Редакция таңдауы

Жаңа Конституция жобасының саяси сипаты тәуелсіздіктің тұрақтылығына бағытталған — Ермұрат Бәпи

Қазақстанның тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету – елінің ертеңін ойлаған әрбір азаматтың міндеті болуы керек.

Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Жаңа Конституция жобасын талқылау кезінде депутат Ермұрат Бәпи мәлім етті.

— «Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру сұраныстарына сәйкес, біздің қоғам елде саяси өзгерістер болуы керек деген талапты талмай айтып келе жатқаны мәлім. Бірақ біз елде бұрынғы 30 жыл бойы қалыптасқан, сірескен саяси режимнің сеңі 2022 жылғы референдумның барысында сөгіле басталғанына мән бермей жүрміз. Сондағы алғашқы реформаның нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан құндылықтарды бағалай алмай жүрген «созылмалы қарсылық дертіміз» өзіміз аңсап келген конституциялық өзгерістерді өгей көргеніміз тіптен түсініксіз жағдай боп тұр. Бүгінгі қоғамда, әсіресе әлеуметтік желілерде, соңғы алты ай көлемінде сұлбасы жасалған конституциялық өзгерістерге қатысты батыл, бірақ бір жақтан сыңаржақ сындар көп айтылды. Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауы тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек, — деді Е. Бәпи.

Сонымен қатар ол жаңа Конституцияның жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тіреліп жатқанын жеткізді.

— Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайтын еді. Бірақ қазақта «басқа пәле – тілден» деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде біз бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керекті. Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу – дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда, есермен егесу – естінің ісі болмайды, — деді депутат.

Оның пайымынша, Қазақстан мен оның сыртындағы реалды бағалай, бағамдай алмаған саяси көрсоқырлық елді орыны толмас өкініштерге тап қылуы мүмкін.

— Себебі, дәл осы сыртқы тәуекелдер төніп тұрған жағдайдың жай-жапсарын жұртшылыққа айтам деп, өзімнің жеке қоғамдық-саяси имиджіме нұқсан келіп жатса да, мен нақты реал ситуацияны сөз қылудан жалтармаймын. Мемлекеттік мүдде мен еліміздің тәуелсіздігі алдындағы менің жеке бас абыройым түк те емес! Ел ішінде беделі бар Садуақас Аңсат, Айтқожа Фазыл, Рысбек Сәрсенбай ағаларым да қоғамды қопаңдатудан бұрын, төңірегіндегі жұртшылықты сабырға шақырып, пісімілласы енді ғана басталған өзгерістерді ақсақалдық ар-ожданмен қабылдай алса деген інілік тілегім бар! Сөз соңында айтарым – Қазақстанның тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз ету – елінің ертеңін ойлаған әрбір азаматтың міндеті болуы керек!, — деді Ермұрат Бәпи.

 

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win