не деп жүрсіңдер?» – деп әкем дүрсе қоя берді. Тойшыбек те, Бейсембі де үндей алмай қалды. «Өздерің менің үйіме келін болып түссеңдер ми қайнаған ыстықта кимешек шаршының сыртынан қалың жібек шәлі жауып, беттеріңді ашқызбай, ертеден қара кешке келіп жатқан елге сәлем істетіп қойсам қайтер едіңдер? Келін өзіңнің балаңның жан жолдасы емес пе?! Оның балаңнан қанша өзгешелігі бар», – деп ұялтты.

Әкемнің киімдерін мен тігетін едім. Жаңа киім тігіп жатқанымызда қасымызға келіп, тігіліп жатқан киімді көріп: «Тігісі жатық, жақсы екен, үлгісі сұлу, ұнамды екен» – деп мақтайтын. Сол киімді киген соң балаша мәз-мейрам болып қуанатын. Әкем кербез емес еді, бірақ киімді өте таза ұстап киетін, «Киімің ескі болса да таза болсын, сыны кетпесін, күтіп ки» – деп ақыл айтып отыратын.

Жаңа үлгімен істелген, сұлу киімнің үлгісін Тобықтыға біздің ауыл таратты. Әкемнің балалары ескі киімдерді орысша-татарша киетін. Шолақ бешпет, сым шалбар, әмеркан етікті ең алдымен біздің ауылдың жастары киіп еді. Ал әкем жаңа киімдердің үлгісіне қарап: «Өздерің де осылай киім тігіңдер» – деп бізге ақыл айтатын. Басында орысша киімдерді елдің кәрілері жек көретін еді, «бешпеті кеудесін қысып, шалбары бұтын қысып тыртитып, аяғын қарашы қаздитып, мынау Абай өзі шоқынғанымен қоймай балаларын да шоқындырды-ау, мына киімдерді кигенде балалар таз тырнаға ұқсап тұрады екен» – деп күлетін. Кейіннен орысша-татарша киімдердің жеңіл екенін, жүріп-тұруға ыңғайлы екенін көрген соң, жастардың көбі орысша бешпет, шалбар тіктіріп, сықырлауық етік алдырып киген соң, қарттардың көзі үйренді. Жаңа үлгімен істелген киім көңіліне қонды. Бірер жылдан кейін қазақ халқының өзінің төл киіміндей болып кетті.

Әкеме сәлем берем, амандасам, ақыл сұраймын деп те, не болмаса ел арасының басқа бір жұмысымен де келушілер өте көп болатын. Ал, басқа ел адамдарымен қабат, өзіміздің елдің адамдары да көп келетін. Әкемнің бір әдеті, қандай жұмыс істеп отырса да, үйге кіріп келген кісіге жалт қарап, шаруасын сұраушы еді. Жұмысы асығыс болса, қолма-қол бітіріп жіберетін, жұмысы асығыс болмаса, тамаққа қарататын және әкем біреуден әңгіме сұраса, егжей-тегжейіне жетіп, қазып сұрайтын. Сөйлегенде сөзі сақ-сақ етіп отыратын, ашық, анық, қатты сөйлеседі. Артық сөз сөйлемеуші еді. Сөзі қысқа, ұғымды болушы еді. Үлкен болсын, кіші болсын біреудің сөзінде, отырыс-тұрысында, киімінде бір мін болса, сол жерде бетіне айтушы еді, сынап отырушы еді. Әкемнің отырған үйіне келіп жантая кеткен жастарға: «Немене шаршап келдің бе? Барып төсегіңе жата ғой…» – дейтін. Сондықтан да келушілер отырғанда, тұрғанда, сөйлегенде аңдып, өзін-өзі байқап отыратын.

Бір күні үйге Бұланбай деген бір ақсақал келді. Әкеммен сәлемдесіп болып төр алдына отырып еді, әкем:

– Бұланбай түрегелші, – деді.

Бұланбай сасқалақтап қалып, ұшып түрегелді. Әкем қасына шақырып алды да:

– Еркежан, мына Бұланбайға екі қойдың терісін әкеп берші, байғұстың қойы аз еді, тонының етегі қысқарып кетіпті, үйіне барған соң жалғатып алсын, – деді. Біз түсіне алмай қалдық. Бұланбайдың мың жарым қойы бар еді. Байқасақ ол ішінен ұзын қара шапан киіпті де, сыртынан сары тон киіпті. Тонының етегі шапанынан бір қарыс қысқа екен. Бұланбайды қайтадан шешіндірді де: Тоныңды ішінен, шапаныңды сыртынан киші көрейік, – деді. Бұланбай қайта киініп еді, әкем айнала қарады да: «Міне өзіңе-өзің қарашы, әрі сыртың бүтін, әрі ішің жылы, көлденең қараған адам да сенің киіміңе күле алмайды. Қыстыгүні күні шапан аязды да жібермейді. Ал тоныңды аяз қысып, қатырып, бойыңды суық алып тез тоңасың. Ең болмаса қолыңдағыңды ұқсатсаңшы, енді шешініп отыр да, келген жұмысыңды айта бер» – деді.

Әкем біздің ауыл арқылы күллі Тобықты елінің тұрмысына көп жаңалықтар кіргізді. Соның бірі – үй ішінің мүлкі, ыдыс-аяқтары еді. Мысалы: асадал (шкаф), матадан жасалған үлкен дастарқан, кенеп орамал, құлақты шыныаяқ, самауыр, сағат, тағы басқа заттарды ел біздің ауылдан көріп, содан кейін қаладан алғызатын.

Абай өмірін оқығандар білетін болар, Абайдың үшінші атасы Ырғызбай деген кісі төрт ағайынды (Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай) болыпты.

Бертін келгенде (әкем заманында) бір жиналыста Ырғызбайдың Ысқақ деген жігіті: «Ырғызбайда бес сағат, Көтібақта қос сағат, Топайда бір сағат, Торғайда жоқ сағат», – депті. Өйткені, бір старшын Торғайда бір сағат жоқ екен. Торғайдың атқа мініп, ел сөзіне араласып, пысық атанып жүрген Әміре, Кенжеқұл деген жігіттерін кемсініп айтса керек. Келесі күні Әміре мен Кенжеқұл Семей қаласына кісі жіберіп, екі сағат алғызыпты. Жаңалыққа ел бір жағынан шын құмар болса, екінші жағынан намыстанып, «менің үйімде де пәлендей нәрсе болсын» – деп бәсекемен алғызады екен. Сол сияқты тарантас арба да көп жайылды. Әкем бағзы уақытта пәуеске арбамен жүретін. Бәйбішелері де арбамен жүретін еді. Оны көрген басқа бәйбішелердің де қолы жеткені арба алғызып, арбаға мінетін болды. Ыдыс-аяғын асадалға (шкафқа) қоятын болды. Бұрынғыдай кереуеттің астында, не таушада шаң-тозаң болып жатпайтын, таза болды.

Әкем жесір әйелге, жетім балаға қатты қарайласатын. Бір күні Мәтібала дейтін жас әйел келді. Ол әкеме қарсы қарап отырып көзінің жасын моншақтатып жіберді де, ауыр күрсініп алып: «Менің күйеуім өлгеніне бір жыл толып еді. Жасым 23-те, жалғыз еркек балам бар. Туысқандар мені әмеңгерімсің, бірімізге тиесің деп тыныштық бермей жатыр. Мен байға тимеймін, маған көз қырыңызды салыңыз. Басымды талқыға түсірмеңіз. Ағажан, алдыңа арыз айта келдім…» – деп тағы жылады. Әкем әлгі әйелдің бетіне бажырайып қарады да қалды. Аздан соң су алғызып әйелдің бетін жуғызды. Қымыз бергізді. Бұл әйел Топай дейтін елдің Бітімбай деген адамының жесір әйелі екен. Әкем сол елдің басты адамдарына хат жазып берді де: «Енді ешкім де тимейді. Үйіңе қайт, балаңды тәрбиелеп өсір де, шаруаңа ие бол», – деді. Әйел қуанышпен қош айтысты.

Ата жағынан әкеме жақын, Темірғалы дейтін біреу де Ақбордақ дейтін жесір жеңгесін алам деп зорлық істеп, қараңғы үйге қамап қойыпты. Әйел қамаудан қашып әкеме келіп, басына бостандық алды. Ақбордақ – Мамай дейтін елдің Әділқа дейтін бір кедейдің қызы еді. Әкем әйелдің өтініші бойынша, бар мүлкімен өзінің әкесіне жеткіздіріп салды.

Мен әкемнің бір-ақ рет ашуланғанын көрдім. Оқиға былай болды. Әкемнің жолдасы, кәдімгі ертекші Баймағамбет Солтанбек дейтіннің қызы Тілебалды деген әйелді алған. Әкеммен көрші болатын. Қысты күні, іңірде әкем кітап оқып отырды, біз әңгімесін тыңдап отыр едік. Жан даусы шырқырап шығып, бет-аузы қып-қызыл қан-жоса болып Баймағамбеттің әйелі кіріп келді. Біз шошып кеттік. Келе сала: «өлтірді, өлтірді» – деп жығылды. Қарасақ, әйелдің тамағынан, бүйірінен пышақ салыпты. Қолма-қол дәрі жаққызып, байлатты. Әкемнің өңі сұп-сұр болып, ашу қысып тұр екен. Сейітқан деген жігітке қарады да, «қазір Баймағамбетті тауып әкел» – деді. Жігіт Баймағамбетті ұстап алып келді. Шошалаға апарып, кісен салғызып, қаматып тастады. Бірақ ол түні басқа адаммен сөйлеспеді, кітап оқып отыра берді.

Әкем қызықты, думанды, әзіл-қалжыңды өте жақсы көретін. Өз заманында ел аузына ілініп, атағы шыққан әнші, күйші, өнершілердің әкеме келіп, өнерлерін көрсетпегені кемде-кем шығар. Әлі есімде Қарқаралы жақтан Мауқай дейтін әнші келді. Ол әншілігімен қабат тамаша артист еді. Мауқай отырған үй той күнгідей ұлы думан болып жататын. Мауқайды бір жыл сақтады. Көп сый-сияпатпен қайтарды. Өзіміздің елден Маякеннің Мұқаметжаны (әнші), Әділқанның Мұқасы (күйші), Ағашаяқ (күлдіргіш, биші) және сыбызғышы Қияспай әкеме жиі-жиі келіп өнерлерін көрсетіп отыратын. Бұлар келгенде әкем бір жасап қалатын. Балаларын жинап алып, ән, күй тыңдатып, биді көрсететін. Әншілердің әнін тыңдап болған соң, ол ән туралы, әнші туралы өзінің пікірін айтатын. Сондықтан да әншілер әкемнен әннің кемшілігін сұрап, түзетіп алып отыратын.

Әкем ән де салмайтын, домбыра, скрипка да тартпайтын. Бірақ өзі ән шығаратын. Әкем әндерін халыққа көп таратқан әншінің бірі – Мұқаметжан».

Кәмәлияның осы дүниесі туралы «Абай туралы естеліктер» кітабындағы түсініктемеге назар аударсақ: «Абайдың келіні Кәмәлияның айтқаны, Уәсила Мағауияқызы естеліктерінің авторы Ибади Матақов. 1948 жылы 2 наурызда Қазақ ССР Ғылым Академиясынан алынған. Семейдегі Абай мұражайы қорында сақтаулы. КП – 57», – деген анықтама берілген. Ал біз осы Семейдегі Абай мұражайы қорында сақталған Абай келіні Кәмәлия естелігінің түпнұсқасын арнайы сұраныс хат арқылы алдыртқан едік. Қолжазбаны оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

 

Әзімхан ИСАБЕК,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу
университетінің ресми өкілі, PhD докторант.

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win