Редакция таңдауы

Жастар мәселесі: қауіпсіздік пен баспана жағдайы айтылды

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің қатысуымен өткен брифингте қоғамдық қауіпсіздік, жастар бағдарламасы, электр жарығымен қамту, қоғамдық көлік және өзге де салалардағы маңызды мәселелер айтылды.

Қаланың қылмыстық ахуалына тоқталған Сәрсен Абайұлының мәлімдеуінше, өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде
193 қылмыстық іс тіркеліп, оның 10-ы сотқа жолданған. Ең көп кездесетін қылмыстың қатарында   алаяқтық бойынша
– 38, ұрлық – 27, есірткі айналымы – 12, жол-көлік оқиғасы – 11, ұрып-соғу фактісі бойынша
10 іс тіркелген. Алаяқтықтың дені интернет арқылы жасалған. Мәселен, жалған инвестициялық жобалар, әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы сенімге кіру, өзін байланыс операторы немесе мемлекеттік қызметкер ретінде таныстыру арқылы жасалған 11 факті тіркелген. Несие рәсімдеу арқылы да екі алаяқтық қылмыс орын алған.

Қала тұрғындарына алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін күмәнді қоңырауларға сенбеу керектігі, «пәтер алып берем», «қызметке тұрғызам» деген уәделерге алданбау қажет екені ескертілді. Сонымен қатар, базар, қоғамдық көлік және көпшілік іс-шараларда қалта ұрлығы мен ұялы телефон ұрлығы белең алып отырғаны айтылды. Қылмыстық істердің ең өзектісі – есірткі заттарын тасымалдау. Қала әкімінің орынбасары қазіргі таңда жасөспірімдер курьерлік қызмет көрсетемін деп, қылмыстық іске араласып отырғанын да атап өтті.

– Есірткі заттарын таратумен ұсталғандардың көбі курьерлік қызмет ұсынған жастар екенін көріп отырмыз. Осыған байланысты ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесуге, ал жастарды күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға шақырамыз, – деді Сәрсен Абайұлы.

Баспасөз жиынында жол-көлік оқиғалар мәселесі де көтерілді. Соңғы аптаның өзінде жылдамдықты арттыру, ұялы телефонға алаңдау, жаяу жүргіншіні қағу сынды себептермен
5 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі – 2, кәмелет жасына толмағандардың скутер, самокат тізгіндеуі – 1, мас күйде көлік жүргізу бойынша – 1 іс тіркелген. Осы орайда жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау, балалардың қозғалысын бақылау қажеттілігі ескертілді.

Брифингте қоғамдық көліктердегі жолақы төлеміне қатысты да мәселе қозғалды. Маусым айынан бастап бақылау қызметі билетсіз жолаушыларды полицияға хабарлап, 102 нөмірі арқылы хаттама толтырып жатыр. 1-8 шілде аралығында
983 жолаушыға әкімшілік хаттама толтырылған. Ал, жыл басынан бері
2339 бұзушылық тіркелген. Оларға 18 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Бүгінде қоғамдық көлікке төлем қолма-қол емес, балама жүйелермен: көлік картасы, QR-код, банк картасы және мобильді қосымшалар арқылы жүргізілуде. Автобустардағы салқындатқыш жүйесіне байланысты туындаған тұрғындар шағымына да түсініктеме берілді. Бүгінде қалада күн сайын 984 автобус 82 бағытта қатынайды. Оның 845-і салқындатқыш жүйесімен жабдықталған. Алайда, газ тапшылығына байланысты кейбір бағыттарда бұл жүйелер уақытша сөндірілуі мүмкін.

– Кейбір автобустардың салқындатқыш жүйесі газ тапшылығына байланысты уақытша тоқтайды. Жаңа газ станциясының іске қосылуы бұл мәселені шешуге сеп болады, – деді Сәрсен Абайұлы.

Қазіргі таңда үшінші компрессорлық станция құрылысы жүргізілуде. Ол 2025 жылдың тамызында іске қосылады. Сонымен қатар техникалық тозығы жеткен «Ankai» маркалы шамамен 300 автобус кезең-кезеңімен жаңартылады. Қыркүйекке дейін 200 жаңа автобус жеткізу жоспарланып отыр.

Жастарды тұрғын үймен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Мәселен, «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасы аясында тіркелген
844 адамның 87-сі пәтерлерін босатқан. 187 адам жолдама алуға келмеген. 657 жас жолдама алғанымен, олардың 126-сы банкке құжат тапсырмаған. Несиеге қол жеткізгендер – 362 адам, оның ішінде 229-ына қаржы берілсе, 132-сі мақұлданып, 1-і қаралу үстінде. 78 өтініш кері қайтарылған. 91 адамның төлем қабілеті жеткіліксіз болғаны анықталған. Бұл қайтарылған пәтерлердің кейбірі заңсыз құжат рәсімдеп, кейін өтініш қалдырған азаматтардың атында баспана бар екендігі расталған. Ал, кейбір өтініштің кері қайтарылуына азаматтардың несие тарихының дұрыс болмауы себеп болып отыр.

Қаланың спорттық жаңалықтарына тоқталған Сәрсен Абайұлы, белгілі футболшы Таңат Нөсербаев «Ордабасы» футбол клубының спорт директоры қызметіне тағайындалғанын айтты. Команда Грузияда УЕФА Конференция лигасы аясында өтетін «Торпедо Кутаиси» клубымен матчқа дайындық үстінде. Жауапты кездесу 17 шілдеде Шымкенттегі Қажымұқан стадионында өтеді.

Гүлжауһар  БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар