Шымкент қаласында жастар үшін ерекше әрі маңызды оқиға орын алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры – ЮНИСЕФ ұйымдастырған Волонтерлер мектебі ресми түрде ашылып, «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты кездесулер сериясының алғашқы отырысы өтті.
Аталған бастама әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсене араласып, өңірдегі еріктілер ісінің дамуына үлес қосуды мақсат тұтқан 500-ден астам белсенді жасты біріктірді.
Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл қатысып, жастарға жылы лебізін білдірді.
– Қоғамда белсенді, жанашыр, өз болашағына бейжай қарамайтын жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Волонтерлік — бұл тек көмек беру ғана емес, бұл – сана-сезім, жауапкершілік пен азаматтық борыш.
ЮНИСЕФ бастамасы жастардың бойындағы осы қасиеттерді ашуға сеп болмақ, – деді Айдын Кәрімов.
Сонымен қатар, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл өз сөзінде бұл бастама тек волонтерлікті дамыту емес, жастардың қоғамға араласу мүмкіндігін кеңейту екенін атап өтті.
– Балалар мен жастардың құқығын қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылған Волонтерлер мектебі жастардың өз дауысын естіп, нақты әрекетке көшуіне мүмкіндік береді. Шымкенттегі бұл кездесу сол ұзақ жолдағы сенімді қадам, – деді.
Ал, Ғани Бесбаев жастарға бағытталған мұндай бастамалардың білім беру жүйесімен тығыз байланысы болуы қажет екенін айтып, университет жастар бастамаларын әрдайым қолдайтынын білдірді.
Шара аясындағы бағдарламалар жастарға бағытталған тәжірибелік әрі танымдық сипатта өтті. Интерактивті пікірталастар, волонтерлердің шынайы оқиғаларымен танысу, экологиялық және әлеуметтік бастамаларды әзірлеу, шеберлік сабақтары, азаматтық ұстанымды қалыптастыру бағытындағы тренингтер және қызықты квиздер болады.
Жас қатысушылар Қазақстандағы балалар мен жастар тап болатын сын-қатерлерді талқылап, олардың құқықтарын қорғауға қатысты тың идеялар ұсынып, экологиялық жобалар жасап, оларды іске асырудың нақты жолдарын қарастырады.
Айта кетейік, бұған дейін ЮНИСЕФ Волонтерлер мектебі Ақтау мен Астанада ашылса, алдағы уақытта Алматы, Көкшетау және Семей қалаларында ашылатын болады. Жалпы 2020 жылдан бері Қазақстанда 10 мыңнан астам жас ЮНИСЕФ волонтері атанды. ЮНИСЕФ-тің волонтерлер қозғалысы бүкіл әлем бойынша 10 миллионнан астам адамды біріктіреді.
Салтанат ЖАМАЛДИНОВА