Өткен апта соңында Шымкенттегі Жеңіл атлетика спорт кешенінде қазақ күресінен алғаш рет қала әкімінің Кубогі бәсекесі ұйымдастырылды. Жастар арасында өткен жарыста жеті өңірдің балуандары, жалпы 130 спортшы бақ сынады. Атап айтқанда, Алматы мен Шымкент қалалары, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарынан 100-ге жуық жас балуан сайыс көрігін қыздырды. 8 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Дәстүрге айналған күрес додасы Шымкентте жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға зор мүмкіндік бермек. Жас спортшылардың кәсіби шеберлігін арттыруға және қазақ күресін насихаттауға бағытталған. Тәуелсіздік күніне орай, қалада алғаш рет өткізілген бұл турнир бұдан кейін де жалғасын таппақ.
Биылдан бастап ұлттық спорт олимпиадалық спорт түрлерімен қатар басымдыққа ие болды. Бұл ұлттық спортты мақсатты түрде қаржыландыруға және оны жоғары жетістіктер спорты ретінде тануға жол ашады. Сол себепті де, ұлттық спортты насихаттау, резерв қалыптастыру бағытында жастар арасында тағы бір маңызды турнир қолға алынды.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменовтің айтуынша, ұлттық спортты дамыту, насихаттау жұмысы, оны әрі қарай ілгерілету жүйелі түрде бастау алып отыр. Иә, қала әкімінің кубогы турнирі дәстүрлі түрде өткізуге күнтізбелік жоспарға да енгізілді. Ендігі ретте әрбір ұлттық спорт түрінен маңызды жарыстар өткізу, жанкүйерлерін көбейту жұмыстары жасалмақ. Қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу басты назарда тұрған мәселенің бірі. Ұлттық спорт түрінен әлемнің әр қиырында әлем және Азия чемпионаттары өтіп келеді.
Шымкент қаласында жалпы 10 ұлттық спорт түрі дамытылуда. Соңғы жылдары барлық спорт түрлерінен халықаралық турнирлер өтіп, қажетті жағдайлар жасалуда. Ендігі кезекте жоғары жетістіктерге қол жеткізу – басты назарда. Қаладағы ұлттық спорт түрлерінің даму жоспарларын талқылау және ұлттық спорт федерацияларының есебін тыңдау жиынында Ермек Аманжолұлы ұлттық спортты насихаттау, резерв қалыптастыру керек екенін баса айтқан болатын. Көкпар федерациясының президенті Балтабай Асан, тағы басқа федерация өкілдері ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейту жөнінде өз ұсыныстарын жеткізген.
Жоспар түзіліп, мақсат-міндеттер белгіленіп отыр. Биыл шаһарда ұлттық спортты дамытып, насихаттауда көптеген іс-шаралар өткізілді. Қала спортшылары тарихи жеңістерге қол жеткізді. Айталық, Шымкент қаласының балуаны Марат Байқамұров «Қазақстан барысы» атанып, көптен күткен тарихи жеңіспен қуантты. Өткен жылы тәжірибелі балуан Ерсұлтан Мұзаппаров екінші орынға ие болған еді. 2025 жылы құт болып, алтын тайтұяқ жерлестерімізге бұйырды. Бұл – жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесі болса керек. Басқарма өкілдері ендігі ретте түйе палуандарды көбейту керек екенін айтады.
Осы жылы қалада ұлттық спорт түрлерінен маңызды оқиғалар, жеңісті сәттер, дүбірлі додалар ел есінде қалды. Енді осы жағдайларға жеке-жеке тоқталып өтсек. Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінде жерлестеріміз топ жарды. Одан бөлек, қалада қазақ күресінен ересектер арасындағы ҚР чемпионаты өтіп, онда жалпы 481 палуан белдесті. Осы чемпионаттың қорытындысы бойынша келесі жылғы ұлттық құрама команда жасақталмақ. Үш күнге созылған аламанда 20 салмақ дәрежесі бойынша еліміздің ең танымал балуандары өзара мықтыны анықтады. Сонымен қатар, «Қазақстан барысы» республикалық дәстүрлі турнирінде белдескен әр өңірдің балуандары да чемпионатта күш сынасты.
Ұлттық спортта маңызды оқиға – биыл қаладағы жаңа ипподромда теңге ілуден тұңғыш әлем чемпионаты өтті. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы және Шымкент қаласының әкімдігі мен AlemAgro компаниясының қолдауымен өткізілген сайысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай, Ресей, Үндістан елдерінің спортшылары қатысты. «Жеті құт», «Бес белес», «Қос құлаш» стильдері бойынша үздіктер анықталды.
Шаһарда теңге ілу спорты қарқынды даму үстінде. Шымкент қаласында бұған дейін Азия кубогы ұйымдастырылса, әлем чемпионатын өткізу де үшінші мегаполиске сеніп тапсырылды. Халықаралық жарыстардың тұрақты түрде өтуі теңге ілу спортының халықаралық дәрежеде дамуына септігін тигізуде.

Сондай-ақ, 5-6 сәуір аралығында теңге ілуден III Азия Кубогы бәсекесі қатарынан 3-ші жыл мегаполис шаһарда ұйымдастырылды. Сайысқа ҚР ұлттық құрама командасының спортшылары және Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қытай елінің теңге ілу шеберлері жүлделерді сарапқа салды. 12-13 қараша аралығында жаңа атшабарда теңге ілуден Федерация Кубогы бәсекесі елімізде алғаш рет өткізілді. Республикалық Теңге ілу Федерациясының атқарушы директоры Айбек Түркебай ұлттық спортты дамыту мақсатында ендігі ретте жыл сайын ұйымдастыру жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл жарыс спортшыларға өздерінің мықтылығын дәлелдеуге зор мүмкіндік. Жарыстың тұрақты түрде өтуі теңге ілу спортының дамуына оң септігін тигізбек.
Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Бұл ұлттық спорт түрінде де жанкүйерлер бірқатар жарыстарды тамашалады. Соның бірі – «Qazaqstan Kokpar Cup» клубтық командалар арасында республикалық турнирі. ҚР Туризм және спорт министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі, Көкпар федерациясының ұйымдастыруымен өткен алғашқы турнирдің жалпы жүлде қоры 28 500 000 теңгені құрады. Бұл турнир – көкпар спортының дамуына серпін беріп, өңірлер арасындағы бәсекелестікті күшейтетін ауқымды жобалардың бірі. Оған 7 команда – Павлодар, Жетісу, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан 100-ге жуық үздік шабандоз қатысып, әр өңірдің мықтылары ұлттық спорт жанкүйерлеріне жоғары деңгейде ойын көрсетті.
Командалық көкпар жаңа бағытта дамуға бет алды. Бұл жарыстың маңызы ерекше. Себебі, ел бойынша көкпарға қызығатын әрбір шабандоздың мүмкіндігін ашу және командалық көкпардың тынысын кеңейту жоспары тұр. Жаңа атшабарда жанкүйер қауым ұлттық рухты асқақтататын, тартысы мол қызықты кездесулерді тамашалады. Командалық көкпар ойынының негізін қалаушылардың бірі Әбілхан Дауылбаев ең тартысты ойындар осы командалық жарыс екенін айтты. Кімнің шын мықты екенін осында байқауға болады.
Ұлттық спорттың жанкүйерлерін серпілткен тағы бір айтулы оқиғаның бірі деп «Respublica Asyq Atu» турнирінің финалын айта кеткен жөн. 25 қазан күні Шымкент қаласы ұлттық рух пен айбынды дәстүрдің ордасына айналды. Мұнда көне спорт түрі асық атудан еліміздегі ең ірі дода – екінші республикалық «Respublica Asyq Atu» турнирінің финалы ұйымдастырылды. Бас жүлде – жеңіл автокөлік үшін республика өңірлерінен келген 40 үздік асықшы үздік ойын-өрнегін көрсетті. Турнир аясында тек жарыс емес, ұлттық рухтың мерекесі өтті. Көрермендер финалдық кездесулерден бөлек, концерттік бағдарлама мен ұлттық ойын түрлерінен шеберлік сабақтарына куә болды. Бұл күн қала тұрғындары мен қонақтарының есінде нағыз спорт пен мәдениеттің тоғысқан мерекесі ретінде қалды. Қызу тартысқа толы финалдың қорытындысы бойынша, Ақтөбе облысының өкілі Ғарышбек Құлыбек жеңімпаз атанып, отандық Allur автомобиль компаниясы шығарған Chevrolet Onix көлігінің кілтін иеленді. Екінші орын иегері Түркістан облысынан келген Әбілхан Талғар –1 000 000 теңге, ал, үшінші орын алған Батыс Қазақстан облысының спортшысы Сламхан Бақдаулет –500 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды. Өткен жылы дәл осы турнирдің бас жүлдесін шымкенттік спортшы иеленген болатын. Сондықтан, дәстүрлі турнир биыл Шымкент қаласында жалғасын тапты.

Сонымен қатар, биыл тоғызқұмалақ, садақ ату, жамбы ату спорт түрлерінен де бірқатар жарыстар ұйымдастырылып, жоспарлар түзілді. Атап айтқанда, 1-7 қараша аралығында қалада тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында командалық ҚР чемпионаты өтті. Ұлттық ойынды дамыту мен насихаттауға бағытталған бұл айтулы жарысқа еліміздің барлық облыстарынан 300-ге жуық үздік спортшы қатысып, командалық есепте өз өңірінің намысын қорғады. Чемпионаттың басты мақсаты – тоғызқұмалақты бұқаралық спорт ретінде дамыту, жасөспірімдер арасында логикалық ойлау қабілетін жетілдіру және ұлттық ойын арқылы патриоттық рухты нығайту. Жарыс нәтижелері бойынша үздік командалар мен спортшылар марапатталып, республикалық рейтингке енгізілді. Қала мектептеріндегі тоғызқұмалақ үйірмесінің шәкірттері, кешенді спорт клубының спортшылары ұлттық спорттан сайысқа түсіп, үздіктерді анықтау жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған спорттық сайыста тоғызқұмалақ шебері Ғалымжан Темірбаев жеңімпаз атанып, өзінің әлемдік деңгейдегі шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеген болатын.
Ал, садақ атудан Қазақстан Республикасы кубогінің финалдық кезеңі де үшінші мегаполисте өтті. Сайысқа еліміздің ең үздік мергендері, еліміздің 8 аймағынан іріктелген 64 спортшы шеберлік байқасты.
Рас, биыл ұлттық спортта ұпайымыз түгенделді деп айтуға негіз бар. Шаһарда жаңадан ашылған ипподром ұлттық спорт сайыстарының ордасына айналып келеді. Қала тұрғындары әлем чемпионаты, Азия кубогы, ел чемпионаты сынды жауапты жарыстарды тамашалауда. Халықаралық жарыстардың тұрақты түрде өтуі ұлттық спорт түрлерінің өркендеуіне өз үлесін қоспақ. Наурыз мерекесінде де ұлттық спорт ойындары қайта жаңғырғаны көпшілікке мәлім.
Сонымен, ұлттық спорт өкілдері 2025 жылды табысты қорытындылады. Алда – жауапты жарыстар, маңызды іс-шаралар тұр. Олимпиадалық басымдыққа ие болған ұлттық спортты дамыту жұмыстары одан әрі жалғасын табады.
Тағабай ҚАСЫМОВ
