Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту жөніндегі міндеттер жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Әкімдік қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуды, тұрғындарды жұмыспен қамтуды, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету өз қызметінің басым бағыттары ретінде таңдаған. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек осы бағыттарда атқарылып жатқан жұмыс жөнінде жан-жақты әңгімеледі.

Оның айтуынша, қалада, ең алдымен, жастарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылып отыр. «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес, жыл басынан бері 13 071 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Бұл көрсеткіш қаланың еңбек нарығында жастарды қолдау тетіктерінің тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғартады. Олардың ішінде 6 360 жас тұрақты жұмысқа орналасса, 3 533 жас мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындары арқылы уақытша жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда, 56 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 787 жас «Жастар практикасы» бағдарламасына,
1 298 жас ақылы қоғамдық жұмыстарға, 382 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 10 жас «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы аясында жұмысқа жолданған.
Брифинг барысында жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған шаралар да кеңінен сөз болды. 1 223 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқуға тіркеліп, комиссия шешіміне сәйкес 175 жасқа мемлекеттік грант берілген. Сонымен қатар, жұмыс берушілердің нақты сұранысына сәйкес 244 жас оқу ұйымдарында кәсіби даярлықтан өтсе, 70 жас тікелей жұмыс берушінің жұмыс орнында тәжірибеден өтіп, еңбекке араласқан.
Бұдан бөлек, 1 422 жас www.enbek.kz платформасы арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытудан өткен. Аталған кешенді шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша Шымкент қаласында 15–34 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,9 пайызды құрады.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай төмендеп, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айқын көрсетіп отыр.
Сонымен қатар, қалада денсаулық сақтау саласын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Қала әкімінің орынбасары №1 қалалық клиникалық аурухана ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталғанын атап өтті.
– 1971 жылы салынған бұл медициналық мекеме бүгінгі таңда жалпы аумағы 26 674 шаршы метрді құрайтын, 530 төсек-орынға арналған заманауи ауруханаға айналды. Күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылғы 6 маусымда басталып, мердігер ұйым ретінде «АртҚұрылыс» ЖШС тартылған. Жобаның жалпы құны 2,9 млрд. теңгені құрап, ғимараттың барлық инженерлік жүйелері толық жаңартылды, – деді ол.
Әлеуметтік саясатты күшейту, жастардың еңбек нарығына бейімделуін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту және медициналық қызмет сапасын арттыру – Шымкент қаласының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі басымдықтар болып қала бермек. Осы шаралардың барлығы тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және мегаполистің әлеуетін күшейтуге бағытталған.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ
