Мемлекеттік тіл – ұлттың рухани тірегі, елдігіміздің айғағы. Қазақстан Республикасында қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген сәттен бастап тіл саясатының жүйелі жүзеге асуы қоғамдағы әрбір ұйым мен мекеменің белсенді ұстанымын талап етеді. Осы бағытта еліміздің алпауыт өндірістік құрылымдарының бірі – «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы мемлекеттік тілге құрметпен қарап, оның дамуына мол үлес қосып келеді.
Тіл – тек ресми талап емес, мәдени мұра «ҚазТрансОйл» мекемесі мемлекеттік тілге тек заң жүзіндегі міндет ретінде емес, ұлттық құндылық ретінде қарайды. Компания басшылығы мемлекеттік тілді құрметтеуді ұйым мәдениетінің бір бөлігі ретінде қалыптастырып отыр.
Компания іс жүргізуде де мемлекеттік тілге ерекше басымдық берген. Яғни, бүгінгі таңда компаниядағы құжат айналымының басым бөлігі қазақ тілінде ресімделген. Ішкі бұйрықтар, есептер, қызметтік хат алмасулар мен келісімдерде қазақ тілінің қолдану аясы жылдан жылға кеңейе түскен. Яғни, «ҚазТрансОйл» ұжымы үшін қазақ тілі аударма ретінде емес, қызметтік байланыс құралына айналып келеді. Мекеме өз қызметкерлерінің тілдік біліктілігін арттыруды маңызды бағыт ретінде қарастырады. Қазақ тілін жетік білмейтін мамандарға арналған тегін курстар, онлайн сабақтар, тренингтер мен тілдік семинарлар тұрақты түрде өткізіледі. Сонымен қатар, техникалық және кәсіби терминдерді мемлекеттік тілде меңгеруге арналған әдістемелік құралдар мен сөздіктер де кеңінен қолданылады.
Мемлекеттік тілді дәріптеу, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында «ҚазТрансОйл» мекемесінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Тіл – халық жанын танудың кілті» сынды байқаулар, эссе жазу, өлең оқу, шешендік өнер жарыстарын, түрлі мәдени және танымдық іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап, курс барысында іске асыру көзделіп отыр.
Компанияның ресми сайты мен ішкі ақпараттық ресурстарында мемлекеттік тіл бірінші орында. Қызметтік хабарламалар, жаңалықтар, баспасөз хабарламалары қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Бұл – мекеменің қос тілді аудиториясын ақпаратпен қамтамасыз етіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін биік ұстайтынының айқын дәлелі.
Қорытындылай келе «ҚазТрансОйл» мекемесінің мемлекеттік тілге деген көзқарасы – құр сөз емес, нақты іспен дәлелденіп жатқан жауапкершілік пен құрметтің көрінісі. Бұл компания ұжымының тілге деген шынайы жанашырлығы мен ұлттық рухты бағалай білуінің айғағы. Ұлттық тілдің ұлықталуы – ел болашағының жарқын кепілі екенін терең сезінетін мекемелердің бірі ретінде «ҚазТрансОйл» өз ұстанымынан таймай, бұл бағыттағы жұмыстарын жалғастыра берері анық.
Гүлшахар ӨТЕБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қалалық тілдерді
оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы