Білім және ғылым саласында еңбек еткеніме 20 жылдан асты. Мамандығым химия саласында, атап айтқанда, оның ғылыми-теориялық негіздері, технологиясы және де педагогикасы. Таяу күндері мектеп бітірушілер білім ордасымен қоштасады, қазір олар мамандық таңдауға кірісіп кетті. Арманына ақылды ғана жетеді. Мамандықты дұрыс таңдау – өмірде бақытты болудың бірден бір жолы.
Қазіргі таңда Қазақстанда 600-ден аса мамандық бар болса, ондағы сұранысқа ие 10 мамандықтың ішінде «Химия» мамандығы бар екенін мақтанышпен айтқым келеді. Күніне әлем бойынша 500-ден аса жаңа зат алынады, әлі де жаңа жанама химиялық элементтер ашылуда, мүмкін сол жаңалықты ашатындардың бірі сіздер боларсыздар! Халықаралық Нобель сыйлығының ең көп иегерлері Химия саласындағы мамандар екендігі көпшілікке мәлім.
Мен студенттерге қазақ және орыс тілінде химияның заманауи кәсіптік пәндері бойынша дәріс беремін, олармен ғылыми жұмыстар жүргіземін, студенттердің білімге, ғылымға деген ынта-жігері, қызығушылығы екі жақты, олар мені де шабыттандырады және де менің оларға деген еңбегім еселей түсетіні сөзсіз. Мен өз мамандығымды өмірде дұрыс таңдағаныма кәміл сенімдемін.
Мамандық таңдау – әр адамның ересек өмірін айқындайтын қадам. Қандай мамандықты таңдау керек және болашақта, еңбек нарығында қалай сұранысқа ие болу керек? Міне, осы сұрақтар қәзір сіздерді мазалауда.
Бүгінгі таңда болашақ мамандығыңыз туралы нақты түсінік болмаса да, сіз айналаңыздағы әлемді, адамдардың іс-әрекетін бақылап отырасыз, болашақта өзіңізді елестетесіз. Мамандықты дұрыс таңдау – сіздің болашақ табысыңыздың кепілі, өміріңізді арнаған жұмысыңызға қанағаттануыңыз.
Мамандықты таңдағанда, сіз өміріңіздің көп бөлігінде онымен айналысатыныңызды түсінуіңіз керек. Қарапайым адам көп жұмыс істейді, аз тынығады, сондықтан таңдаған мамандығыңыздан ләззат алуыңыз қажет. Сондықтан табысқа жете алатын, сұранысқа ие мамандықты дұрыс таңдауға кеңес беремін.
Саят ЕРМЕКОВ, М.Әуезов атындығы ОҚУ
«Химия және фармацевтикалық инженерия»
кафедрасының меңгерушісі, РhD доктор, доцент