Редакция таңдауы

Ұлттық өнер – халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан рухани қазынасы

Қазақ ұлттық өнері – халқымыздың ғасырлар бойы сақтап келе жатқан рухани қазынасы. Соңғы жылдары дәстүрлі өнерді дәріптеу, оны жастарға жеткізу мәселесі ерекше мәнге ие болды. Шымкенттегі Қаратау дәстүрлі өнер мектебі осы бағытта айрықша орын алған оқу орны. Мектептің негізі қаланғалы бері ұлттық өнердің бес саласы – ақындық, шешендік, күйшілік, әншілік және қолөнер жүйелі түрде дамытылып, жас буынның бойына сіңіріліп келеді. Балалар мұнда тек өнер үйренумен шектелмей, қазақтың әдеби тілін, дәстүрі мен мәдениетін де меңгеріп жатыр.
Осы орайда біз айтыскер ақын, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің негізін қалаушы Біржан Байтуовпен сұхбаттасқан едік. 

– Біржан Ғаниұлы, «Қаратау» ұлттық өнер мектебін Сіздің идеяңызбен әрі ұсынысыңызбен ашылды. Мектептің ең үлкен табысы, жетістігі қайсы? Әу бастағы мақсаттар, жоспарлар қаншалықты орындалды?

– Елімізде  толық дәстүрлі өнер бағытындағы бірде-бір мектеп болмаған соң  «Қазақылықтың қаймағы саналатын Оңтүстіктен неге осындай бір мекеме ашпасқа?!» деген ой көптен бері санамда жүрді. Содан жоба-жоспарын жасап, сол кездегі Шымкент қаласының әкімдігіне жеткіздім. Бірден қолдады. Өйткені, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауларында, Ұлттық құрылтайда өткен жиындарда балаларды ұлттық дәстүрге баулуымыз керек деп үнемі айтады.

Мектептің «Қаратау» аталуының да өзіндік себебі бар.  Қазақ даласында дәстүрлі ұлттық өнеріміздің мың жылдан бері қалыптасқан алты мектебі, бағыты бар. Олар: Сыр, Батыс, Арқа, Жетісу, Қаратау және Алтай мектебі. Біздің Қаратау мектебінің тарихы да мың жылға таяды. Түбі Әл — Фараби, Ясауи бабаларымыздан басталып, бүгінге дейін қаншама осы өңірдің өнер адамдары осы мектепті қалыптастырды. Сондықтан біз атауымызды Қаратау мектебін тірілтейік, жаңа заманға бейімдейік деп осылай  атадық. Төкпе күйдің және терменің отаны да Қаратау аймағы саналады.  Оңтүстікте айтыс өлетін болса,  қазақта айтыс өлмеуі мүмкін. Себебі, қазақтың төрт тарапында айтыс мектептері бар. Ал, Оңтүстікте терме өлетін болса, онда қазақта терме  өледі. Өйткені, оның бар іздеушісі де, жоқтаушысы да осы жерде. Міне, осындай дәстүрлі өнердің өзі бес үлкен бағытқа бөлінеді: ақындық өнер, шешендік өнер, күйшілік, әншілік және қолөнер. Соның ішінде қолөнер – қазақтың ең маңызды, ең құнды, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан бай мұрасы. Бізде арнайы «кілем тоқу», «өрмек тоқу» деген сыныптар бар. Сол кезде бір мәселені анық түсіндік, өрмек тоқуды білетін адамдар күн санап азайып барады. Мәселен, Шымкентте өрмек тоқуды жетік меңгерген 80 жастағы жалғыз апа ғана қалыпты. Ойланыңызшы, егер сол кісі болмағанда – өрмек тоқу өнері біржола үзілер еді. Сондықтан біз арнайы оқытушыларымызды сол кісінің қасына жіберіп, алдымен өзіміз үйреніп, кейін балаларға үйретуге кірістік. Бұл – жоғалып бара жатқан бір өнерді қайта тірілту үшін жасалған үлкен қадам. Бірақ бір шындықты айту керек, балалардың бұл өнерге қызығушылығы төмен. Өйткені өрмек тоқу, киіз басу сияқты қолөнер түрлері қазіргі күнделікті тұрмыста көп қолданылмайды. Сұраныста мүлде жоқ. Дегенмен, біз осы өнер мүлде жоғалып кетпесін, тоқтап қалмасын деп бар күшімізбен үйретуге, дамытуға тырысып жатырмыз. Өз шамамызша қолөнердің әр саласын сақтап қалуға еңбек етудеміз.

Қазір осы бағыттар бойынша 20 сыныпта 750-ден астам бала білім алып жатыр. Республикада маңдайалды  оқушылар біздің мектептен шығуда. Айналдырған алғашқы 4 жылдың ішінде атымызды қалыптастырған орнықты мектепка айналдық деп есептеймін.

 

– Республикадағы баламасы жоқ мектепті басқару оңай емес екені белгілі. Уақытыңыздың басым бөлігін алатын шығар. Ал, айтыс бір шетте қалып қойған жоқ па?

– Мен дайын, жұмысы жүріп тұрған мектепке басшы болып келген жоқпын. Шынымды айтсам мына бізге берілген ғимараттың құжаттары да бекітілмеген еді. Құжат туралауға 1,5 жыл уақытым кетті.  Мектептің жауапкершілігі менің мойныма артылғандықтан кейде осында қона жатып жұмыс істеуіме тура келді. Осы уақыт аралығында  барлық айтысқа қатысудан бас тарттым.  Жүре келе мекеменің жұмысы жолға түсті, реттелді. Соңғы екі жылдан бері айтыстан қалған емеспін. Қызметім айтысқа кедергі келтірмейді.  Себебі, бұл — менің жан дүнием қалаған  жұмыс. Физикалық тұрғыдан шаршағаныммен рухани ләззат аламын.

 

— Қазір оқушылардың бойынан ұлтқа деген сүйіспеншілік, дәстүрлі өнерді үйренуге деген ынта-жігер бар ма? Қызығушылық қай деңгейде?

— Біздің тәлім беріп жүрген балаларымыздың басым бөлігі – қаланың балалары. Өйткені біз ауылдың балаларын қабылдай алмаймыз. Жатақхана қарастырылмаған, ауылдан келетін оқушыларға жағдай жасайтын мүмкіндік жоқ. Сондықтан қазіргі оқушыларымыз — толықтай қалалық ортада тәрбиеленіп жатқан буын. Баяғыда «асфальтта өскен бала» деп айтатын едік қой. Сол сөздің жаны бар, қаланың баласынан ауылдағы табиғилықты, шынайылықты, дала өмірінің шырайын табу қиын. Мысалы, бала атқа мінуді білгенімен, аттың әбзелдерін немесе оған қатысты атауларды мүлдем білмейді. Тіпті менің өз балаларым да аттың төлдері — құлын, құлыншақ, құнан, дөнен секілді қарапайым атаулардың өзін шатастырып жатады. Қазір ақын боламын, өнер үйренемін деп келген балаларға, ең әуелі, қазақтың сөзін үйретумен айналысып отырмыз. Бұрын ауылдан келген бала бұл дүниені табиғи түрде бойына сіңіріп келетін. Оның тілі де бай, сөздік қоры да кең болатын. Ал бүгінде біз жаңа заманның, жаңа ортаның баласымен жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ тілі байлығының 70 пайызға жуығы төрт түлік малға қатысты екенін ескерсек, қаланың баласынан осының бәрін білуін талап ету қиын. Олар төрт түліктің атауларын білсе, соның өзіне қуанып қаламыз. Әрине, осының бәрі біздің белгілі бір деңгейді ұтылып жатқанымызды көрсетеді. Бірақ соған қарамастан, ұлттық өнерге құштар болып, жыр үйренемін, домбыра тартамын, дәстүрді сақтаймын деп келіп жатқан балаларды көргенде, кейде ерекше қуанып, сүйсініп қаламыз. Бүгінде біздің мектебімізде жеті жүз елуге жуық бала оқып жатыр. Жеті жүз бала ұлттық өнердің бір қырын меңгеріп шықса, бұл – аз олжа емес.

 

— Өнерді дамыту үшін не керек?

— Өнерді дамыту үшін жанкештілік керек. Қаратау дәстүрлі өнер мектебін ашу нағыз жанкештілікпен қолға алынған жұмыс болды. Себебі, бұл – республика бойынша қазақтың дәстүрлі өнеріне толық бағытталған жалғыз мектеп. Біз бұл сөзді қайталап айтамыз: иә, өнер мектептері көп, бірақ ұлттық бағытқа басымдық берген, дәстүрлі өнерді жүйелі түрде үйрететін жалғыз оқу орны – дәл осы мектеп. Осы мектептің тұжырымдамасын әзірлеу, оны іске асыру, құрылымын қалыптастыру жолында өте көп еңбек жұмсалды. Дегенмен, Мемлекет басшысының балаларды ұлттық өнерге баулу жөніндегі тапсырмалары, ұлттық құрылтай жиындарында айтқан бастамалары бізге үлкен серпін берді. Айтылған мәселенің оң ықпалы бізге де жетті. Яғни біз: «Осындай шаруа атқарғымыз келеді, осындай жобамыз бар» деген кезде, біздің үнімізді мемлекет естіді. Нәтижесінде біз үлкен қолдау көрдік. Бұл – мемлекет басшысының саясатының да, жергілікті атқарушы органдардың да нақты көмегін сезіндік деген сөз. Сондықтан бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен мемлекетімізге, қала және облыс әкімдіктеріне шын жүректен алғыс айтамыз. Бірақ біз үшін бұл тек бастамасы ғана. Неге дәл осындай мектеп тек Шымкентте ғана болуы керек? Жамбыл, Тараз, Түркістан, Қызылорда – барлығы да қазақтың дәстүрлі өнері өркендеген өңірлер. Батыс мектебі, Сыр мектебі, Арқа мектебі секілді ғасырлар бойы қалыптасқан өнер мектептері бар. Егер сол өңірлерде дәл осындай орталықтар ашылса, әр өңірдің өзіне тән дәстүрлі өнерін сақтап, әрі қарай дамытатын үлкен мүмкіндіктер туар еді. Сонымен бірге барлық облыстағы осы тәрізді мектептердің басын біріктіретін әдістемелік үлкен орталық құрылса, онда батыстан, шығыстан, оңтүстіктен келген өнерпаздар бас қосып, тәжірибе алмасып, бір-бірінен үйреніп, шығармашылық қайнаған орта қалыптасар еді. Бұл – ұлттық өнерді дамытуға жаңа серпін болар еді. Қазір Оқу-ағарту министрлігіне жаңадан тағайындалған Жұлдыз Досбергенқызы – қазақы тәрбиені, өнерді жанына жақын көретін, ауылдан шыққан, дәстүрге құрметі мол азаматша. Бәлкім, кім білсін, біздің ұсынысымыз бен үнімізді естіп, болашақта осындай мектептердің басқа облыстарда да ашылуына ықпал етер. Біз соған сенеміз және соны күтеміз.

 

— Сіз бір сұхбатыңызда, «Қоғамды түзетудің ең қарапайым жолы әркімнің өзін түзетуінен басталады» деген едіңіз. Сол сөздің салмағын өз өміріңізде ең алғаш қашан сездіңіз?

— Бұл сөздің шын мағынасын мен ең алғаш әке болғанда сезіндім. Адам жауапкершілікті тек өз өміріне ғана емес, өзінен кейінгі ұрпаққа да сезінгенде, өзгерістің негізі өзіңнен басталатынын түсінеді. Егер әр адам өзін түзетсе – алдымен отбасы реттеледі. Ал отбасы түзелсе, қоғам да дұрыс бағытқа бет алады. Мен жастарға домбыра үйреніңдер, жыр жаттаңдар деп айтамын. Бірақ өз балаларым оны істемесе, менің бұл әрекетімнің әсері азаяр еді. Сол үшін мен қоғамды өзгерткім келсе, ең алдымен өзімді түзетуім керек екенін жақсы түсіндім. Өзім түзелсем, отбасыма ықпалым өтеді, ал отбасы – қоғамның ең кішкентай бөлігі. Ал, жеке тұлға ретінде менің басты ұстанымым – тұрақтылық. Күнделікті жаттығу жасау, дұрыс тамақтану, өз-өзімді бақылау – тұрақты режимімнің бөлігі. Ішкі тәртіп қалыптаспай, сыртқы ортаны өзгерту мүмкін емес. Сондықтан өзіме талап қоя отырып, кейін отбасымның, одан кейін қоғамның жақсы жаққа өзгеруіне үлес қосуды мақсат тұтамын.

 

— Сізді халық «аз сөйлейді, бірақ әр сөзі ойлы» деп сипаттайды. Сөзді салмақтап айту үшін табиғи мінез керек пе, әлде қалыптасқан ұстаным ба?

— Бұл жерде көп сөйлеу, әдемі сөйлеу — үлкен өнер емес. Әдемі сөйлей алатын адам қазір көп. Ең маңыздысы — сөзіңнің дөп тиюі, ойыңның анық әрі принципке негізделуі. Өйткені қоғамда түрлі оқиғалар, түрлі жағдайлар болады. Сол кезде шешуші нәрсе — сіздің қандай позиция ұстанатыныңыз. Мысалы, мен ұлттық құрылтайдың мүшесімін. Президент жанындағы мұндай алаңға мені жай ғана «суретке түсіп кетсін» деп шақырған жоқ. Бұған дейін әлеуметтік желіде болсын, айтыс сахнасында болсын, қоғам мәселесін батыл айтып, принциптен таймай жүргеніміз үшін сенім артылды.

Бұл — үлкен жауапкершілік. Сізге сенім артылса, сол сенімді ақтау үшін принципте тұра білуіңіз керек. Ал ақиқатты ұстану жолында кедергілер болмайды деп кім айтты? Әрине болады. Қызметтік деңгейде де, жергілікті басшылық тарапынан да ұнамайтын пікірлер айтуға тура келетін кездер көп. Ақиқатты айтпай қалсаңыз,  өзіңіз іштей күйзеліске түсесіз. Ал ақиқатты айтқан кезде кейде қысым да болуы мүмкін. Бірде жоғары жақтан, бірде таныстар арқылы «айтпай-ақ қойсаң қайтеді» деген сөздер келеді. Ондай кезде біз «жанамалап жеткізу» тәсілін қолданамыз. Кейде жұмсартып, кейде мәселенің бетін ғана ашып айтамыз, ал егер қоғамда проблема шынымен ушығып тұрса, халықтың мүддесі талап етіп тұрса — онда ашық түрде, бүкпесіз жеткіземіз. Шындықты айту — міндетті түрде айқайлап сөйлеу емес. Шындықты орнымен, уақытымен, тәсілімен жеткізу — нағыз жауапты азаматтың міндеті деп ойлаймын.

 

Сұхбаттасқан: Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win