Былтыр еліміздің медиакеңістігі «Уақыт ТВ» телеарнасымен толыққан болатын. Бір жылдың ішінде бұл телеарна ілкімді іс, батыл бастама, тың зерттеу және еселі еңбектің арқасында көрермен қауымның көңілінен шыға білді. Жақында 1 жылдығын жоғары деңгейде атап өткен бұл арнаның таратқан ақпараттарын инстаграм желісінде 57 мыңға жуық, тик-токта 120 мыңнан астам оқырман тұрақты бақылап, тамашалап отырады. Қала берді, «Otau TV» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі арқылы бүкіл Қазақстанға сапалы контент ұсынып отыр.
Телеарна құрылтайшысы өңірімізге белгілі журналист, әрі қалалық мәслихаттың депутаты Талғат Балтабаевтың айтуынша, көрермен көрген бір ғана сюжеттің артында бірнеше маманның қызу еңбегі жатады. Ал, енді тұтас телеарна жұмысын жолға қоюдың қаншалықты қиын екенін салмақтай беріңіз. Студия дайындау, бағдарламалар кестесін жасау, ұжым жасақтау мен оларды үйрету, 18 сағаттық эфирден сапалы контент беру, тіпті, кеңсе табуға дейінгі қиын да күрделі шаруалар тізіліп шыға береді. Республикаға хабар тарататындықтан, бұл шаруаның әрбірі жоғары әрі кәсіби деңгейде болуы тиіс.
2024 жылдың 5 шілдесі күні жұмысын бастап, биылдың 10 сәуірінен бері «Otau TV» жерсеріктік телерадиохабар тарату желісі мен TVCOM желісі арқылы республикаға хабар таратып отырған арнада патша көңілді көрерменнің ыстық ықыласына ие болған бағдарламалар жетерлік. Мәселен, «Әкім уақытында» аймақ басшылары студияға арнайы келіп, жаңалығымен бөліседі. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға жауап береді. «Ашық алаңда» түйіні тарқамаған түйткілдер сөз болады. «Базар Like» нарықтағы тауар мен азық-түліктің бағасына бақылау жасаса, «Қамба» арқылы көрермен ауыл тіршілігімен, ризығын жер анадан тапқан диқандардың өмірімен жақыннан танысады. «Кешкі шай» танымал азаматтардың сырлы сұхбатымен өрілсе, «Мықты әйел» бағдарламасы сан түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандыларды дәріптейді. Арна басшылығы трендті түрлендіріп, тележобаға айналдыруды да ұмытпаған. «Шымкенттік мафия» жобасы – соның айқын айғағы. Бұдан бөлек, спорттық жобалар мен балаларға арналған контентті де эфирден тамашалауға болады. Әрине, сапалы контент өндіру ісі мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да жалғаса берері айқын.
Біз «Уақыт ТВ» телеарнасының шығармашылық ұжымын арнаның ашылғанына 1 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймыз! Осы бір қысқа мерзім ішінде «Уақыт ТВ» елдің рухани, мәдени және ақпараттық кеңістігінде өз орнын тауып, көрерменнің сеніміне ие болды. Әріптестерімізге алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз!
«Шымкент келбеті» газетінің ұжымы