Редакция таңдауы

Вандализмге қарсы жауапкершілік күшейтіледі

Қалаң, заман сәулетті болса, жан тынысың ашылып, көкірегіңді мақтаныш сезімі көрнейді. Менің елім, менің жерім…

Бірақ, адамдардың бәрі бірдей емес. Олар кейде сен үшін қасиетті деген, құрметті деген ардағыңа қол салып, жан-дүниеңді астаң-кестең етеді.

Сонау бір жылдарда Алматыдағы Кеңсайда ұлт батыры Бауыржан Момышұлына еңселі ескерткіш орнатылды. Жезбен қапталған ескерткіш күнмен жарқырап, батырға жарасып-ақ тұрған. Жез – қымбат металл. Бір күні бір антұрғандар Бауыржан ескерткішінің бір қапталын шешіп әкетіп, қоғамда үлкен айқай-шу болды.

Осындай адамдық қасиетке жатпайтын вандализм оқиғалары Шымкентте де болып тұрады. Бұл тек ескерткіштерге ғана қатысты емес. Ақыл-есі толық қалыптаспаған жасөспірімдер өз қылығын ерлік көріп, саябақ, скверлердегі ел игілігі үшін салынған дүниелерді қиратып жатады.

«Жас бала ғой, ештеңе етпейді» деп жауырды жаба тоқуға болмайды. Ал, айтайық. Бұзақылық әрекеттер үшін қандай жаза қолданылады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 294-бабында вандализм, яғни мемлекет қорғайтын тарихи-мәдени мұра обьектілерін, тарих және мәдениет ескерткiштерiн, табиғи объектiлерді жазулармен, суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа қиянат жасайтын өзге де әрекеттермен қорлауы, сол сияқты көлікте, өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдірсе, бір жүзден екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмысқа тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 448-бабында кәмелетке толмағандардың бұзақылығы құқық бұзушылық белгілеріне жататын әрекеттерді жасағаны үшін жауаптылығы жайлы жазылған. Он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған вандализм, яғни, мемлекет қорғайтын тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи объектілерді жазулармен немесе суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа қиянат жасайтын өзге де әрекеттермен қорлауы – ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 15 айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.

Осы жағдайда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин күні кеше Президент вандализмге қарсы күрес мәселесіне қатысты нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойғанын айтты.

Оның айтуынша, бұл – Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған төртінші заң.

«Бұдан бұрын вейптерге тыйым салуға, әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігіне, «Айбын» орденінің түрлі дәрежелеріне батырлардың есімін беруге қатысты заңға қол қойылған болатын. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде тәртіпсіздік пен мәдениетсіздік сынды кеселдерге қарсы күресуге шақырып, вандализмді теріс қылық деп атап өтті», деп жазды Қарин Telegram-дағы парақшасында.

Қол қойылған заңда:

  • қоғамдық орындарды ластау;
  • бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру;
  • тарих, мәдениет ескерткіштерін, табиғи кешендерді немесе мемлекет қорғауға алған объектілерді, сондай-ақ, ерекше тарихи, ғылыми, көркемдік немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды қасақана жою немесе бүлдіру үшін жауапкершілік күшейтілген.

2024 жылы 5 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне адам саудасына, вандализм көрінісіне және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Әрине, жеке бас пайдасы үшін мемлекеттің мүлкін қирататындарға заң қатал жаза қолданады. Мемлекет басшысы тиісті Заңға қол қойды. Яғни, жауапкершілік мейілінше күшейтіледі. «Жас бала ғой» сылтауы енді жүрмейді. Сондықтан да қауым болып, ата-ана болып мұндай заң бұзушылықтың алдын алу үшін түсіндірме жиындар өткізудің маңызы зор.

Қазақстан – қасиетті Отанымыз. Кезінде Алаш ардақтылары «Қазақстанның әр қазынасы, әр тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек» деп бастама көтерген екен. Яғни, Қазақстан өркениеттің шалқар көшінен өз орнын табу үшін ұсақ-түйек деген дүние жоқ. Заң осыны ескертеді.

Бақтияр БАЙДУЛЛАҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар