Редакция таңдауы

Жастарды бұқаралық спортқа баулу – маңызды міндет

Елдегі үш мегаполистің біріне айналған Шымкентте жергілікті тұрғындар арасында бұқаралық спортты дамыту – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Осы ретте бүгінде Шымкент қаласының дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясының ұжымы қала тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту мақсатында игілікті істерді атқарып келеді.

Білімді де білікті спорт нұсқаушылар таңертең қаламыздағы барлық он екі саябақта, Орталық саябағы мен «Отбасы аллеясында», Абай паркі, Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақ пен «Металлург» саябағы, қала әкімшілігі ғимараты аллеясы, «Жеңіс», «Шымкент Сити» аллеясы, сонымен қатар, Қазақстан-Түркия халықтар достастығы саябақтарында жергілікті халықпен күнделікті дене шынықтыру жаттығу жұмыстарын өткізіп келеді. Бүгінде жерлестеріміздің арасында тұрақты түрде спортпен айналысатындар саны артуда. Зейнеткерлер мен жастар жағы дәстүрлі түрде түрлі дене шынықтыру жұмыстарын жасап, өздерінің денсаулықтарын нығайта түсуде. Осылайша, сала мамандары халық арасында бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға да мол үлестерін қосуда.

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әрдайым қала тұрғындарының бұқаралық спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасап отыр. Айта кетерлігі, білікті басшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бауыржан Тұманбаев жетекшілік ететін Шымкент қаласының дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясы жаңашылдықпен жергілікті жұртшылықпен жұмыс атқаруда. Мұнда әсіресе, мақсаттары айқын жас мамандар спорт нұсқаушылары мен өз істерінің нағыз кәсіби мамандары қызмет атқарады.

– Қазір қаламызда халықтың денсаулығын жақсарту үшін бұқаралық спортты өркендету арқылы жастарды көптеп спортпен шұғылдануға баулу – аса маңызды міндеттердің бірі. Бұл ретте, қала тұрғындары арасында дене шынықтыру мен спортты өркендету жолында бүкіл ұжым болып күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Нәтижеміз бен жетістіктеріміз де жетерлік, Алдағы кезде, бұқаралық спортты ғылыми тұрғыда дамытуды қолға алып отырмыз, – деді дирекция директоры Бауыржан
Қалмұхамедұлы.

Қазір бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданатын тұрғындардың айтуынша, таңертең таза ауада дене шынықтыру, сергіту жұмыстарын ұдайы жасағанның арқасында көпшілігінің қан қысымы қалыпқа түсіп, денсаулықтары жақсарып, тіпті, аяқ-қол бұлшық еттерінің қызметі реттеле бастағандарын қуана жеткізуде. Дирекция спорт нұсқаушыларымен бірлесіп жұмыс жасағанның нәтижесінде тіпті, артық салмақтан да арыла бастағандарын да айтып отыр. Саябақтарға барып, таңертемен спортпен шынығу шымкенттіктердің өмір сүруге деген құлшыныстарын арттыруда. Күн өткен сайын мегаполис шахарымыздың тұрғындары мен жастары қаламыздағы барлық саябақтарға келіп, бұқаралық спортпен жан-жақты шұғылданушылар саны артып келеді. Сондай-ақ, азаматтар велоспортпен күнделікті айналысуды әдетке айналдырған.

Айта өтерлігі, Наурыз мерекесінде « Наурызнама» онкүндігі аясында және Халықтар бірлігі мерекесіне орай қаламызда жоғары деңгейде спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жуырда Ұлы Жеңіске 80 жылдығына орай Қазақстан Республикасының прокуратура қызметкерлері арасында спартакиада өтіп, үздіктер марапатталды. Ұжым қызметкерлерінің ат салысуымен бүгінде мектеп оқушылары арасында «Мектеп лигасы» ұйымдастырылып, онда еліміздің келешек иелері 9 спорт түрлерінен күш сынасуда. Ал, маусым айында мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін дәстүрлі спартакиада қарсаңында Шымкент қаласының дене шынықтыруды дамыту және іс-шараларды өткізу дирекциясы ұжымы сала қызметкерлері арасында өтетін жарысқа дайындық жұмыстарын бастап кетті. Баршаңызды қаладағы барлық саябақтар мен аллеяларда таңғы 6-00-ден бастап бұқаралық спортпен шұғылдануға шақырамыз.

А.ӘЙТӨРЕ

Соңғы жаңалықтар