25 қазан — Республика күні мерекесіне орай Шымкент қаласында биыл алғаш рет қала тұрғындары арасында ауқымды веломарафон ұйымдастырылды. Мерекелік көңіл-күй мен спорттық серпін сыйлаған бұл шараға жасы да, кәсібі де әртүрлі 300-ге жуық велосүйер азамат қатысты.

Таңғы самалмен Наурыз алаңына жиналған қатысушылардың жүзінен қуаныш пен шабыттың лебі сезілді. Жасы үлкені 75 жастағы Кеңесбек Сейдімбекұлы болса, 9-10 жасар мектеп оқушылары да осы жерден табылды. Әрқайсысының мақсаты — мереке күні елге салауатты өмір салтын насихаттау.
Марафон бағыты Наурыз алаңынан басталып, 15 шақырымдық қашықтықты еңсерген велошабандоздар Ипподром алаңына дейін жүріп өтті. Қаланың басты көшелерінен өткен бұл шеру көпшіліктің назарын аударып, шымкенттіктерге ерекше әсер сыйлады.
Шараны Шымкент қаласының дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырған. Дирекция директорының орынбасары Еркінбек Өрісбаев қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, веломарафонның мәніне тоқталды.
– Бұл шара – тек спорттық дода емес, ел бірлігінің, достық пен сергектіктің символы. Республика күні – тәуелсіз еліміздің ең қастерлі мерекелерінің бірі. Сондықтан да бүгінгі веломарафон арқылы біз жастарға үлгі, үлкенге құрмет, қоғамға сергектік сыйлауды мақсат еттік, – деді ол.
Жарыс соңында мәреге жеткен қатысушыларға сыйлық сөмкелер мен алғыс хаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шара алдағы уақытта да дәстүрге айналып, қала тұрғындарының белсенді өмір салтын қалыптастыруға үлкен серпін бермек.
Қала көшелерімен өткен мерекелік велошеру шымкенттіктерге тек қуаныш сыйлап қана қоймай, спорттың адам өміріндегі маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.
