Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек «Мирас» университетінде жаңа Конституция жобасын талқылау және түсіндіру бойынша жастармен, оқытушылық құраммен кездесті.
Жиында қала әкімінің орынбасары қолданыстағы Конституцияның басты жетістіктерінің бірі – елдегі қоғамдық келісімді нығайту болғанын атап өтті. Сонымен қатар, қолданыстағы Ата заң өз миссиясын толық орындағанын айтып, қазіргі кезеңде ел дамуының жаңа талаптарына сай келетін, мемлекеттілікті нығайта отырып, заман талабына жауап беретін жаңа Конституция қажеттігін түсіндірді.

– Жаңа редакциядағы Ата заң мемлекет пен дін арасындағы шекараны нақты белгілеп, зайырлылық қағидатын заңдастыру арқылы еліміздің көп этносты, көп конфессиялы қоғамында рухани келісімді, тұрақтылықты және тең құқықтықты қамтамасыз етуді көздеп отыр. Ата бабамыз сан ғасырлар бойы қастерлеп келе жатқан отбасы, неке сияқты дәстүрлі құндылықтарды қорғауды, ұлттық бірлікті сақтауды және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тең дәрежеде қамтамасыз етуді нақтылайтын заңдық негіз болады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция – Қазақстанның болашаққа бағытталған стратегиялық бағдарын заңдық тұрғыда бекітетін құжат, – деді қала әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, Сәрсен Абайұлы жаңа Конституция жобасында ұлттық мүдде мен ұлттық ерекшеліктерге ерекше мән беріліп отырғанын жеткізді. Бұл құжатта әділеттілік пен теңдік қағидаттарын негізге алатын маңызды нормалар қамтылған.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, жастар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Іс-шарада оқу орнының ұстаздары да баяндама жасап, жаңа Конституция жобасы елімізді оң өзгерістерге бастайтыны жөнінде ойларын ортаға салды.
«Шымкент келбеті»
