Редакция таңдауы

ҰСТАЛАРДЫҢ БАСЫН ҚОСҚАН «SHYMKENT USTA FEST»

Шымкенттегі «Арбат» демалыс аймағында «Shymkent Usta Fest» тұтас ағаштан бұйым жасайтын қолөнер шеберлерінің халықаралық фестивалі басталды. Қала күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Ресей Федерациясынан танымал ағаш ұсталары, зергерлер келген. Халықаралық деңгейдегі фестиваль елімізде алғаш рет Шымкент қаласында өтіп жатыр.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек іс-шараның мән-маңызын атап өтті. Фестивальдің мақсаты – тұтас ағаштан жасалатын дәстүрлі және заманауи бұйымдар арқылы ұлттық қолөнер мұрасын насихаттау, шығармашылықты дамыту және халықаралық деңгейдегі кәсіби байланыстарды нығайту. Бұл жоба 2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтарының жылы» бастамасымен үндес келеді. Фестивальдің рухани және тәрбиелік миссиясы – мүсін өнері арқылы еңбек адамының бейнесін дәріптеу. Сонымен қатар, халықаралық шеберлермен тәжірибе алмасу арқылы мәдени байланыс аясын кеңейту көзделіп отыр.

14-20 маусым аралығында, алты күн бойы Шымкент қаласы ағашқа жаңа келбет сыйлайтын қолөнер шеберлерінің орталығына айналады. Күнделікті сағат 10:00-18:00 аралығында қала тұрғындары танымал ағаш ұсталарының туындыларын тамашалай алады.

Фестиваль үш негізгі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – ұжымдық шығармашылық жұмыс. Шеберлер топтасып мүсін өнерінің заманауи әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, түрлі туындылар жасайды. Бұл кезең – кәсіби мамандар арасында тәжірибе алмасуға арналған платформа болмақ.

Екінші кезең – «АСАР» эко-акциясы. Фестиваль аясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қолдау ретінде экологиялық іс-шаралар өткізіледі. Мұндағы мақсат – экологиялық сана мен еңбек мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыру. Сонымен қатар, ұлттық қолөнер жәрмеңкесі өтіп, отандық шеберлерге қолдау көрсету көзделген.

Үшінші кезең – Speed Carving байқауы. Бұл кезеңде қатысушылар шектеулі уақыт ішінде ағаштан мүсін жасап шығару шеберлігін көрсетеді. Қазылар алқасы шеберлердің техникалық дәлдігі мен шығармашылық ойлауын бағалайды. Жеңімпаздарға арнайы жүлде табысталады.

Іс-шара нәтижесінде шеберлердің қолынан шыққан ағаш бұйымдар мен мүсіндер қаламызға сый ретінде тарту етілмек. Шаһардың көрнекті жерлеріне орнатылып, шаһардың сәніне сән қоспақ. Фестивальде ең үздік туынды ретінде танылған мүсіннің авторы арнайы сый-сыяпаттармен марапатталмақ.

Айта кетсек, фестиваль аясында «Арбат» алаңында жәрмеңкелер, көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал, 20-маусымда фестивальдің салтанатты жабылу рәсімі мен гала-концерт өткізу жоспарланған.

Т.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар