Қаладағы Шымсити саябағында Ұлттық домбыра күні және Астана күніне орай жас ақындар арасында «Жеребенің жүйрігі» атты айтыс өтті. «Шымқала кештері» жобасы аясында өткізілген өнер сайысы қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Іс-шараға қала әкімдігі қолдау көрсетті.
Бұл айтыс жас дарындарды қолдау әрі ұлттық сөз өнерін дәріптеу мақсатында қолға алынып отыр. 12 ай бойы еліміздің түкпір-түкпірінен келген үміткерлер ай сайын додаға түсіп, әр кезеңде бір-бір жүйрік суырылып шығып отырды. Бұл жобаның басты ерекшелігі – ақындарды жеребе арқылы жұптап, тосыннан суырып салып айтыстыру. Жыл бойы іріктелген үздік 12 ақын финалдық айтыста бас қосып, “Жылдың жүйрігі” атағын сарапқа салды. Айтысты жүргізуші — белгілі айтыскер ақын Біржан Байтуов.
Сонымен, 12 ай бойы іріктелген 12 ақынның үздігі таңдалды. “Жеребенің жүйрігі” айтысының қорытынды кезеңінде арыстық Нұрмахан Жақып бас жүлдені иеленіп, “Жыл жүйрігі” атанды. Жеңімпазға ұлттық өнерді қолдаған демеушілер тарапынан 1 млн теңгелік қаржылай сыйақы берілді.
Айта кетсек, 6 шілде – Астана күні мен Ұлттық домбыра күніне орай қалада бірқатар мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып отыр. Мереке аясында қаламыздың мәдениет және өнер мекемелерінде де түрлі мазмұндағы іс-шаралар жоспарланған.
Тағабай ҚАСЫМОВ