Редакция таңдауы

Ұлт мүддесіне қызмет еткен қос басылым

Міне, санаулы күндерден соң ХХІ ғасырдың алғашқы ширегі де тарих қойнауына енгелі тұр. Демек, біздің қасиетті Отанымыз – Қазақстан ұлттық Тәуелсіздіктің отыз бесінші жылына қадам баспақ. Осынау тарихи кезеңде атамекен жерімізде жаңа тұрпатты, заманауи, әрі іргесі берік, бәсекеге қабілетті мемлекет құрылды. Халқымыздың рухы қайта түлеп, санасы жаңғырып, азаматтарымыз Тәуелсіздік идеясын жүрегінің түбіне ұялатты. Тәуелсіздік мұратына әр азамат, әрбір саланың мамандары қал-қадірінше қызметті етті. Дегенмен, осынау ұлттық идеяның қалыптасуы мен қоғам санасында орнығуына қазақ журналистикасы, оның ішінде қазақ баспасөзі ерекше қызмет еткенін ешкім теріске шығара қоймас. Сірә, «Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қазақ баспасөзі ұлттық партияның рөлін атқарды» деген тұжырым текке айтылмаса керек.

Иә, қазақ баспасөзі түрлі тарихи кезеңдерде ұлттық сана мен азаттық идеясының жаршысы болды. Тәуелсіздікке дейінгі және кейінгі кезеңде басылымдар елдік пен егемендік ұғымын халықтың санасына сіңіріп келеді. Демек, Тәуелсіздік идеясы — тек саяси ұғым емес, ол баспасөз арқылы ұлт рухын көтерген идеологиялық бағыт.

«Шымкент келбеті» – тәуелсіздік жылдарында өңірлік ақпарат құралы ғана емес, елдің жаңғыру жылнамасын жасаған, халықтың ынтымақ-бірлігін нығайтуға, тарихи сананы қалпына келтіруге, ұлттық құндылықтар дәріптеуге қызмет еткен басылым. Отыз бес жылдық тарих бұл басылымның тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс қалыптасып, елмен бірге өскенін көрсетеді. Олай болса, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің мерейтойы бір редакцияның ғана мерекесі емес, бұл – тұтас қаланың, қала журналистикасының, қалың оқырман қауымның ортақ қуанышы.

Осының барлығын ескере отырып, қос басылымның мерейтойын ас ішіп, аяқ босататын той-думан емес, өткенді ой елегінен өткізіп, болашақ бағдарымызды айқындап алатын ойлы күнге айналдыруды жөн санап отырмыз. Міне, осы орайда мерейтой аясында өтіп жатқан «Тәуелсіздік идеясы және қазақ баспасөзі» атты форумның орны бөлек. Себебі, бүгінде ақпарат кеңістігі жаһанданған, түрлі идеологиялық, мәдени-рухани экспансия күшейген кезеңде Тәуелсіздік идеясының мазмұнын сақтау және дамыту аса маңызды. Қазақ баспасөзі – қоғамның бағыт-бағдарын, ұлттық құндылықтарын айқындайтын рухани күш. Осы тұрғыдан форумда қазақ баспасөзінің қазіргі миссиясы мен жауапкершілігі, ұлттық мүдде мен ақпараттық тәуелсіздік тақырыптары талқылануы өзекті.

Бұл жиын өңірлік және республикалық БАҚ өкілдерін, зиялы қауым мен сала мамандарын бір алаңға жинап, қазақ баспасөзінің өткені мен бүгіні, ертеңі жайлы терең ой қозғауға мүмкіндік бермек. Форумда ұлттық мүдде, ақпараттық қауіпсіздік, жасанды интеллект дәуіріндегі журналистиканың келешегі секілді өзекті тақырыптар талқыланады. Бұл – салтанатты іс-шара ғана емес, мазмұнды пікір алмасу алаңы.

Осы ретте Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қос басылымға көрсетіп отырған қолдауын ерекше атап өткен жөн. Отыз бес жыл бойы өз ғимараты болмаған редакцияға демеушілер есебінен жеке ғимарат беру – сөзден гөрі іске негізделген нақты қадам. Бұл – журналистикаға, ақпарат саласына деген шынайы құрметтің көрінісі. Мұндай қолдау шығармашылық ұжымның тұрақты жұмыс істеуіне, мазмұнды дүниелер ұсынуына тың серпін беретіні сөзсіз.

Енді қос басылымның тарихы мен бүгіні жайлы аз-кем сөз қозғасақ, 1990 жылдың
21 шілдесінде алғаш жарық көрген «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері тәуелсіздіктің табалдырығында тұрған елмен бірге өмірге келді. Ол кезең – үміт пен үрей қатар жүрген, қоғамның бағыт-бағдары әлі толық айқындалмаған алмағайып уақыт еді. Осындай шақта жарық көрген газет бір сәтке де сырт қалмай, елдің ішіндегі қозғалысты, халықтың көңіл күйін, қаланың тынысын дәл жеткізуге ұмтылды. Газет сол күннен бастап Шымкенттің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

Алғашқы жылдардағы қиындықтарды бүгінгі ұрпақ елестете бермеуі мүмкін. Қаржы тапшылығы, баспахана мүмкіндіктерінің шектеулілігі, кадрлық қиындықтар, нарықтың алғашқы соққылары – осының бәрі редакция ұжымының иығына артылды. Сонда да газет шықпай қалған күн болған жоқ. Бұл – кәсіби адалдықтың, азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Сол кезеңде редакция тізгінін ұстаған
Жұмамұрат Тұяқбаев бастаған қаламгерлер газеттің бағытын айқындап, оның қоғамдық салмағын қалыптастырды. Кейінгі жылдары редакторлық қызмет атқарған Қайырғали
Медет, Анар Аспан, Дәрменбай Шәріп, Жеңіс Баһадүр, Жарқынбек Төлтебай, Захардин Қыстаубаев сынды азаматтар бұл дәстүрді жалғап, әрқайсысы өз кезеңінің үнін газет бетіне түсірді.

1995–1998 жылдары таралымы 25 мыңнан асқан «Шымкент келбеті» қала шеңберінен шығып, облыс аудандарына кеңінен тарады. Бұл – оқырман сенімінің, газетке деген сұраныстың айқын дәлелі еді. Сол жылдары газет бетінде жарияланған өткір мақалалар, салмақты сараптамалар, қоғамдық мәселелерді қозғаған материалдар Шымкент журналистикасының беделін арттырды.

Уақыт өте келе басылым құрылымдық тұрғыдан да жаңарды. 2010 жылы «Шымкент Медиа» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны болып құрылып, 2012 жылы оның құқықтық мирасқоры ретінде «Шымкент ақпарат орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысын бастады. Бұл өзгерістер редакция жұмысына жаңа серпін беріп, даму мүмкіндіктерін кеңейтті.
Айгүл Қапбарованың басшылығы тұсында шығармашылық ұжым жаңаша қарқын алып, қала өміріндегі оң өзгерістер мен өзекті мәселелерді жүйелі түрде көтере бастады.

Кейінгі жылдары белгілі журналист Бақтияр Тайжан директор – бас редактор ретінде қызмет атқарып, басылымның қоғамдық рөлін күшейтуге үлес қосты. Әр кезеңде серіктестікке жетекшілік еткен Нұрбол Орымбаев, Уәли Қыдыр да өз үлесін қосты. Осындай бай тарихы бар іргелі ұжымның тізгінін ұстау біз үшін де үлкен жауапкершілік. Сол себепті, оқырман қауымға адал қызмет етуді азаматтық борышымыз деп білеміз.

Бүгінде «Шымкент келбеті» газетінің бас редакторы – журналист Айдар
Құлжанов, ал «Панорама Шымкента» газетінің бас редакторы – Наталия Хайкина. Қос басылымда Бақтияр Тайжан, Тағабай
Қасымов, Замира Алдабергенова, Мөлдір Кенжебай, Салтанат Жамалдинова, Гүлжауһар Бажақай,
Ирина Козорина, Сергей Павленко, Асылбек Байзақов сынды тәжірибелі, білікті әрі ізденімпаз журналистер қызмет атқарады. Басылымның жалпы таралымы 10 мың дана. Бұл – тек сандық көрсеткіш емес, бұл – мыңдаған оқырманның сенімі, ақпаратқа деген сұранысы.

Қазіргі кезеңде дәстүрлі баспасөздің алдында жаңа сын-қатерлер тұр. Ақпарат ағыны үдей түскен заманда газет тек хабар жеткізуші емес, ой сүзгіден өткізетін, қоғамдық пікір қалыптастыратын құралға айналуы тиіс. Осы үдеден шығу үшін «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» дәстүрлі форматты сақтай отырып, цифрлық медиамен қатар дамуды мақсат етіп отыр. Интернет редакциясы құрылып, әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда жүйелі жұмыс жолға қойылды. shymkala.kz сайты мен Shymkentaqparat.kz порталы арқылы Шымкент пен бүкіл ел көлеміндегі маңызды жаңалықтар жедел әрі сапалы таратылады. Бұл материалдарды бүгінде өзге өңірлік және республикалық БАҚ сенімді дереккөз ретінде пайдаланып келеді.

Мазмұн тұрғысынан алғанда, басылымдар мегаполистің айнасы болу міндетінен айнымай келеді. Қаладағы әлеуметтік-экономикалық ахуал, тұрғын үй, жер қатынастары, инфрақұрылым, экология, білім мен медицина, кәсіпкерлік пен жұмыспен қамту мәселелері газет бетінде тұрақты түрде көтеріліп жүр. Сонымен қатар, тіл мен діл, ұлттық құндылық, руханият, тарихи жады тақырыптары да басты назарда. Бұл – уақыттың талабы ғана емес, баспасөздің қоғам алдындағы азаматтық борышы.

Алдағы жоспарымыз – осы бағытты одан әрі тереңдету. Сараптамалық материалдардың үлесін арттырып, қаланың даму барысын кәсіби көзқараспен баға беру, оқырманды ойландыратын, пікірталас тудыратын жарияланымдарды көбейту.

Иә, бүгінгі мереке тек өткенді еске алу емес, болашаққа сеніммен қарауға жол ашатын сәт. «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» алдағы уақытта да қаланың айнасы болып қала бермек. Қала қалай дамыса, газет те сол дамудың шежіресін жазуды жалғастырады.

Бұл күн – редакция ұжымының ғана емес, осы газетті жылдар бойы оқып келе жатқан оқырманның да мерекесі. Себебі, «Шымкент келбеті» – шымкенттіктердің газеті. Ол халықпен бірге жасап келеді, халықпен бірге жасай береді. Отыз бес жылдық жол – соның айғағы.

Олай болса, мерейтой құтты болсын, қадірлі оқырман!

 

Динар КЕРІМ,
«Шымкент ақпарат орталығы»
ЖШС-і директоры

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win