Редакция таңдауы

Жастар марафоннан жүлделі оралды

«Ардагер өсиеті» атты республикалық жастар марафоны Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірін қамтып отыр.

Марафон Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова мемориалдық кешенінде бастау алған. Жастар бұған дейін соғыс ардагерлерімен жүздесіп, олардың хаттары мен өсиеттерін жинаған болатын. Бұл құнды мұралар кейін «Батырларға тағзым» порталына жүктеліп, Астанаға жеткен соң музей қорына тапсырылады.

Марафон аясында ұйымдастырылған сайыстарға еліміздің түкпір-түкпірінен жастар қатысып, өзара бақ сынады. Солардың ішінде Шымкент қаласының өрендері де оза шауып, жоғары жетістіктерге жетті. Атап айтқанда, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының Шымкент командасы жүлделі үшінші орынды иеленсе, Сабыр Рақымов атындағы республикалық әскери колледжінің тәрбиеленушілері бірінші орынды жеңіп алды.

Жеңімпаздар Шымкент қаласына салтанатты түрде оралды. Оларды қалалық білім басқармасының өкілдері мен ардагерлер, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Серікбай Оңбаев, жастардың ата-аналары мен ұстаздары сән-салтанатпен қарсы алды.

Жарыстан жүлделі оралған “Арыстан” әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушісі Батырхан Байдановпен сөйлескенде,  жарыстың өте тартысты өткенін және әр қатысушының жеңіске деген жігері жоғары болғанын айтты.

Шымкент қаласы білім басқармасының әдістемелік орталығының дене тәрбиесі пәнінің әдіскері Дәулет Құттиев те бұл жеңістің жастар арасында патриоттық сезімді оятудағы маңызын ерекше атап өтті.

«Осындай республикалық деңгейдегі жобалар жас ұрпақты ерлікке, елжандылыққа баулиды. Біздің шымкенттік жастардың жеңісі – тек спорттық не зияткерлік емес, рухани табыс және ол тынбай еткен еңбектің, тиянақты дайындықтың арқасы», – деді ол.

Ұрпақтар арасындағы байланыс пен тарихи жадты жаңғыртуды мақсат еткен бұл марафонның мәні зор. Шымкент жастарының жеңісі – қаншама жасөркенге үлгі, қала халқына мақтаныш болды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

 

Соңғы жаңалықтар