Редакция таңдауы

Ұлт дәстүрі Мен діни тәрбие қатар жүрсе…

Қоғамды ізгілік пен парасаттылыққа бастау, бүгінгі ұрпақтың рухани иммунитетін күшейту, жастарды теріс әрекеттер мен жат қылықтардан сақтандыру, әрбір адамға көркем мінезділік пен жүрек тазалығының мәнін ұғындыру – маңызды міндетке айналып отыр. Ол үшін бүгінгі жас ұрпақ халқымыздың дәстүрлі діни танымын тереңірек танып, ұмытылып бара жатқан рухани құндылықтарды қайта жандандыра отырып, рухани жаңғыруға ұмтылуы тиіс.

Осы мәселелер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы «Есжанұлы Сейітжан қари» мешітінде өткен еліміз үшін аса маңызды рухани шара – «Ихсан – рухани тәрбие мектебі» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда сөз болды.

Жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев, елімізге белгілі дінтанушы-ғалымдар Зәріпбай Оразбай, Досай Кенжетай, Мұхан Исахан, Батыржан Мансұров, мәдениет қайраткері, театр тарланы Бекжан Тұрыс және зиялы қауым өкілдері, өңір имамдары мен медресе шәкірттері қатысты.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы конференция барысында діннің қоғамдағы орнына терең тоқталып, ихсан ілімінің мән-мағынасын түсіндірді. «Ихсан – бұл шынайы тақуалық, бұл – пенденің Алла Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық етуі. Егер көрмесе де, Алланың өзін көріп тұрғанын сезінуі. Бұл – жүректегі иманның тіршілігі мен сыртқы амалдардың тазалығының тоғысы», – деді ол. Бас мүфти діннің – тек намаз бен ораза емес, өмір салты, адамгершілік пен көркем мінездің тірегі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, қоғамда белең алып отырған қатыгездік, опасыздық, мейірімсіздік, әділетсіздік сияқты келеңсіз құбылыстардың түп-төркіні рухани дағдарыста жатыр. Ал, оның емі – таза сенім мен жүрек тәрбиесі, яғни ихсан ілімі болмақ.

Өз кезегінде сөз алған Шымкент қаласы Дін істері басқармасының басшысы Бақтияр Өнербаев бұл басқосу – ұлт руханиятын жаңғырту жолындағы тағылымды әрі мағыналы алаң екенін жеткізді. Өйткені дін мен дәстүрді, ғылым мен танымды тоғыстырып, адам баласының ішкі жан-дүниесін тәрбиелеуге бағытталған игі бастаманың маңызы зор. «Ихсан – жүрек тазалығы, ниет тұнықтығы, амалдың шынайылығы. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіреттің ел ішінде рухани ағарту бағытында атқарып отырған сүбелі еңбегін ерекше атап өткім келеді. Бас мүфтидің өңірімізге жасаған бұл сапары – берекелі сапар. Бұл сапар жастар үшін – тәрбие, ел үшін – рухани серпіліс, дін мен дәстүрдің сабақтастығы үшін – жаңа тыныс», деді ол. Сондай-ақ, басқарма басшысы Ихсан – «Алланы көрмесең де, Ол сені көріп тұр» деген терең мағынаға ие екенін тілге тиек етті. Осы түсінікті жастарға, қоғамға кеңінен жеткізу – біз үшін маңызды. Өкінішке қарай, қазір қоғамда адасып жүрген бауырларымыз барын айта келіп «Солардың дұрыс жолға түсуіне осындай ғылыми әрі рухани шаралар үлкен үлес қосады деп сенемін. Ихсан ілімін түсіндіру арқылы біз қоғамның ішкі мәдениеті мен тұрақтылығын арттыра аламыз. Қоғамда болып жатқан теріс әрекеттерді, әсіресе жастар арасындағы бұзақылық пен тәртіпсіздіктерді тоқтатудың бір жолы – жүрекке иман ұялату, ниетті тазарту. Мысалы, Шымкент қаласына қойылған мыңдаған бақылау камералары кейбір азаматтарды тәртіпке келтіріп отыр. Ал, ихсан – адамның ішкі жан дүниесін реттейтін, жүрегіндегі ар-ұятты оятатын «рухани камера». Алланы көріп тұрғандай сезініп, әр ісімізге жауапкершілікпен қарауға үйрететін ұғым. Сондықтан, қадірлі ұстаздар мен ғалымдар, сіздер айтқан әрбір сөз – жастар үшін бағдар, қоғам үшін тәрбие. Біз бұл сөздерді жазып алып, ақпараттық арналар арқылы кеңінен таратамыз. Бұл өз кезегінде елдің рухани жаңғыруына сеп болады», деді Бақтияр Әлтайұлы.

Ғалым, аудармашы Зәріпбай Жұманұлы өз баяндамасында Ислам дінінің Ұлы дала кеңістігінде қалай таралғаны жөнінде тарихи-танымдық мағлұматтарымен бөлісті. Ол, әсіресе, Ахмет Ясауи бабамыздың еңбектеріне тоқталып, оның ілімі – қазақтың болмысына, дүниетанымына, дәстүріне сай келетін ерекше рухани мектеп екенін айтты. Ясауи сопылықты өмірден тыс қалып, тек зікірге бой ұру емес, қоғаммен үндес, халықпен біте қайнасқан рухани тәжірибе ретінде танытты. «Ясауи ілімі мен ихсан ілімі – екеуі де жүректі тәрбиелеуге бағытталған, шынайы мұсылман болмысына жетелейтін ілім. Біз бүгінде Ясауи жолын жаңғыртып, ихсанды өміріміздің өзегіне айналдырмасақ, ішкі күйзеліс пен құндылық дағдарысынан арыла алмаймыз», деді ғалым. Ал профессор, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай Ясауи жолының ислам философиясындағы орны мен оның методологиялық негіздеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ихсан ілімі – адамның рухани кемелденуінің сатыларына бастайтын жол. Бұл – өз-өзіне есеп беру, рухани бақылау, нәпсіні тәрбиелеу және жүректі иманмен нұрландыру ілімі. Профессордың пайымынша, ихсан ілімі қазіргі заман адамын түрлі ішкі күйзелістер мен жалған құндылықтардан арылтып, нағыз мәнді өмір сүруге бағыттай алады.

Мәдениет қайраткері, театр және кино саласының майталманы Бекжан Тұрыс қазақ халқының рухани тіршілігі мен ұлттық болмысы жайлы терең толғам айтты. Ол діл, тіл және дін үштігінің өзара байланысына назар аударып, рухани құндылықтарды сақтау арқылы ғана ұлт болашағын баянды етуге болатынын жеткізді.

«Қазақ халқы үшін ихсан – бұрыннан таныс ұғым. Ол – бабалар аманаты. Біз егер нағыз қазақ болғымыз келсе, жүрек тазалығына, ниет тазалығына, ой мен амалдың бірлігіне ұмтылуымыз керек. Бұл – рухани биіктік. Бұл – ұлттың өз болмысына оралуы», деді ол.

Конференция соңында қатысушылар ихсан ілімінің маңыздылығын толықтай мойындап, оны тек мешіттер мен медреселерде ғана емес, мектептер мен жоғары оқу орындарында да насихаттау қажет екенін айтты. Сонымен қатар, рухани жаңғырудың басты шарты – ұлттық болмысқа қайту, жастарға көркем мінезді, рухани сергек болуды үйрету, отбасы тәрбиесінде имани тәрбиеге мән беру қажет деген пікірлер айтылды. Еліміздің діни-рухани өміріндегі маңызды жиын руханиятты жаңғыртып, жүректерге иман шуағын себуге, ел ішіндегі бірлік пен бауырмалдықты күшейтуге бағытталды. Адамгершілік пен рухани тазалықты ұлықтайтын ихсан ілімі – қазіргі қоғамда әрбір азаматтың өмір салтына айналуға тиіс. Себебі, шынайы иман мен көркем мінез қоғамды кемелдікке жеткізеді. Ал, мұндай рухани негіз – ел болашағының кепілі.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар