Қосымша білім беру балалардың әлеуетін толық ашуға көмектеседі. Сондықтан әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болуы маңызды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капитал деуге болады. Бұл қадам еліміздің әрбір азаматы үшін бірдей мүмкіндік қағидатын іс жүзінде қолдануға жол ашады» деген еді.
Елімізде мемлекеттік қосымша білім беру мекемелері жылдан жылға көбейіп келеді. Соның бірі – Шымкент қаласындағы №3 Оқушылар сарайы. Наурыз айында пайдалануға берілген қосымша білім беру нысаны заманауи үлгіде салынған.
Тұран шағын ауданында орын тепкен оқу ғимаратына арнайы бас сұғып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Ақ пен қоңыр түстің үйлесімін тапқан зәулім сарайда бала үшін барлық жағдай жасалыпты. Босағасынан аттағаннан жанға жайлы атмосфера сезіледі. Кіреберісте анықтама бұрышындағы қызметкер жылы қарсы алып, келуші ата-аналар мен оқушылардың әрбір сауалына жіті жауап беріп, бағыт-бағдар беріп тұр.
Заманауи Оқушылар сарайына экскурсияны мекеменің меңгерушісі Мадина Молдабекова жүргізді. №1 Оқушылар сарайының бөлімі ретінде ашылған оқу ошағы балалардың шығармашылығын ұйымдастыру, дамыту және әр түрлі пайдалы машықтарға баулу мақсатында өндірістік – шаруашылық қызметті жүзеге асырумен айналысады.
–Бүгінгі таңда оқу ғимаратымызда 1600 бала тіркелген. Бізде 26 түрлі үйірме бар. Атап айтсақ, ағылшын тілі, «Жас математик», биотехнология, лего, каратэ-кекушинкай, бокс, дзюдо, греко-рим, үстел теннисі, шахмат, жүзу, домбыра, бейнелеу өнері, киім дизайны, қолөнер, вокал, театр, саз-керамика, прима қобыз, қыл қобыз, футбол, жас химик, Архимед физика, көркемсөз, мектепалды даярлық, еркін күрес үйірмелері. Әр түрлі үйірмелер салауатты өмір-салтын насихаттайды, балалардың бойындағы шығармашылықты дамытады, – деп бастады әңгімесін Мадина Құлахметқызы.
Мадина Құлахметқызы бізді әр үйірмемен жеке-жеке таныстырып келеді. «Бірінші қабатта шығармашылық үйірмелері, нақтырақ, бейнелеу өнері, қолөнер, музыкалық үйірмелер, саз керамика, ағаш өңдеу және театр, бассейн үйірмелері орналасқан. Жалпы, үйірмелердің ішінде ең сұранысқа ие бассейн үйірмесі 1000 орынға лайықталған болса, үйірмеде бос орын жоқ. Драма кабинетіміз айтарлықтай үлкен. Барлық ауқымды іс-шараларымыз осы драма кабинетінде ұйымдастырылады», – деді ол.
Екінші қабатта гуманитарлық бағыттағы ағылшын тілі, көркемсөз, театр, спорттық үйірмелер мен кітапхана, би залы орын тепкен. Сұранысы жоғары үйірменің бірі – ағылшын тіліне 200-ге жуық бала тіркеліпті. Ай сайын Кениядан келген Mister Mohammad-пен Speaking club өткізеді екен. Мәселен, жуырда ғана «Hobbies in 21 century» тақырыбындағы ауызша тәжірибелік сабаққаа оқушылар белсене қатысыпты.
Үшінші қабатта жаратылыстану бағытындағы биотехнология, «Жас математик», лего, физика, химия, экология, робототехника үйірмелері жұмыс істейді.
Биотехнология кабинетіне кіргенде болашақ дәрігерлердің алғашқы қадамдарының куәсі болдық.
«Оқушы арнайы лапароскопиялық тренажёр көмегімен микрохирургиялық операцияны меңгеріп жатыр. Жоғары технологиялы аппарат – нақты хирургиялық дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Ішкі ағзаларға кеспей, кішкентай тесіктер арқылы құрал енгізіп, экран арқылы бақылап, ота жасауды үйренуге көмектеседі. Қолдың дәлдігі, көру мен моторика үйлесімі – болашақ маман үшін маңызды дағдылардың бастауы. Медициналық бағытты таңдаған жастар осылайша ерте жастан-ақ кәсіби ортаға еніп, үлкен жауапкершілікке үйренеді. Бұл – тек үйрену ғана емес, болашаққа салынған сенімді негіз. Бүгінгі оқушы – ертеңгі хирург!, – дейді биотехнология үйірмесінің жетекшісі Арай Сахы.
Оның айтуынша, мұндай заманауи LAPARO ADVANCE Лапароскопия симуляторы қала бойынша тек осы №3 Оқушылар сарайында ғана бар. Ал, физика кабинетіндегі шкивтер жүйесі (немесе полиаспас жүйесі) де шаһар бойынша баламасы жоқ құрылғы екенін айтты физика үйірмесінің жетекшісі Жайсаң Әсілова.
– Соңғы үлгідегі бұл құрылғы жүктің салмағын аз күшпен көтеру тәсілін көрсетеді, механикалық артықшылықты есептейді, тепе-теңдік пен күш моменттерін зерттейді. Бұл құрылғы арқылы оқушылар Ньютон заңдарын тәжірибе жүзінде қолдануды, күш векторларының әсерін, механикалық энергияның сақталу заңын үйренеді, – деді ол.
Сонымен қатар, физика кабинетіндегі вакуумды сорғы, 3D модельдеу кабинетіндегі 3D принтер, Кип автоматизация кабинетіндегі Күн батареясы да оқушы түгіл осындағы оқытушылардың ерекше қызығушылығын туғызыпты.
–Күн сәулесі батарея бетіндегі фотоэлементке (көбіне кремний) түседі. Фотоэлементтер күн энергиясын тікелей электр тогына айналдырады. Бұл құбылыс фотоэлектрлік эффект деп аталады. Артықшылықтары – жанармай қажет емес, тегін күн энергиясы. Экологиялық таза – зиянды қалдық шығармайды. Ұзақ мерзімді, үнемді шешім. Кемшіліктері – күн шықпаса энергия аз өндіріледі. Бастапқы құны жоғары. Ауа райына тәуелді. Қысқаша айтқанда, күн батареясы — күннің жарығын электрге айналдыратын үнемді және экологиялық таза құрылғы, – дейді мекеме меңгерішісі М. Молдабекова. Алайда, Кип автоматизация үйірмесі әлі ашылмапты.
Ал, 3D-принтер – бұл сандық модель бойынша нақты затты қабаттап жасап шығаратын құрылғы. Ол кәдімгі қағазға емес, үш өлшемде көлемді заттар шығарады. Алдымен компьютерде 3D-модель (мысалы, тіс щеткасы немесе бөлшек) дайындалады. Принтерге файл жіберіледі. Принтер материалды (пластик, металл, шайыр т.б.) қабаттап шығарады. Бірнеше минут немесе сағат ішінде зат толық жасалып бітеді. Бұл принтерді медицинада – протез, тіс, жасанды сүйек жасау үшін, құрылыста – үйдің кіші бөліктеріне, автоөнеркәсіпте – көлік бөлшектеріне, білім саласында – оқушыларға модельдер басып шығару, тұрмыста – телефон қабы, ойыншық, бұзылған бұйымды ауыстыру үшін қолданады. Қалаған пішіндегі затты жылдам жасауға, үнемді, қажет нәрсені ғана шығаруға, тәжірибе жасауға ыңғайлы.
3B Scientific Physics айналмалы қалақшалы вакуумдық насос – зертханаларда, өндірісте немесе ғылыми жұмыстарда қолданылатын екі сатылы құрылғы. Оның мақсаты — жүйе ішіндегі ауаны сорып, төмен қысым (вакуум) жасау. Құрылғыны тек тағайындалған мақсатта қолдану керек. Ішкі немесе сыртқы құрылымына өзгеріс енгізуге болмайды. Қауіпсіз жұмыс істеу үшін тек арнайы дайындықтан өткен адамдар қолдануы тиіс. Май деңгейін үнемі бақылап отыру керек. Құрылғыны құрғақ жерде, желдетілетін кеңістікте ұстау керек. Жоғары вакуум күші – екі сатылы жүйе арқасында. Қысым өлшегіші арқылы ыңғайлы бақылау. Май сүзгісімен және тұрақты табанмен жабдықталған. Ұзақ мерзімді қолдануға жарамды.
Қосымша білім беру нысаны аз уақыттың ішінде көптеген бағытта шәкірттерінің жүлделі орыннан көрінуіне себепкер болған. «Бояулар құпиясы –табиғат асыл қазына» республикалық байқауында – 12 (ІІ орын), үстел теннисінен топаралық лигадан – 2 (ІІ және ІІІ орын), бокстан қазақтың ханы К.Қасымұлын еске алуға арналған турнирде – 2 (ІІІ орын), «Бояулар құпиясы» республикалық бейнелеу өнерінен байқауда – 18 оқушы (І орын) бағын сынап, жүлделі орыннан көрінген.
Иә, қайсыбір кабинетке кірсең де, соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтар, ерекше стильдегі дизайн, «оқимын», «білемін», «үйренемін» деген ынталы балаға барлық жағдай жасалған. Спорт залдарында болашақ чемпиондар, музыкалық кабинеттерде жарық жұлдыздар, лабораторияларда келешек зерттеуші ғалымдар жаттығып жатыр. Ақпарат тасқыны алапат, смартфонға телмірген алдамшы уақытта оқушыларды ұйқысынан оятқан білім ошағында бәрі керемет, тек кадр жетіспеушілігі үйірме жұмыстарының жандануына сәл кедергі жасап жатыр. «Мекемеде 60% маман тапшылығы бар. Әсіресе, жаратылыстану бағытындағы 3д модельдеу, Кип автоматизация, робототехника, «Жас химик», гидропоника, сосын хореография, фото-видео монтаждау, журналистика, дебат үйірмелеріне жетекші келмей жатыр. Келген күнде де жалақы мөлшерін естиді де, қайта есігімізді ашпайды. Маманның жоқтығынан біраз үйірмеміз әлі ашылмады. Сондықтан, қосымша білім беру педагогтерінің жалақысын көтеру қажет. Осы кадрлық һәм қаржылық жағдайымызды шешіп берсе жақсы болар еді», – дейді меңгеруші М. Құлахметқызы.
Мөлдір КЕНЖЕБА