Редакция таңдауы

Жақсы жұмыс жөніндегі жалған уәде

Қазіргі таңда құлдық деген ұғым тек тарих бетінде қалғандай көрінеді. Алайда, өмір шындығы мүлде басқа, еңбек арқылы қанау, адам саудасы әлі күнге дейін бар. Мұның айқын мысалы – посткеңестік елдерді дүр сілкіндірген «Гольяново құлдары» оқиғасы. Бұл – шымкенттіктер үшін де сабақ алатын маңызды мысалдар. Өйткені, кез келген адам жалақысы жоғары жұмыс жөніндегі жалған уәдеге сеніп, құлдыққа түсіп қалуы әбден мүмкін.

 

Құлдық жүйесі қалай жұмыс істеді?

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Мәскеудегі Гольяново ауданында үш апалы-сіңлілі әйел өздеріне қарасты дүкендерде Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтарын мәжбүрлеп жұмысқа жеккен. Қарапайым схемамен әрекет еткен, адамдарға жақсы жалақысы бар жұмыс ұсынып, келген соң құжаттарын тартып алып, азапты еңбекке салған. Олар тәулігіне 20 сағат жұмыс істеуге мәжбүр болған. Оларға сақтау мезгілі өтіп кеткен, жарамсыз тамақ берілген. Медициналық көмек атымен болмаған. Құжаттарынан айырылған олар заңсыз иммигранттарға айналып, ешкімнен көмек сұрай алмады. Қашудың кез-келген әрекеті репрессиямен аяқталып, ал, кейбір жағдайларда полиция қызметкерлерінің өзі қашқындарды қайтарып отырған.

Бұл оқиғадағы ең жан түршігерлік жайт – әйелдерге жасалған қатыгездік. Олар жүйелі түрде зорлық-зомбылыққа ұшырап, түсік жасатуға мәжбүр болған. Ал, дүниеге келген сәбилерінен күшпен айырып отырған. Көптеген аналар балаларының қайда кеткенін жылдар бойы білмей, кейін тек олардың қайтыс болғаны жайлы хабар алған.

Жәбірленушілер антисанитарлық жағдайда өмір сүріп, медициналық көмекке мүлде қол жеткізе алмаған. Туыстарымен байланысу мүмкіндігі болмаған. Олар жұмыс істеген дүкендерде әрбір қимылды бақылап отыратын 30-40 бейнекамера орнатылған.

Тек бірнеше жылдан кейін ғана адам құқықтарын қорғаушы ұйымдардың араласуымен кейбір жәбірленушілер босатылып, адам саудасының құрбаны ретінде ресми түрде танылды.

 

Қорқынышты оқиғалар – жәбірленушілердің тағдыры

Бірінші жәбірленуші – Қазақстан азаматшасы, 2007 жылдан 2010 жылға дейін Мәскеудегі азық-түлік дүкендерінің бірінде жұмыс істеген. Оның барлық құжаттары тартып алынып, еңбекақысы төленбеген. Әйел адам тар әрі жабық қоймада тұруға мәжбүр болған. 2009 жылы ол зорлықтың нәтижесінде ұл бала босанған. Алайда, сәбиді дүкен иелерінің атына ресімдеген. 2010 жылы ол ешқандай құжатсыз Қазақстанға қашып шығуға қол жеткізеді. Жылдар өткен соң, ұзақ күрестің нәтижесінде, ол баласын қайтарып алған.

Екінші жәбірленуші – жоғарыда аталған әйелдің туған сіңлісі. Ол құлдыққа әлі кәмелет жасқа толмаған кезде түскен. 2007 жылдан 2013 жылға дейін оны түрлі дүкендерге тасып, тексеріс кезінде жасырып отырған. Қыз бала да зорлықтан кейін қыз босанған. Осы жылдар ішінде ол жиі соққыға жығылып, психологиялық қысым көріп, демалыссыз жұмыс істеген.

Үшінші жәбірленуші – Өзбекстан азаматшасы, 2005 жылдан 2012 жылға дейін дүкенде күштеп ұсталған. Оны Ресейдегі «Альтернатива» атты еріктілер қозғалысы тауып алған. Әйелдің денесінде көптеген жарақаттар – сынықтар, тыртықтар және созылмалы аштықтың белгілері болған. Оның айтуынша, ұрып-соғу тұрақты түрде болған, ал, шағымдануға тырысқан әрекеттері тек одан да қатты жазаға ұшыратқан.

Төртінші жәбірленуші – Өзбекстан азаматшасы, 2002 жылдан 2012 жылға дейін Мәскеудегі Новосібір көшесінде орналасқан дүкенде күштеп ұсталған. Он жыл ішінде ол екі баланы дүниеге әкелген, екеуі де — зорлықтың нәтижесі. Өкінішке қарай, бір баласы Қазақстанға жеткізілген соң сәби кезінде көз жұмған. Екінші баладан зорлықтың іздері мен психомоторлық дамуда тежелу белгілері анықталған. Әйелдің айтуынша, оны күніне 20 сағат жұмыс істеуге мәжбүрлеп, сәл қателігі үшін аяусыз ұрып-соққан. Дүкеннен сыртқа шығуға, тіпті, бір сәтке де рұқсат берілмеген.

Бесінші жәбірленуші – Қазақстан азаматшасы. Ол 2016 жылы алты айлық күштеп еңбек ету кезеңінен кейін қашып құтылған. Оның айтуынша, өзін үнемі қорқытып-үркіткен, депортациямен шошытқан, тамақ бермеген, ал, жұмыс істеуден бас тартқанда – физикалық күш қолданған.

Бұл әйелдердің оқиғалары – бүгінгі күнге дейін жалғасып жатқан адам саудасының сұмдығын ашып көрсетеді. Бұл – жай ғана құқық бұзушылық емес, адамдық қадір-қасиеттің аяққа тапталуы.

 

Құлдықтағы қорлық пен шындық

Құлдықта болған жәбірленушілер адам төзгісіз жағдайда өмір сүрген. Олар тар қоймаларда еденге тасталған ескі матрастарда ұйықтап, дүкенде өтпей қалған, мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен қоректенуге мәжбүр болған. Антисанитарлық жағдай мен аштық салдарынан көпшілігі түрлі ауруларға шалдыққан.

Әйелдер үнемі соққыға жығылып, жыныстық қатынасқа күштеп итермеленген. Жүктілік кезінде түсік жасатуға мәжбүр болған немесе босанған сәбилері тартып алынған.

Қашып құтылуға талпынғандар сәтсіздікке ұшыраған. Жәбірленушілер көмек сұраған полиция қызметкерлері оларды дүкен иелеріне қайта тапсырып отырған. Бұл әрекет көбінесе «ұрлық жасады» немесе «елде заңсыз жүр» деген сылтаумен жасалған.

Айта кету керек, 2002 жылы жәбірленушілердің бірі өзінің азаптаушыларын сотқа тартуға қол жеткізген. Бірақ келесі жылы – 2003 жылы – олар кешіріммен босатылып, қылмыстық әрекеттерін жалғастыра берген. Осылайша, жаңа құрбандар сол қорқынышты шеңберге қайта-қайта түсіп отырған.

 

Әділет жолындағы күрес

2016 жылғы 25 қарашада жәбірленушілер басқа да құрбандармен бірге Еуропалық адам құқықтары сотына (ЕАҚС) ресми шағым түсірді. Бұл – олардың әділдік іздеп, халықаралық деңгейде көмек сұраған алғашқы қадамы еді.

Арада сегіз жыл өткен соң, 2024 жылдың желтоқсанында Еуропалық сот бұл істі қарап, онда адам саудасының айқын белгілері бар екенін мойындады. Сондай-ақ, сот жәбірленушілерді қорғау және оларды қанау фактілерін тергеу бойынша тиісті шаралар қабылданбағанын атап өтті.

Сот шешімі бойынша, жәбір көргендерге жалпы сомасы 319 731 еуро көлемінде өтемақы тағайындалған.

Алайда, адам саудасына қатысы болуы мүмкін тұлғалардың нақты жауапкершілікке тартылуы мәселесі әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр. Бұл іс құқық қорғау ұйымдары мен халықаралық институттардың жіті бақылауында.

 

Адам саудасының жаһандық өсуі

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша, 2020 жылдан бастап әлемде адам саудасының құрбандарының саны 43 пайызға артқан. COVID-19 пандемиясы кезінде біраз бәсеңдегенімен, кейін бұл қылмыс түрі қайта үдей түскен. БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының (УНП ООН) баяндамасында көрсетілгендей, 2022 жылы адам саудасының құрбандарының саны 2019 жылмен салыстырғанда 25 пайызға, ал 2020 жылмен салыстырғанда 43 пайызға өскен.

БҰҰ бұл үрдістің басты себептері ретінде кедейлік, қарулы қақтығыстар және климаттың өзгеруін атап отыр. 2022 жылы әлем бойынша кемінде 162 ұлттың өкілдері адам саудасының құрбаны болған. Олар 128 елге заңсыз жолмен жеткізілген.

Адам саудасының ең көп тіркелген аймақтары – Солтүстік Африка мен Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері (31%), одан кейін Еуропа елдері (27%), әсіресе Орталық және Оңтүстік-Шығыс Еуропа (12%) тұр.

Балаларды саудалау фактілері де алаңдатарлық деңгейде. 2022 жылы бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда 31 пайызға жоғарылаған. Қыз балалар адам саудасының 38 пайызын құрайды. Олар тіпті табысы жоғары елдерде де сатылуда. Жалпы алғанда, әйелдер мен қыздар адам саудасының құрбандарының 61 пайызын құрайды. Ал ер азаматтар көбінесе мәжбүрлі еңбекке (45%), тіленшілікке және қылмыстық әрекеттерге тартылған.

Бұл деректер адам саудасының жаһандық проблемаға айналғанын және оны тоқтату үшін мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бірлескен күресі қажет екенін көрсетеді.

 

Шымкент тәжірибесі

Адам саудасының құрбандарына көмек көрсететін ұйымдардың бірі – Шымкент қаласында 2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Сана Сезім» құқықтық көмек көрсету орталығы. Бұл орталық бүгінге дейін көптеген жәбірленушіге заңгерлік, психологиялық және гуманитарлық көмек көрсетті. Сонымен қатар, қауіпсіз көші-қон тақырыбында семинарлар өткізіп, құлдықтан құтылып елге оралған азаматтарға баспана, медициналық көмек пен құжаттарды қалпына келтіру бағытында нақты қолдау көрсетіп келеді. Бұл – осал топтарды қорғауға бағытталған маңызды және нақты үлес.

Біз бұл мәселе бойынша Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның хатшысы Нұргүл Әлжановаға жүгіндік.

– Қазір шетелге жұмыс іздеп кететін жерлестеріміз көп. Алайда адам саудасы – тек басқа елдердің мәселесі емес, бұл біздің азаматтарға да тікелей қатысты. Осыған байланысты біз үкіметтік емес ұйымдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Ең бастысы – әр азамат өз құқығын біліп, сақ болуы керек, – деді ол.

Шымкент тәжірибесі адам саудасының алдын алу үшін қоғамдық серіктестіктің маңызы зор екенін көрсетіп отыр.

 

Адам саудасының құрбаны болмас үшін нені білу маңызды?

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы арнайы дайындық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ж.С. Сейтаеваның айтуынша, зерттеулер мен статистика әйелдердің әсіресе күш көрсету немесе қорқыту арқылы қанауға көбірек ұшырайтынын көрсетеді. Әйелдер ерлерге қарағанда үш есе жиі физикалық немесе басқа да зорлық-зомбылық көреді. Тағы бір осал топ – көші-қон жағдайындағы азаматтар, әсіресе елде заңсыз жүрген немесе туыстары мен таныстары жоқ мигранттар.

Адам саудагерлерінің айласы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олардың әрекетінде жиі кездесетін ортақ белгілер бар. Төмендегі жағдайлар сізді алаңдатуы тиіс:

-Жұмысты шетелден ұсынса, бірақ нақты шарттар мен келісімшарт көрсетілмесе;

-Паспортты «құжат рәсімдеу үшін» тапсыруды талап етсе;

-«Жылдам жұмысқа орналастырамыз» деп, виза мен рұқсатсыз жұмыс ұсынса;

-Сіздің қозғалысыңызды шектесе немесе туыстарыңызбен байланысуға мүмкіндік бермесе;

-Артық жұмыс істетіп, ол үшін ақы төлемесе.

 

Қауіптен сақтану үшін не істеу керек?

  1. Баратын ел туралы зерттеңіз. Ол елдегі еңбек заңдарын, жұмысшылардың құқықтарын және мәдени ерекшеліктерді алдын ала біліп алыңыз.
  2. Жұмыс берушіні тексеріңіз. Компания туралы ресми сайттардан, бұрынғы жұмысшылардың пікірлерінен ақпарат алыңыз. Лицензиясын, рейтингін тексеріңіз.
  3. Еңбек келісімшартын рәсімдеңіз. Келісімшартсыз жұмыс істеу – құқықсыз қалу деген сөз. Виза мен жұмыс істеуге рұқсатыңыз болуын қадағалаңыз. Жұмыс берушімен жазбаша келісімшартқа қол қойыңыз, онда құқықтарыңыз бен міндеттеріңіз нақты жазылуы тиіс.
  4. Құжаттарыңызды ешкімге бермеңіз. Жұмыс берушінің оларды ұстауға құқығы жоқ. Паспорт, виза, келісімшарт секілді маңызды құжаттардың көшірмесін жасап, оларды бөлек сақтаңыз.
  5. Жақындарыңызбен байланыста болыңыз. Орналасқан жеріңізді туыстарыңызға хабарлап отырыңыз. Жұмыс берушінің мекенжайы мен байланыс нөмірлерін қалдырыңыз. Өз елшілігіңіздің және жедел қызметтердің телефон нөмірін жазып алыңыз.
  6. Қауіп төнгенде елшілікке жүгініңіз. Егер сізге қорқыту, қысым көрсету немесе күштеп ұстау жағдайлары орын алса, елшілік немесе консулдықтан көмек сұраңыз.
  7. Құқықтарыңызды біліңіз. Баратын елдің заңдарын оқып шығып, өз құқықтарыңызбен алдын ала танысып алыңыз.

Жоғарыда сипатталған «Гольяново құлдары» трагедиясы қайталанбауы үшін, әрбір азамат сақтық шараларын ұстанып, заңды жолмен жұмысқа орналасуы қажет.

Әңгімені қорытындылай келе, бұл оқиға – жай ғана қылмыстық іс емес, бұл – шетелде жұмыс іздеген кез келген адамға төнуі мүмкін қайғылы тағдыр дегіміз келеді. Сондықтан мұндай жағдайлар туралы көп айту, ақпарат тарату – аса маңызды. Қоғамда адам саудасының нақты белгілері мен қауіп-қатері туралы түсінік артуы тиіс. Сонда ғана келесі бір адамның өмірі құлдыққа айналмайды.

Егер сізге жұмыс ұсынған кезде күдік туса, немесе жағдай түсініксіз болып көрінсе – ақпаратты қайта тексерген артық болмайды. Қателікке бой алдыру — құлдықтың құрбаны болуға әкелуі мүмкін.

Қазақстан азаматтары мынаны ұмытпауы керек. Өз қауіпсіздігіңіз – өз қолыңызда. Сақ болыңыздар. Ақпаратпен бөлісіңіздер. Осылайша өзіңізді де, жақындарыңызды да қорғай аласыздар. Біз бір нәрсені есте сақтауымыз керек. Құқықтарыңызды білу және алдын алу шараларын сақтау – трагедиядан сақтанудың ең тиімді жолы.

 

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар