Редакция таңдауы

Ұлттық мұраны ұлықтаған фестиваль

Қала күні аясында алты күн бойы Shymkent Usta Fest халықаралық қолөнер шеберлерінің фестивалі өтті. Апта бойы жалғасқан бұл рухани-мәдени іс-шара Шымкент қаласында ғана емес, еліміздің тарихында тұңғыш рет өтіп отыр. «Арбат» демалыс аймағында өткен фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Ресей және Беларусь елдерінен келген атақты ағаш шеберлері мен зергерлер қатысты.

Фестивальдің жабылу салтанатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, игі бастаманың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, іс-шара тек мерекелік сипатта емес, ұлттық рух пен төл өнерімізді дәріптеуге бағытталған маңызды оқиға. Сонымен қатар, фестиваль шаһардың дамуына серпін беретін тарихи күнді ұлықтауға арналған мерекелік онкүндіктің бір бөлшегі болып отыр.

– Фестивальдің мақсаты тұтас ағаштан жасалатын дәстүрлі және заманауи бұйымдар арқылы ұлттық қолөнер мұрасын насихаттау, кәсіби шығармашылықты дамыту және халықаралық деңгейдегі мәдени байланысты күшейтуге бағытталған. Шеберлер бір апта бойы Арбат көшесінде өз туындыларын жасады. Табиғи материалмен жұмыс істеген олар көрерменнің көз алдында өнер көрсетіп, ағашқа жан бітірді. Бұл – нағыз тірі экспозиция, – деді қала әкімінің орынбасары. Фестиваль аясында дайын бұйымдар ғана емес, шеберлердің шығармашылық процесі де көрермен назарына ұсынылды. Жұмыс барысында олар табиғи ағаштан мүсіндер ойып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады. Көрмеге қойылған әр туындыда ұлттық болмыс, тарихи таным, экологиялық үйлесім мен терең философиялық мағына тоғысқан.

Фестиваль шеңберінде шымкенттік ұста Мұратәлі Көшкінбаев өз қолымен жасаған «Қорқыттың күйі» атты композициялық туындысын таныстырды. Ағаштан жасалған ерекше мүсінде Қорқыт ата қобызын тартып отырған бейнеде бейнеленгенімен, оның ауқымы терең мағынаға толы. Автордың айтуынша, мүсінге жоғарыдан қарағанда шауып келе жатқан жылқылар бейнесі көзге шалынады. Бұл түркі халықтарының арғы тегін Көкбөріге телитін аңызға меңзеу. Композицияда Самұрық құс, төрт табиғи бағыт: ауа, от, су, жер және олардың ортасында орналасқан адам бесінші элемент ретінде бейнеленген.

– Қоңыр дауыс, қоңыр түс – қазақ ұғымында тазалық пен табиғилықтың белгісі. Мен мүсінде сол үн мен реңкті сезім арқылы беруге тырыстым. Қазақ халқының рухы ешқашан сынбаған. Бұл туынды арқылы мен сол рухтың мәңгілік екенін жеткізгім келді, – дейді автор. Ал фестивальге Беларусь елінен келген мүсінші Валентин Борздый да ерекше туындысымен көзге түсті. Ол «Су перісі» атты авторлық мүсінін ұсынды. Көрермендерге таңсық болған бұл бейне төңкеріліп тұрған кейіпте жасалған. Автордың түсіндіруінше, бұл күтпеген көркемдік шешім ғана емес, су бейнесінің көп мағыналығын білдіретін символикалық тәсіл. «Мүсін тек бір ұлтқа тән емес. Су барша адамзатқа ортақ тіршіліктің бастауы. Қазақта да, белорустарда да судың орны ерекше. Сондықтан туынды арқылы табиғатпен үйлесімділік пен тазалық идеясын жеткізгім келді. Фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мені қуантты. Қазақстанға алғаш келуіме қарамастан үлкен әсер алып бара жатырмын», дейді шебер.

Фестивальдің басты миссиясы адал еңбек пен қолөнердің қадірін көрсетуге негізделген еді. Бұл ретте фестивальдің елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланған жылда өтуі де бекер емес. Шаһар ежелден сауда-саттық пен өнердің ордасына айналғаны тарихтан белгілі. Қаланың осы ежелгі болмысын бүгінгі күнмен сабақтастырған халықаралық фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарына рухани байлық сыйлап, ұлттық өнерге деген құрметті тереңдете түсті. Бір аптаға созылған іс-шара ұлттың жаны саналатын қолөнерді ұлықтаған, ұсталықтың ұлылығын паш еткен тағылымды мереке ретінде есте қалары анық. Ең бастысы, әрбір шебердің еңбегі мен шығармашылығы арқылы көрерменге рух сыйлау миссиясы орындалғанын тұрғындар мен туристер де ерекше атап өтті. Өйткені дәл мұндай мән-маңызы жоғары мерекелік іс-шараның ұрпаққа берері мол.

Іс-шара барысында Сәрсен Құранбек қолөнер шеберлеріне арнайы алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыс етті. Кеш соңы көңілді концертке ұласып, қала күніне арналған композициялық қойылымдар жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Ж.ТҰРСЫНӘЛІҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар