Шымкентте балалар кардиологиясындағы өзекті мәселелерді қамтыған маңызды шара өтті. Астана қаласындағы UMC Жүрек орталығының жетекші мамандары Түркістан облыстық балалар клиникалық ауруханасының базасында «Балалардағы туа біткен жүрек ақаулары, ерте диагностиканың маңызы, ата-аналарды қолдау және медицина мамандарының біліктілігін арттыру» тақырыбында тәжірибелік шеберлік сағаттарын өткізді.

Шеберлік сағаттарына UMC Жүрек орталығының мамандары – балалар кардиологы Әйгерім Жанатқызы, балалар кардиохирургі Ғалымжан Өтегенов және анестезиолог-реаниматолог Ксения Какорина қатысты. Шымкент қаласының педиатрлары, неонатологтары, балалар кардиологтары және функционалдық диагностика дәрігерлеріне арналған эхокардиография (ЭхоКГ) бойынша практикалық сабақтар қамтылды. Іс-шара Heart Center Foundation қоғамдық қорының бастамасымен, UMC Жүрек орталығы және Балалар жүрегін емдеу жөніндегі қазақстандық мамандар қоғамының бірлесуімен жүзеге асқан «Туа біткен жүрек ақаулары бойынша Пациенттік мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Оқыту нақты клиникалық жағдайлар мен эхокардиографиялық деректерді талдауға құрылды. Бұл өңірлік мамандарға туа біткен жүрек ақауларын дер кезінде және дәл диагностикалау дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар іс-шара аясында пациенттер тегін тексеріліп, олардың емдеуші дәрігерлеріне кәсіби кеңес берілді. Ата-аналармен жеке кездесу ұйымдастырылып, күрделі медициналық мәселелер ашық форматта талқыланды.
Көшпелі мектеп Шымкентке келді
UMC Жүрек орталығының мамандары «Балалардағы туа біткен жүрек ақаулары, ерте диагностиканың маңызы, сондай-ақ ата-аналарды қолдау және медицина мамандарының біліктілігін арттыру» тақырыбында баспасөз мәслихатын өткізді. Кездесу барысында мамандар өңірдегі ахуалға тоқталып, Пациенттік мектеп жобасының маңызына, ата-аналар мен дәрігерлер үшін тигізетін пайдасына тоқталып өтті. Бүгінгі дейін Астана, Алматы, Ақтау қалаларында және Түркістан облысында осындай 4 көшпелі мектеп өткізілген. Енді 2026 жылы 7 көшпелі мектеп өткізу жоспарларында бар екен.
UMC Жүрек орталығының маманы, балалар кардиологы Әйгерім Жанатқызының айтуынша, туа біткен жүрек ақауларын ерте анықтау – бүгінгі таңда толық шешімін таппаған өзекті проблема.
– Туа біткен жүрек ақаулары көбіне өмірдің алғашқы апталарында немесе айларында ешбір белгісіз өтуі мүмкін. Ал диагноз кеш қойылса, хирургиялық түзету мүмкіндігі де қиындай түседі. Қазіргі заманғы пренатальды скрининг әдістері жүктіліктің 18-21 аптасы аралығында ауыр ақаулардың 85 пайызын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ата-аналарға босануға дайындалып, медициналық ұйымды алдын ала таңдауға жағдай жасайды, – дейді маман.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 мың бала дүниеге келеді. Шамамен 2800-3200 сәбиден туа біткен жүрек ақауы анықталады. Бұл балалардың 1120-1280-і, оның ішінде 560-640 жаңа туған нәресте хирургиялық араласуды қажет етеді. Бүгінде елімізде 380 мыңнан астам бала туа біткен жүрек ақауы диагнозымен тіркелген. Жыл сайын шамамен 2,5 мың жаңа жағдай анықталады десек, яғни орта есеппен әр 1000 жаңа туған баланың 8-інде осындай патология бар.
Өңірдегі ахуал алаңдатады
Шымкент қаласында 18 жасқа дейінгі 500 мыңнан астам бала тұрады. Соның шамамен 1,5 мыңы туа біткен жүрек ақауларымен диспансерлік есепте тұр. Жыл сайын қалада 300-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Бұл қатарда клиникалық тұрғыдан аса күрделі науқастар да бар, мұнда диагностикалық қателіктің құны өте жоғары. Тек Шымкент қаласының өзінде кардиомиопатия, жүрек ырғағының бұзылыстары, кардиттер, өкпелік гипертензия сынды диагноздары бар 1460 бала мен жасөспірім диспансерлік бақылауда тұр. Ал, Түркістан облысында мұндай пациенттер саны – 2335.
Шымкент қаласының бас штаттан тыс кардиологы Раушан Қалдыбаеваның айтуынша, өңірлік мамандардың тәжірибесін күшейту – бала өмірін сақтаудың маңызды тетігі.
– Күрделі клиникалық жағдайларды дер кезінде тану, ЭхоКГ нәтижелерін дұрыс интерпретациялау – шешуші фактор. Мұндай шеберлік сағаттары дәрігерлердің кәсіби сенімділігін арттырып, диагностикалық қателіктердің алдын алады. Қазіргі таңда туа біткен жүрек ақауларына хирургиялық түзету Астана, Алматы және Шымкент қалаларындағы үш ірі орталықта жүргізіледі екен. 2024 жылы елімізде осы диагнозбен 1,7 мың балаға ота жасалды, оның шамамен 500-і UMC Жүрек орталығында орындалды. 2025 жылы Шымкент қаласында бұл бағытта 58 балаға ота жасалды, оның 34-і өңірде, қалғандары республикалық орталықтарда ем алады, – дейді маман.
Пациенттік мектеп – қолдау алаңы
Пациенттік мектеп – бұл тек білім беру алаңы ғана емес, дәрігер, ата-ана және пациент арасындағы сенімді байланысты қалыптастыратын маңызды платформа. Пациенттік мектептің тағы бір маңызды бағыты – ата-аналарды қолдау. Ашық диалог форматында дәрігерлер жүктілік кезіндегі маңызды тексерулер, баланы операцияға дайындау, операциядан кейінгі күтім, сондай-ақ балалардағы жүрек ырғағының бұзылыстары туралы түсінікті ақпарат береді. Ата-аналардың жеткілікті хабардар болмауы – ауруды кеш анықтаудың негізгі себептерінің бірі. Сондықтан бұл жоба медициналық біліммен қатар, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететін маңызды алаңға айналып отыр. Жоба аясында ата-аналар медициналық терминдерге толы күрделі ақпаратты қарапайым әрі түсінікті тілде алып, баласының диагнозын, емдеу кезеңдерін және ұзақ мерзімді бақылаудың маңызын тереңірек түсінеді. Мұндай формат ата-аналардың алаңдаушылығын азайтып, емдеу процесіне саналы түрде қатысуына мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде ем нәтижесінің жақсаруына тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар, Пациенттік мектеп өңірлік медицина мамандары үшін тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып отыр. Елдің жетекші кардиологтары мен кардиохирургтерінің қатысуымен өтетін практикалық сабақтар бірегей клиникалық жағдайларды талдауға, диагностикалық қателіктердің алдын алуға және балалардағы туа біткен жүрек ақауларын басқарудың бірыңғай, заманауи тәсілдерін енгізуге жол ашады. Бұл өңірлер мен республикалық орталықтар арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, балалар кардиологиясы саласындағы көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырады.
