12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай қалалық Жастар ресурстық орталығы «Jastar Fest» мерекелік кешін өткізді. Іс-шарада «ЖАС ВОЛОНТЕР» жобасы шеңберінде жарияланған волонтерлік ұйымдардың үздік жобалары байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Байқау ережесіне сәйкес, жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру бағытында жалпы саны 26 жоба ұсынылған болатын. Кеш барысында жобаның 5 бағыты бойынша үздік деп танылған қатысушылар арнайы марапаттарға ие болды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова волонтерлік қозғалысты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, жеңімпаздарды құттықтады.
Сонымен қатар, мерекелік кеште жастар үшін қызықты ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Сахна төрінде Gentleman және Happiness топтары, сондай-ақ, Бағлан Жолдасов өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара би кеші және әсерлі от шашу шоуымен қорытындыланды. «Jastar Fest» мерекелік кеші жастарға жарқын эмоция мен ұмытылмас әсер сыйлап, достық пен ынтымақтың мерекесіне айналды.
Т.Қасымов
