Шымкент қаласының индустриалды аймақтарында және тұрғын алаптарда бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылып, жұмысын бастады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков екі кәсіпорынның салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, өндірісті аралап көрді.

Қала әкімі алдымен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы «Marvik Partners» ЖШС тоқыма емес материалдар өндірісі фабрикасына барды. Онда медицина, құрылыс, агросектор салаларына арналған бұйымдар өндірілуде. Қазіргі таңда 79 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, өнімдерді экспортқа шығару жоспарда тұр.
Фабриканың жалпы инвестициялық құны — 4,7 млрд теңге. Кәсіпорын толық қуаттылықпен іске қосылғаннан кейін 136 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделген. Жылына 4,8 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік бар. Аталған инвестициялық жоба еліміздің Оңтүстік өңірлерін сапалы спанбонд (тоқыма емес мата) өнімімен қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Жобаны іске асыру үшін «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 3 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта фабриканың құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, құрал-жабдықтар толығымен орнатылған.
Жобаның іске асуы жеңіл өнеркәсіптің дамуына, импортты алмастыруға, сапалы және қолжетімді тоқыма емес материалдарымен қамтамасыз етуге, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, жалпы қала экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосады.
Сондай-ақ, қала әкімі Сайрам тұрғын алабында орналасқан «Alliance Buildings» пәтерлік, өртке қарсы және техникалық есіктер өндіретін зауытты іске қосу рәсіміне қатысып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.
Аталған инвестициялық жоба еліміздің оңтүстік өңірлерін сапалы құрылыс материалдарымен (темір есіктер) қамтамасыз етпек. Кәсіпорын келесі жылдан бастап өз өнімін Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан еліне экспорттауды жоспарлауда. Зауыттың жалпы инвестициялық құны — 3,7 млрд теңге. Толық қуаттылығына шыққан кезде зауыт 120 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, жылына 150 мыңға дейін өнім шығара алады. Қазіргі уақытта кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды.
Қала әкімі әрі қарай өндірісті кеңейтуге барлық қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
– Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы – Шымкенттегі өнеркәсіптің дамуындағы маңызды қадам. Мұндай жобалар жұмыс орындарын ашып, қаланың экономикалық әлеуетін нығайтады, ішкі және сыртқы нарықта сұранысқа ие салалардың дамуына ықпал етеді, – деп атап өтті қала әкімі.
Айта кетейік, фабрика мен зауыттың ашылуы Шымкент қаласының өнеркәсіптік секторын дамытуға, өндірістік базасын кеңейтуге және экономикалық әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосады.
Тағабай ҚАСЫМОВ
