Шымкент қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында 203 отбасы баспаналы болды. Пәтер кілтін табыстауға арналған салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жаңа қоныс иелерін құттықтап, тұрғындарға ізгі тілегін білдірді.

Аталған тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ-ы арқылы іске асырылып жатқан «5-10-20» және «2-10-20» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде берілді. «Отбасы банк» АҚ-ы Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Еркін Ақыншаевтің айтуынша, былтыр қараша айында Бозарық шағын ауданында орналасқан 444 пәтерге конкурс өткізілген. Конкурсқа шамамен 8 мыңға жуық қала тұрғыны қатысқан.
Нәтижесінде төлем қабілетін растау және несиелік талаптарға сәйкестігін тексеру кезеңінен 203 азамат өткен. Оның ішінде әлеуметтік осал топ өкілдері «2-10-20» бағдарламасы арқылы, ал, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін азаматтар «5-10-20» бағдарламасымен баспана алған. Бүгінгі таңда аталған 203 пәтердің кілті өз иелеріне табысталды.
– Қалған 241 пәтер бойынша конкурсқа қатысқан азаматтарды төлем қабілетін растау үшін 2026 жылдың қаңтар айынан бастап кезең-кезеңімен банкке шақыру жоспарланып отыр. Бұл санатқа да әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлер басымдықпен қарастырылады, – деді Еркін Ақыншаев.
Сонымен қатар «Отбасы банк» арқылы мемлекеттік бағдарламалар келесі жылы да өз жалғасын табады. Бұдан бөлек, банктің ішкі нарықтық бағдарламалары, сондай-ақ, қаладағы құрылыс компаниялары ұсынатын тұрғын үйлерді қаржыландыру тетіктері де тоқтатылмайды.
Салтанатты рәсім барысында жаңа пәтер иелерінің бірі Нағима Молдасапарова өз қуанышымен бөлісті. Ол сегіз жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, бір бөлмелі пәтерге ие болғанына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, барша тұрғындарды келе жатқан жаңа жылмен құттықтап, әр отбасына амандық пен тыныштық тіледі.
Аталған бастама қала тұрғындарын қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған және алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ
