Редакция таңдауы

Жазғы демалыста балаңыз бейсауыт жүрмесін

Биыл алғашқы төрт айдың өзінде Шымкент қаласында кәмелетке толмаған 15 бала өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Өкінішке қарай, оның үшеуі қайғылы жағдаймен аяқталыпты. Барлығы отбасылық қақтығыстар салдарынан орын алған көрінеді.

Бұл жөнінде бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне арналған қалалық ата-аналар жиналысында айтылды.

–Бұл – әлі күнге дейін өткен ғасырдың тәрбие тәсілдерін қолданатын ата-аналардың бар екенін көрсетеді. Қазіргі заманның баласы – басқа буын өкілі. Сондықтан ата-аналар да уақытпен бірге өзгеріп, бала тәрбиесіне жаңаша қарауы тиіс, – дейді қалалық білім басқармасының басшысы Гүлназ Сүлейменова.

Ата-аналар жиналысына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек төрағалық етті. Шараға білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар комитетінің мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, психологтар мен білім беру саласының мамандары қатысты.

Жиын барысында бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Басты мәселелер – балалардың құқықтарын қорғау, жазғы демалыс кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, суицид пен құқықбұзушылықтың алдын алу, ата-аналармен бірлескен жұмысты күшейту арқылы тәрбиелік мәдениетті дамыту төңірегінде болды. Сондай-ақ, жиында тиісті орган өкілдері жол-көлік оқиғалары мен жасөспірімдердің түнгі уақытта көшеде жүруіне қатысты деректерді келтіріп, бейне роликтер көрсетілді.

Жол-көлік оқиғалары бойынша айтар болсақ, Шымкент қаласында жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың қатысуымен 147 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 155 жасөспірім жарақат алған, 5 жасөспірім қаза болған. Ал, түнгі уақытта балалардың бақылаусыз жүруі бойынша, 2024 жылдың қорытындысы түнгі сағат 22:00-ден кейін заңды өкілінсіз ойын-сауық орындарында жүрген 556 жасөспірім, ал түнгі уақытта үйден тыс жүрген 7532 жасөспірім анықталған. 2025 жылдың алғашқы 4 айында мұндай жағдаймен 198 жасөспірім ойын-сауық орындарында, 3764 жасөспірім түнде көшеде жүргені белгілі болыпты.

– Бұл деректер ата-аналардың баланы жеткілікті деңгейде бақылауда ұстамайтынын көрсетеді. Жазғы демалыс кезінде бұл мәселе тіптен өзекті болмақ. Сондықтан ата-аналарға балаларының жүріс-тұрысын бақылауда ұстауды тағы бір мәрте ескертеміз, – деді Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов.

Қалалық жиналыста айтылған ұсыныстар алдағы уақытта нақты шешімдерге негіз болмақ. Білім басқармасы мен құқық қорғау органдарының мамандары бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады. Дегенмен осы ретте ата-ананың жауапкершілігі мен тәрбиесі ең бірінші орында екенін ұмытпағанымыз абзал болар.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Соңғы жаңалықтар