Шымкент қаласындағы №2 аурухана мамандары тыл ардагерлерінің денсаулығына қатысты жоспарлы скрининг жұмыстарын жалғастырып жатыр. Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шара аясында медицина қызметкерлері бірқатар ардагердің үйіне арнайы барып, тексеру жүргізді.
Дәрігерлер тыл ардагері Қалакүл Алчабаеваның шаңырағында болды. Қазір тоқсан жастың төріне шыққан ардагердің жағдайы жасына сай тұрақты. Ол – 2 ұл, 4 қызынан 12 немере, 16 шөбере сүйіп отырған кейуана. Зейнет жасына дейін байланыс саласында – қазіргі «Қазақтелеком», «Қазпошта» ұйымдарында 24 жылға жуық қызмет еткен. «Алпыс сомдық айлықпен балаларымызды жеткіздік. Қыздарым да зейнет жасына жетті, біреуі ғана қызметте жүр», – дейді ардагер.
Жоспарлы тексеру кезінде терапевт, невропатолог, эндокринолог, оториноларинголог және УДЗ дәрігері ардагердің жалпы денсаулығын қарап, кеңес берді. Қан қысымы, буын аурулары және жүрек ишемиялық ауруына байланысты ардагер диспансерлік есепке алынған. Кардиологтың тұрақты бақылауында, қажетті дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Дәрі-дәрмегін баласы немесе аймақтық медбике жеткізіп береді.
Аталған медициналық топ бұл күні тағы 4 тыл ардагерінің үйіне барып, скринингтік тексеру жүргізді. Дәрігерлердің айтуынша, ардагерлердің барлығы да тоқсан жастан асқан жандар. Ең үлкені – 97 жаста. Жастарына сай шағымдары бар болғанымен, жалпы жағдайлары қалыпты.
– Ардагерлердің денсаулығы – біздің бақылауымызда. Кемінде ай сайын бір рет учаскелік дәрігерлер үйлеріне барып, қан қысымын өлшеп, қажетті медициналық тексеруден өткізіп тұрады. Қажеттілігіне қарай қосымша талдамаларға жолдама беріледі. Бұл – біз үшін тек кәсіби міндет емес, азаматтық парыз, – дейді дәрігер Абай
Қасымбек.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №7 емхананың дәрігерлері тыл ардагерлеріне медициналық көмек көрсетті. Емхананың бас дәрігері Нұрлан Жанабаевтың жетекшілігімен дәрігерлер тобы тыл ардагерлерінің үйіне барып, медициналық тексеру жүргізді.
Емхана дәрігерлері – И.Абдураупова, А.Ахмедов, И.Касимова ардагерлерге үй жағдайында кәсіби медициналық қызмет көрсетті. Медициналық көмекті ұйымдастыруға емхананың бөлім меңгерушілері, кардиолог, невропатолог, офтальмолог (окулист) және учаскелік дәрігерлерден құралған мобильді топ толық құрамда қатысты. Дәрігерлер жалпы медициналық тексеру барысында электрокардиограммаға түсіріп, қандағы қант деңгейін (глюкометрия) өлшеді. Қажетті дәрі-дәрмектер мен ем-шаралар бойынша тағайындау беріп, бейінді мамандардың бақылауына алуға жолдама ұсынды.
Емхана ұжымы ардагерлердің денсаулығы мен өмір сапасын жақсарту мақсатында жағдай жасап, кәсіби қызмет көрсетті. Ардагерлер ризашылығын білдіріп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға алғыс айтты.