Денсаулық сақтау жүйесі жаңа бесжылдықта түбегейлі түрленбек. Ұлттың басты капиталы ретінде қарастырылатын бұл саладағы серпін жеке бастамалар мен мемлекеттік қолдаудың жемісті жүзеге асуынан көрініс тауып келеді. Жаңа ауруханалар, цифрлық фармация, жедел жәрдемнің жаңаруы, халықаралық деңгейдегі операциялар тұрғындардың сапалы өмір сүруіне бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі ғана десек, осы қарқыннан танбай, адами капиталға салынған инвестицияны еселеу маңызды болып отыр.
Алдағы төрт жылға арналған даму жоспары аясында Шымкент қаласында да заманауи медициналық мекемелер салынып, қолданыстағылары күрделі жөндеуден өтсе, жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен жабдықтау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар ана мен бала денсаулығына баса мән беріліп, мамандардың шетелде білім алуына мүмкіндік жасалған. Қаланың шет аймақтарына дейін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, жедел жәрдем қызметін күшейту, фармацевтикалық тәртіпті оңтайландыру – осының барлығы халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Шаһардың денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары тың серпін алып, сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарып отыр. Орфандық аурулардан бастап жоғары технологиялы операцияларға дейінгі аралықта халыққа қолжетімді көмек көрсету басты басымдыққа айналған. Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру жолындағы бұл қадамдар тікелей мемлекеттік саясаттың, қоғамдық қорлардың және жергілікті бастамалардың нәтижесі екені даусыз.
Қазір қала тұрғындарына бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 60 емхана жұмыс істейді. Соның 14-і мемлекеттік болса, 46-сы жекеменшік. Мемлекеттік емханалар 600 мыңға жуық адамға, ал жекеменшік емханалар 653 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді екен. Биыл мамырдағы есеппен шаһардың халқы 1 258 503 адамды құрайды. Соның ішінде 0-14 жас аралығында – 418 945, 15-17 жаста – 74 270, ал 18 жастан жоғары – 765 288 тұрғын бар. Осы көрсеткіштердің өзінен-ақ қаладағы медицина саласының жүктемесі мен жауапкершілік деңгейі анық байқалады. Айта кету керек, шаһарда тіркелген фертильді жастағы әйелдердің саны бүгінде 311 885.
Қала тұрғындарына қадамдық жақындықты қамтамасыз ету мақсатында 2022-2025 жылдар аралығында 14 жаңа емхана іске қосылып, нәтижесінде емханалардағы орташа жүктеме 25 мыңнан 21 мың адамға дейін азайған. Былтыр денсаулық сақтау ұйымдарын Ұлттық аккредитациядан өткізу жұмыстары күшейтіліп, 87 медициналық мекеменің 51-і тиісті талаптарға сай деп танылған. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 25,3 пайыз, ал 2020 жылы небары 1 емхана ғана болғанын ескерсек, жыл сайынғы оң өзгерістер айқын аңғарылады.
Сенімгерлік басқаруға берілген екі емхана мемлекет меншігіне қайтарылып, халыққа тиімді әрі сапалы қызмет көрсету жолына қайта бет бұрды. Сонымен қатар, медициналық техникалар жаңартылып, былтыр 4 миллиард теңгеге заманауи құрал-жабдықтар сатып алынған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда жабдықталу көрсеткішін 83,8 пайыздан 87,6 пайызға жеткізді. Жедел жәрдем қызметін күшейту мақсатында 4-ші санаттағы 23 арнайы автокөлік алынып, биыл тағы 25 көлікпен толықтыру жоспарланып отыр.
Статистикалық көрсеткіштердегі оң өзгерістер
Биыл алғашқы үш айда шаһарда ана өлімі тіркелмеген. Бала өлімі мың тірі туылған сәбиге шаққанда 5,7-ні құрап, былтырмен салыстырғанда 19,7 пайызға төмендеген. Жалпы өлім-жітім де 14,3 пайызға азайыпты. Ал қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім 0,6 пайызға қысқарса, жарақаттан қайтыс болғандар саны 4,2 пайыз, ал туберкулезден болатын өлім 33 пайызға кеміген. Айта кетерлік жайт, қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші сәл артып, жеті пайызға өскен. Биыл алғашқы үш айда туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейі 28 пайызға төмендеп, жүз мың тұрғынға шаққанда 8,2-ден 5,9-ға түсті. Балалар арасындағы аурушаңдық екі жыл қатарынан бір деңгейде сақталып отыр. Өлім санағы да едәуір төмендеп, 0,33-тен 0,08-ге дейін азайған. Алайда, туберкулезбен қайта сырқаттанған науқастар үлесі артқаны да белгілі болып отыр.
Қан айналымы жүйесі ауруларымен тіркелген жағдайлар 7,4 пайызға кеміген болса, тыныс алу органдарының аурушаңдығы да 2,3 пайызға азайған. Дегенмен, онкологиялық аурулар көрсеткіші 5 пайызға өскені байқалып отыр. Әйткенмен Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары жүйелі жұмыс пен нақты нәтижелер байқалған. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және аурулардың алдын алуға бағытталады. Себебі медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігі дені сау қоғамның кепілі екені айтпаса да түсінікті.
Ерекше күтімді қажет ететіндерге ерекше қолдау бар
Бүгінде «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен жергілікті бюджет есебінен орфандық дертке шалдыққан азаматтар заманауи, қымбат дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі. Бұл денсаулық сақтау саласындағы тең қолжетімділік қағидатын жүзеге асырудың нақты көрінісіне айналған. Сонымен қатар корпоративтік әлеуметтік даму қорлары арқылы да балалар мен ересектерге қажетті ем-дом үздіксіз көрсетіліп келеді.
Сондай-ақ халыққа уақытылы көмек пен үздіксіз қамтамасыз ету да басты назарда.Халық денсаулығын сақтау жолындағы ең маңызды бағыттардың біріне жедел медициналық көмектің уақытылы әрі сапалы көрсетілуі кіреді. Осы орайда, Шымкент қаласындағы Жедел медициналық жәрдем көрсету стансасы жүйелі түрде жаңарып, қызмет сапасын арттыруға бет алған. Биыл мамырдан бастап елімізде Денсаулық сақтау министрінің «Жедел медициналық көмек көрсету қағидаларына» енгізілген өзгерістер ресми түрде күшіне енді. Жаңа тәртіпке сәйкес, жеделдіктің 4-санатындағы шақыртулар, яғни шұғыл әрі өмірге қауіп төндірмейтін жағдайлар жұмыс күндері таңғы 08:00-ден кешкі 19:00-ге дейін, ал сенбі күндері таңғы 08:00-ден 12:00-ге дейін бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары жанындағы мобильді бригадалармен орындалады. Мұндай тәсіл жедел жәрдем қызметінің жүктемесін азайтып, ауыр жағдайларға жылдам әрекет етуге мүмкіндік берген.
Мобильді бригадалардың шақырту орнына жету уақыты 60 минутқа дейін болып белгіленген. Бұл да науқастың жағдайына қарай нақты жауапты әрі ұйымдасқан әрекетті қажет ететін бағыттардың біріне айналыпты. Қазір қалалық ЖМК стансасында 146 автокөлік бар. Күнделікті жолға 100 автокөлік шығарылса, қарбалас сәттерде бұл көрсеткіш 120-ға дейін артады. Автопарктің құрамы да біртіндеп жаңарып келеді екен. Hyundai маркалы 102 көліктің 87-сі қызметте болса, қазір қалғаны жөнделіп жатыр. Бұған қоса, Mercedes, ГАЗель, Duster сияқты техникалар да күнделікті қолданыста бар. Жаппай төтенше жағдайларға арналған төрт орынды Mercedes көлігі арнайы жасақталған техника ретінде маңызды рөл атқарады. Жалға алынған 20 көлік кешкі 19:00-ден түнгі 01:00-ге дейін қызмет етсе, бұл да жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып отыр.
Бұдан бөлек, бүгінде шаһардың медициналық мекемелерін дәрілік заттармен қамтамасыз ету бірыңғай дистрибьютор «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы жүзеге асып жатыр. Қазір қаладағы 73 медициналық ұйым дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтылып келеді. Дәрілік заттарды жеткізу ұзақ мерзімді келісімшарттар аясында және өндіруші зауыттардан тікелей сатып алу арқылы ұйымдастырылып келеді. Бұл тәсіл дистрибьюторлық үстемеақылардан бас тартуға жол ашып, дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығына оң әсерін тигізген. Айта кетсек, қаладағы барлық емдеу мекемелерінде дәрілік заттардың екі айлық қоры қалыптастырылған. Сонымен қатар «СҚ-Фармация» берілген өтінімдердің 25 пайыз көлемінде тұрақты қор жинақтап, кез келген жағдайда үздіксіз қамтамасыз етуге дайын.
Қаржылық қолдау – медицинаның тірегі
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, амбулаториялық деңгейде республикалық бюджет есебінен 6 миллиард теңгеге 454 атаулы дәрілік зат пен медициналық бұйым 56 медициналық мекемеге жеткізілген. Ал стационарлық деңгейде 13,08 миллиард теңгеге 928 түрлі атаудағы препарат мен құрал 73 ұйымға жөнелтілген. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмекке деген сұранысты дәл есептеу үшін автоматтандырылған жүйе енгізіліп жатыр. Бұл жүйе 2026 жылға арналған қажеттілікті есептеуде үлкен рөл атқарады. Жергілікті бюджет есебінен де ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мысалы биыл 4,3 миллиард теңге бөлініп, 167 науқас қажетті дәрі-дәрмектермен толықтай қамтылыпты. Бұл былтырмен салыстырғанда 1,2 миллиард теңгеге көп. Жалпы алғанда, Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласы тек бастапқы медициналық қызметпен шектелмей, жедел көмек пен дәрілік қамсыздандырудың барлық деңгейлерін қамтитын толыққанды, үйлесімді жүйеге айналып келеді. Заманауи техникамен жабдықталған жедел жәрдем көліктері, дер кезінде жететін мобильді бригадалар және дәрі-дәрмекпен сенімді қамтамасыз етілген емдеу мекемелері тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамға айналғанын көрсетіп отыр.
Сондай-ақ қаладағы емханаларда QR-код пен биометрия арқылы дәрілік заттарды беру де сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің, дәрі-дәрмекті мақсатты пайдаланудың жаңа тетігіне айналды. Бұл тәсіл жүздеген мың науқасты қамтып, жоба көрсеткіштері жоспардан бірнеше есеге артып отыр. Шымкенттегі денсаулық сақтау саласы қайырымдылық, цифрлық серпіліс және жаңа медициналық бастамаларға да көңіл бөліп келеді. Айталық, шаһардың денсаулық сақтау саласы тек мемлекеттік қолдаумен ғана емес, қоғамдық қорлар мен цифрлық технологиялардың тиімді ықпалымен де дамып келеді. Әлеуметтік бағыттағы жобалар мен қайырымдылық іс-шаралар нақты көмекке мұқтаж азаматтарға өмір сүру мүмкіндігін сыйлап отыр.
2022 жылдан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен сирек кездесетін ауруларға шалдыққан 59 адам жалпы құны 9,4 миллиард теңгеге заманауи және инновациялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді. Бұл да болса медицинада қолжетімділігі шектеулі, бірақ өмірлік маңызы зор препараттардың әлеуметтік әділеттілік негізінде бөлінгенін көрсетеді. Қор басшысымен арадағы келісімдерден кейін тағы 9 науқасты қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданған. Қайырымдылық демеушілер қатарында «Шымкент – қайырымды қала» корпоративтік әлеуметтік даму қоры да бар. Былтыр қор қаражаты есебінен 56,3 миллион теңгеге 12 науқасқа дәрі-дәрмек берілді. Олардың ішінде «Апалутамид» препараты қуық асты безінің қатерлі ісігіне қарсы күресте қолданылған екен.
«Әлеуметтік әмиян»: цифрлық денсаулық жолындағы серпіліс
Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сай науқастарды амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен қамтамасыз ету мақсатында «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске асырылады. Қаладағы 61 медициналық ұйымда бұл сервис арқылы QR-код пен биометриялық сәйкестендіру әдістері арқылы дәрілер беру процесі толық жолға қойылды. Мұндай жүйе дәрілерді жалған есептен шығаруға тосқауыл болып, медициналық ашықтықты қамтамасыз етіп отыр.
Былтыр жоба аясында 177 730 рецепт орындалып, бастапқы жоспарланған 95 546 рецепттің 186 пайызы игеріліпті. Биылдың өзінде бұл көрсеткіш 279 531-ге жетіп, соның 237 329-ы «Әлеуметтік әмиян» арқылы берілген.
Былтыр тамызда қабылданған Жол картасына сәйкес, 7 қалалық ауруханада «Госпитальдық фармация» бөлімшелері ашылды. Бұл бөлімшелердің міндетіне дәрілік заттарды дұрыс сақтау, сапалы жеткізу, тиімді пайдалану кіреді. Мұндай құрылым стационарлық деңгейде дәрі-дәрмекті үнемдеуге және бюджеттік қаражатты ұтымды пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар биыл Тәуелсіздікке 20 жыл, Игілік, Жыланбұзған елді мекендерінде жаңа дәрігерлік амбулаториялар ашылып, ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігі артқан. 1130 жедел жәрдем қызметкері аттестациядан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырыпты Балалар арасында семіздікті алдын алу бағытында 100-ден астам ақпараттық материал жарияланса, жыл басында суицид, наркомания, лудомания, буллинг және олардың алдын алу мәселелеріне қатысты психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге арналған семинар өткізіліп, 100 маман сертификатталған.
Жыл басында қытайлық мамандардың қатысуымен оңалту орталықтары қызметкерлеріне арналған шеберлік сабағы ұйымдастырылып, 30 маман халықаралық сертификатқа ие болған. Шымкентте балалар мен ересектерге арналған 7 оңалту орталығы жемісті жұмыс істеп отыр. Бұдан басқа, қалалық клиникалық балалар ауруханасында жаңа «Кардиохирургия» бөлімшесі ашылып, алғашқы 5 операция сәтті өткен. Сонымен қатар, «Нәзік жүрек» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, «Балалар мен ересектердің мүгедектігін төмендету» тақырыбында ДДСҰ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы мамандарының қатысуымен тағы бір халықаралық конференция өтті. Қазір қалада аутизммен 689, ДЦП-мен 1359, эпилепсиямен 2184 бала диспансерлік есепте тұр. Тұмау, ЖРВИ, қызылша, көкжөтел, конго-қырым безгегі, пневмония сияқты жұқпалы аурулардың алдын алу бағытында Денсаулық сақтау басқармасының бекіткен іс-шаралар жоспары мен медиа жоспары аясында 400-ден астам іс-шара өткізіліпті.
Оңалту орталықтарының жұмысы оңтайланып отыр
Бүгінде балалар арасында семіздік, суицид, лудомания секілді өзекті мәселелермен күрес шеңберінде арнайы медиа-жоспарлар әзірленіп, жүздеген іс-шара іске асқан. Оңалту орталықтарында халықаралық тәжірибелер енгізіліп, балалар мен ересектердің қайта қалыпқа келуіне жағдай жасалып жатыр.
Осының өзінен-ақ денсаулық сақтау саласындағы жүйелі реформалар мен жаңашыл жобалар арқылы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай артқанын байқау қиын емес. Ал бұл тек бүгінгі күннің емес, болашақтың да денсаулығына жасалған инвестиция десек артық айтпаған болар едік.
Шымкенттің ДДСҰ-ның «Салауатты қалалар» Еуропалық желісіне мүше болуы көзделіп отыр. Бұл – халықаралық стандарттарға сай келетін, денсаулық саласының өркениетті дамуына жол ашатын маңызды қадам. Осы орайда шаһарда алғаш рет қалалық онкологиялық орталық базасында сүйек кемігін трансплантациялау отасы жүргізілгенін айта кеткен жөн. Ота «Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» мамандарымен бірлесе жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек, болашақ аналардың денсаулығы да назардан тыс қалмайды. Жыл соңына дейін 17 мың әйел прегравидарлық дайындықтан өтуге тиіс. Бүгінде бұл көрсеткіштің 49,1 пайызы орындалған. Айта кетейік, прегравидарлық дайындық ерлі-зайыптыларды дені сау бала тууға дайындайтын кешенді шараларды қамтиды. Сондай-ақ қалалық балалар ауруханасында кардиохирургия бөлімшесінің ашылуы да медицинаның күрделі саласында жергілікті мамандардың біліктілігін арттыру жолындағы айрықша міндет екені белгілі. Сонымен бірге психикалық және мінез-құлық ауытқуларына байланысты өткізілген халықаралық конференциялар шаһардың медицина саласында көшбасшы орталықтардың біріне айналып келе жатқанын аңғартады.
Тағы бір жаңалық, қалада 900 орынды университеттік клиника мен 400 орынды көпсалалы аурухана салынады. Сондай-ақ, 200 орынды перинаталдық орталықтың құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек биыл 3,5 миллиард теңге қаржыға медициналық құрал-жабдықтар сатып алынып, жарақтандыру деңгейі 87,6 пайызға жетпек.
Қазір №1 қалалық клиникалық аурухананың 5 блогының төртеуінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. В блогында жұмыстар жүргізіліп жатса, ал қалалық жұқпалы аурулар ауруханасындағы жөндеу былтыр басталып, биыл күзде аяқталады деп жоспарланған. С блогы толық жөнделіп, Б блогының 40 пайызы дайын тұр. Шаруашылық блоктың сыртқы қабаты аяқталып, қазір ішкі әрлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар №2, №13 қалалық емханалар, Бөбектер үйі күрделі жөндеуден өтетіні мәлім болып отыр. Қалалық диагностикалық және перинаталдық орталықтарға қосымша ғимараттар салу үшін жобалық-сметалық құжаттама қоса әзірленіп жатыр.
Жеке серіктестікке жол ашық
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында төрт мемлекеттік емхананың жаңа ғимараты салынбақ. Сонымен қатар №10, 9 және 11 қалалық емханалар үшін де инвесторлар есебінен құрылыс көзделіп отыр. Жоспарланған нысандардың қатарында Қайнарбұлақтағы «Алтын Тұмар» ЖШС,Достықтағы Раймед ЖШС амбулаториясы, Құрсайдағы «14 Емдеу орталығы» ЖШС, №4 қалалық емхана бар. Ал Бозарық, Тұран сияқты жаңадан бой көтеріп жатқан аудандарда емхана құрылысы қажеттілік деңгейінде қарастырылып отыр.
Ал осындай заманауи мекемедегі білікті кадрлардың да қатарын арттыруға ерекше ден қойылған. Осы мақсатта жергілікті бюджет есебінен 116 дәрігер шетелде біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Бұл кадрлық сапаны арттырып, заманауи емдеу әдістерін меңгерген мамандар қатарын көбейтудің бір жолы. Сондай-ақ жедел медициналық жәрдем қызметін жақсарту үшін 25 арнайы автокөлік сатып алынады. Ал 5 ауруханада «Госпитальдық фармация» бөлімшелері ашылып, дәрілік заттарды тиімді және үнемді пайдалану ісі жүйеленбек.
Басқармаға қарасты мекемелердің кредиторлық берешегі де қысқарып келеді. 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,9 миллиард теңге болса, биыл 74,8 млн теңгеге дейін төмендеген. Бір мекеменің берешегі бірінші жартыжылдықта толықтай өтелмек.
Қаланың шетінде орналасқан елді мекендерде жаңа медициналық ұйымдар желісі құрылады. Сонымен қатар №53, 54, 69, 78 қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің медициналық бөлімшелеріне күрделі жөндеу жүргізіледі. Шымкент қаласы медициналық маркетинг пен туризм саласында да жаңа белестерді бағындыруға дайын. Бұл бағытта шетелдік пациенттерді тарту үшін клиникалардың мүмкіндіктері кеңейтіліп, қызмет сапасын арттыруға көңіл бөлініп отыр.
Қорыта айтқанда, шаһардың бұл саладағы жүйелі жұмысы келешекке нық қадам басып жатқанын айғақтайды. Жаңа нысандар, күрделі жөндеулер, заманауи құрылғылар мен сапалы кадрлар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Ең бастысы, бұл бастамалардың барлығы адам денсаулығын басты орынға қойған мемлекет саясатының тиімді нәтижесі.
Жадыра МҮСІЛІМ