Редакция таңдауы

Заң және тәртіп – орнықты дамудың негізі

Шымкенттегі «Қызғалдақ» сарайында қала әкімдігі мен қала прокуратурасының бірлескен алқа отырысы жаңа форматта, кеңейтілген құраммен өтті. Себебі, жиында құқық қорғау және мемлекеттік органдардан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қаланың құқықтық дамуына мүдделі мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен діни ұйымдардың басшылары, ардагерлер кеңесінің төрағалары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғамдық ұйымдар, бизнес қауымдастығы, жастар, спортшылар мен белсенді азаматтар бас қосты.

Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен өткен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің осы жолғы кеңейтілген отырысында құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Мемлекеттік және жеке сектор арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды. Айталық, қалалық прокуратураның «Заң Үйірмесі», «Киберпол», BAIQA SYSTEM, «Кибер-Шериф», «Тазалық сақшылары» жобалары, сондай-ақ, отбасындағы зорлық-зомбылық пен қылмыстық теріс қылықтармен күреске бағытталған жаңа ведомствоаралық тетіктер таныстырылды. Кездесу аясында қылмыстарды, соның ішінде есірткі айналымына қарсы құқық бұзушылықтарды ашуға көмектескен тұрғындарға «Полицияның қоғамдық көмекшісі» куәліктері табысталды. Коммуналдық қызмет өкілдеріне «Тазалық сақшылары» жобасына қатысушы сертификаттары мен арнайы жабдықтар берілді. Бұдан бөлек, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосқан белсенді азаматтарға, кәсіпкерлер мен жастарға қала прокурорының алғыс хаттары табыс етілді.

Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол қозғалысы қауіпсіздігі, азаматтардың құқықтарын қорғау, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, көші-қон мәселелері кең ауқымда қаралған.

Заң мен тәртіп саласындағы үйлесімді жұмыстың тиімділігі бірнеше есе артады. «Бірлік түбі – береке» дегендей, ортақ іске жұмыла кіріссек, нәтиже де соғұрлым оң болады. Қазірдің өзінде үш бастамамен меморандум жасалып, жұмыстар басталып кетті. Біріншісі – жеті құқық қорғау органының ардагерлері мектептермен тығыз байланыс орнатып, тәлімгерлік бағытта тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастыруға белсенді қатысады. Осының аясында 3700-ден астам ардагер 290 мектеп оқушыларын азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеуге атсалыспақ. Егер бұл жүйелі түрде жүзеге асса, нәтиже береді деп сенеміз. Екіншіден, қаламыздың ІТ саласындағы компания құқық қорғау органдарының цифрлық әлеуетін күшейту, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға қолдау көрсететінін жеткізіп отыр. Үшіншіден, есірткі тұтынушыларды есепке алу және оларға көмек көрсетуге бағытталған келісім. Қазір есірткіге тәуелді адамдармен жүйелі жұмыс жүргізілмейді, тек олардың туыстары ғана ем іздеп, жол табуға тырысады. Бұл – қоғам үшін аса өзекті мәселе. Сондықтан бұл салада нақты қолдау мен бірлескен қадам қажет. Осылай деген қала прокуроры залда отырған әрбір басшыны осы секілді әлеуметтік маңызы бар жобалар әзірлеп, іске асыруға шақырды. Мәселен, көрмеде ұсынылған құрылғыларды әлеуметтік қорғау басқармасы қажеттілік тізіміне енгізіп, қолдануға ұсыныс жасауға кедергі жоқ. Көзі көрмейтіндер мен сөйлеу қабілеті шектеулі азаматтарға арнайы аудармашы қызметін енгізу мәселесін қарастыру да өзекті. Полиция департаменті дрондарды қолдану мүмкіндігін зерттеп, тәжірибеге енгізу маңызды болып отыр.

«Бұл – жастардың қылмыспен күрес пен әлеуметтік проблемаларға немқұрайлы қарамай, нақты шешім ұсынуға дайын екенінің дәлелі. Егер олар қолдау тапса, бұл басқаларға да мотивация болар еді. Бизнес өкілдері де өз салаларыңызда қоғам игілігіне қызмет ететін коллаборациялар жасауды қарастырыңыздар. Бұл бір жағынан әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі. Бұдан бөлек, қоғам үшін үнсіз еңбек етіп жүрген, көзге көрінбей ерлік жасап жүрген азаматтар аз емес. Олардың ерлігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең аудиторияға жеткізілуге тиіс», – деді Ғабит Мұқанов.

Мәселен, InnovaTech компаниясы бес жылдан бері қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары олар қылмыстық-атқару жүйесіне, нақтырақ айтқанда, сотталған азаматтар отырған түзету мекемелеріндегі тәртіп бұзушылықтың алдын алуға ден қойған. «Бұл бағытта қалалық прокуратура тарапынан ұсыныс түсті. Ұсынысты қабыл алып, нақты шешім ретінде арнайы интеллектуалды жүйе бейнебақылауға арналған қауіпсіздік бағдарламасын жасадық. Мекемелерде жиі кездесетін құқық бұзушылықтарға темекі шегу, ұрып-соғу, рұқсатсыз телефон қолдану секілді оннан аса тәртіп бұзушылық жатады. Бұрын бұл жағдайлар көбінесе адам факторы есебінен назардан тыс қалып жататын. Өйткені мекемелерде жүздеген камера жұмыс істесе де, операторлар бір уақытта барлық бейнебақылауды қадағалай алмайды. Мысалы, жеті жүзге жуық камераның тек 150-сі ғана бақылау мониторы арқылы көрсетіледі. Бұл физикалық тұрғыдан шектеулі мүмкіндік.

Біз жасаған бағдарлама кез келген қарапайым камераға орнату арқылы оның функционалдық мүмкіндігін он есеге арттырады. Яғни камера «ақылды» болып, өз бетінше оқиғаны саралап, ереже бұзушылық анықталған сәтте бір-екі секунд ішінде операторға хабарлама жібереді. Мысалы, камерада кішкентай ғана 10–15 сантиметрлік аймақта болып жатқан тәртіп бұзушылықты анықтай алады. Бүгінде осы жүйе арқылы бір айдың ішінде 1200-ден аса тәртіп бұзушылық тіркелді. Ал бұған дейін бес оператор бір жылда 100-ге жуық ғана бұзушылықты анықтаған болатын», дейді компания директоры Оразалы Каримбаев.

Сондай-ақ, алқа отырысында сексуалдық зорлық-зомбылық көрген балалардың тағдырына қатысты ұсыныс айтылды. Зорлық көрген балалардың мемлекеттік грантқа түсу жағын зерделеп, шешу жолдарын қарастыру қажет. Сексуалдық зорлық көрген балалардың арасында дарынды, қабілетті жастар өте көп. Олардың арасында ұл балалар да бар. Сол себепті, әрбір өңірдің әкімі тарапынан осындай балалар үшін арнайы грант бөлу мәселесі көтерілуге тиіс екендігі қозғалды. Шымкент қаласы бұл бастаманы қолға алуға дайын екенін білдірген. Сонымен қатар, «жасырын тасымалдаушы» істерін қайта қарау ұсынылды. Қала прокурорының айтуынша, заң жүзінде мұндай ұғым жоқ. Алайда Шымкент қаласында жастарды бұл қауіптен қорғау мақсатында құқық қорғау органдары қылмыскерлермен күресу тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, арнайы іс-шаралар жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде жасырын тасымалдаушыларды аңду, ұстау, тергеу жұмыстары ғана емес, оларға қолдау көрсеткен интернет-дүкендер мен төлем жүйелері арқылы ақша ізін бақылау сияқты жаңа механизмдер іске қосылған. Қазір осындай заңсыз схемаларға қатысы бар тұлғалардан алынған қаражаттың белгілі бір бөлігі бұғатталып, мемлекет пайдасына қайтарылып жатыр. Мәселен, 800-ге жуық күдіктінің шоттарынан қаражат бұғатталып, оның бір бөлігі мемлекеттік қорларға қайтарылыпты.

Шымкент прокуратурасының аппарат басшысы Шынар Қаршығақызының айтуынша, жыл басынан бері құқық бұзушылықтың алдын алуға көмектескен азаматтарға 1 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді. Бұл полиция департаментінің ұсынуы негізінде жүзеге асады. Азаматтар волонтер ретінде тіркеліп, құқық қорғау органдарына көмектескені үшін алғыс хаттармен және қаржылай ынталандырумен марапатталады. Сонымен бірге ол соңғы екі жылда қалада бірде-бір азаптау фактісі тіркелмегенін тілге тиек етті. Бұл – үш сатылы бақылау жүйесінің нәтижесі. «Прокуратурада арнайы орталық бар. Барлық бейнебақылау материалдары сол орталыққа келіп түседі. Күнде кезекші прокурор барлық бейнежазбаларды қарап отырады. Құқық қорғау органдарындағы заң бұзушылықтар дер кезінде анықталады. Қадағалау жүйесі күшейтілген. Үш сатылы бақылау жүйесі бүгінде республикамызда енгізіліп, құқық қорғау органдарының жұмысында тұрақты қолданылып келеді. Бұл тәжірибе алғаш рет Шымкент қаласында іске қосылған. Яғни, күдікті ұсталған сәттен бастап, оның құқықтары толық сақталып, бейнебақылау арқылы тіркеледі. Ұстау, алғашқы жауап алу және уақытша ұстау изоляторына жеткізу – осының бәрі бейнекамераға жазылып отырады. Бұл – азаптау фактілерінің алдын алуға бағытталған нақты әрі тиімді қадам», – деді ол.

Жадыра МҮСІЛІМ

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win