Халқымыздың ХХ ғасырда басынан өткізген ең ауыр кезеңдерінің бірі — екінші дүниежүзілік соғыс. Тарихи деректер 1,2 миллион қазақстандықтың қан майданға аттанып, оның 600 мыңы сұрапыл соғыстан оралмағанын көрсетеді. Қаһарман халқымыздың жаһанға уын шашқан фашизмді талқандап, күллі адамзатты озбырлықтан аман сақтап қалған Ұлы Жеңісіне бүгін 80 жыл толып отыр. Еліміздің түпкір-түпкірінде осынау тарихи оқиға кеңінен аталып өтті. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалдық кешенінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Бұл күні Шымкент қаласының тұрғындары таң рауандап атысымен-ақ, «Даңқ» мемориалына жиналды. Салтанатты іс-шараға жиналған көпшілік, ең алдымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін шырқады. Еліміздің Әнұранын Ұлттық Ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінің оркесторы бастап орындады. Мұнан кейін салтанатты жиынға қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сондай-ақ, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен зиялы қауым өкілдері «Жұлдыз» және «Ұшақ» ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, Отан үшін от кешкен аталар рухына құрмет көрсетті. Гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысқандардың арасында Ұлы Отан соғысының ардагері, бүгінде 100 жасқа келіп отырған қадірлі қария Мұраталы Төлепбергенұлы да бар.
Мұнан кейін қонақтар Абай саябағы аумағында орналасқан «Майдан даласы» алаңына бет алды. Мұнда ардагерлер мен қонақтарға «Майдан ботқасы» ұсынылды. Соғыс ардагері Мұраталы Төлепбергенұлы бұл тағамның дәмін әлі ұмытпағанын айтты. Себебі, қарақұмық ботқасы — қан майдандағы жүрекжалғар бірден-бір ас болған.
Салтанатты шара барысында даңқты аталарымыздың II дүниежүзілік соғысындағы ерлігін паш еткен театрландырылған қойылым көрсетілді. Шымкент қалалық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының, сондай-ақ, қаладағы орыс, өзбек драма театрларының әртістері әзірлеген қойылымдарды тамашалаған көпшілік от пен оқтың арасындағы шайқасқа куә болды.
Көпшілік назарына Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған концерт ұсынылды. Сұрапыл соғыс жылдарын еске салған, әрі патриоттық рухтағы әндер айтылды. Яғни, шымкенттік өнерпаздар «Катюша», «Кестелі орамал», «Три танкиста», «Жеңіс күні» сынды әндерді шырқады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Абай саябағында Жеңістің 80 жылдығына орай «Өткеннің үнсіз куәгерлері» атты фотокөрме де өтті. Бұл көрмеде ардагерлердің әр жылдардағы тұрмыс-тіршілігін, өмір сәттерін бейнелеген фотосуреттер ұсынылды. Шарада фотограф Мақсат Шағырбайдың жеке қорында 2012 жылдан бастап жиналған ардагерлердің фотосуреттері қойылды. Әрбір суреттің артында бір тағдыр, бір тарих жатыр. Ардагерлердің жүзіндегі әрбір әжім соғыстың ізін бейнелейді және бұл бейнелер болашақ ұрпаққа өткеннің шежіресі ретінде қызмет етеді.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ