Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Достық әуендері – 2025» заманауи ұлттық музыкалық конкурсының қорытынды гала-концерті өтті. Бұл – түрлі этностар өкілдерінің өнерін насихаттап, мәдени мұра мен ұлттық нақышты жаңғыртуға бағытталған байқаудың алғашқы рет ұйымдастырылуы.
Салтанатты кеш – бірнеше күнге созылған іріктеу кезеңінің қорытындысы. Байқау барысында жас орындаушылар өзара бақ сынап, өнерлерін ортаға салған болатын. Сол таланттардың ішінен дара шыққан үздіктер марапатталып, көрермен көзайымына айналды.
Кеш шымылдығы салтанатты құттықтау сөзбен ашылды. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нұркен Әлімқұлов қатысушылар мен жиналған жұртшылыққа жүрекжарды лебізін арнады.
– «Достық әуендері» – бұл тек байқау емес. Бұл – түрлі этностардың өнері арқылы бірлігімізді бекемдейтін, мәдени мұрамызды жаңғыртатын рухани алаң. Кештің сәні де, мәні де – сіздер сияқты ынталы қатысушылар мен өнерге жанашыр көрерменнің арқасы. Баршаңызға шын жүректен алғыс айтамыз, – деді.
Кеш барысында жеңімпаздар есімі жарияланып, арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бас жүлдені Екатерина Нехорошева жеңіп алса, I орын Мамуржон Адилметовке, II орын Олег Вименко мен Зардиана Изаттулаеваға бұйырды. Сонымен қатар, «Көрермен көзайымы», басқа да арнайы номинациялар болды.
Кештің шарықтау шегі – еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарлама болды. Еркін Нұржанов, Қайрат Түнтеков, Асан Пердешов, Надиршах және Айжан Таженова өз репертуарындағы таңдаулы әндерін орындап, көрермендерге қуаныш сыйлады.
«Достық әуендері – 2025» жобасы өз мақсатына жетіп, жас дарындарды танытып қана қоймай, Қазақстандағы бейбітшілік пен татулықты, мәдени алуандық пен рухани үндестікті насихаттайтын маңызды жоба ретінде жұртшылықтың жоғары бағасын алды.
С.ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ